Среда, Май 1, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жазғы мектеп: оқытушылар ChatGPT дәуіріндегі білім беруге дайындалуда

Жазғы мектеп: оқытушылар ChatGPT дәуіріндегі білім беруге дайындалуда

Бүгін Жұбанов университетінде бірегей жоба бастауын алды. Университет оқытушылары мен қызметкерлері арасында өзара тәжірибе алмасу мақсатында «Жазғы мектеп» жобасы ұйымдастырылды. Жазғы мектеп барысында қатысушылар қазіргі таңдағы ең өзекті тақырыптардың бірі — «Білім беруде жасанды интеллектіні қолдану» мәселесі төңірегінде тәжірибе жинақтайтын болады.

Жобаның ашылуында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Жұбанов университеті ұжымын онлайн құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі. Министр жазғы мектептің тақырыбының маңыздылығына тоқталып, жасанды интеллектіні білім алушылар мен оқытушылар заманауи мүмкіндік ретінде қолдана білуді үйрену керектігін атап өтті.

Университет ректоры Лаура Қарабасова профессор-оқытушылардың кәсіби шыңдалуы үшін оқу орнында шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын, өзара тәжірибе алмасып, уақытты тиімді өткізу үшін жазғы мектеп үлкен мүмкіндік екеніне тоқталды.

Жазғы мектеп жобасына 100-ге жуық оқытушылар мен қызметкерлер қатысуда. Олар диалог алаңында спикерлермен бірге білім беру саласындағы ІТ технологияның қолданылуы, Chat GPT білім беруде оңтайлы қолдану, Lesson study  өткізудің кезеңдері,  тиімді силлабустарды  әзірлеу, әдеби шолу және жасанды интеллект,  жас зерттеушілерге әдеби шолуды үйрету жолдары, киберқауіпсіздік тағы басқа тақырыптарда өзекті мәселелерді талқылайды.

Айта кетейік, сонымен қатар жазғы мектеп аясында университет оқытушыларына Назарбаев Университетінің профессоры Дуйшон Шаматов, IT маман Тимур Бектұр қонақ дәріс өткізеді.