Понедельник, Апрель 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Оқу жылының жаңа табыстары

Оқу жылының жаңа табыстары

Кәсіби мерекесіне орай университетте өңірдегі мәдениет және өнер саласының көрнекті қызметкерлеріне құрмет көрсетілген кеш өткен-ді. Кешті кәсіби-шығармашылық факультеті ұйымдастырды. Құттықтау сөзінде университет ректоры Лаура Қарабасова  кәсіби-шығармашылық факультетінің университеттің оң имиджін көтеруде жасап жатқан нәтижелі еңбектерінің маңыздылығын атап, «Факультетті өнер ордасы деп атауға болады. Мұнда шынайы талант иелері шоғырланған. Өнер адамдарының жүрегі нәзік, мейірімге толы болып келеді. Сондықтан ерекше назар аударып, құрметтейміз. Өйткені өнер — тәрбие, мәдениет, ұлттық құндылық өнер арқылы беріледі», — деген болатын.
Кәсіби-шығармашылық факультеті Ғ.Жұбанова атындағы
Ақтөбе облыстық филармониясымен, Балалар және жасөспірімдер шығармашылы
қ орталығымен, Шығармашылық академиясымен, Облыстық халық шығармашылығы орталығымен, «Геолог» Мәдениет үйімен, Ақтөбе тігін фабрикасымен, сондай-ақ басқа да  көптеген  мәдени сала және өндірістік мекемелерімен серіктестік ынтымақтастықта.
Құрылғанына 30 жыл ішінде 50-ден астам спорт шебері, 50-ге таяу спорт шеберіне үміткер, вокал, дәстүрлі музыка, қол өнері, живопись бағытында әлемге танылып жүрген талант иелері кәсіби білім алған және бүгінде кәсіби білім алып жатқан факультетті педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Жайнагүл Жаншақызы Қартбаева басқарады. Білікті басшыны аяқталған оқу жылындағы жаңа табыстарымен  құттықтап барған Гүлнара Дауылбайқызы.

-Жайнагүл Жаншақызы, оқу жылының аяқталуымен құттықтаймын! Есте қалған табысты күндерін тізбелеп шығасыз ба, ең бастысын айтсаңыз болады.

— Факультетімізде ауқымды түрде ұйымдастырылған шаралар өте көп. Жаныма жақын, есте қаларлықтай бірнешеуін атап өткім келеді. «Жан жылуы» есептік-қайырымдылық концерті, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай өткізілген «Саябақтағы сазды әуен» ретро кеші, «Дене шынықтыру мен спортты дамытудың заманауи мәселелері» атты  халықаралық ғылыми — практикалық конференциясы, Академиялық ұтқырлық бағдарламасымен Үндістан елінің Хайргарх Курукшетра университетінің профессоры, халықаралық дәрежелі суретші-экслибрис Ракеш Бани мен оның шәкірті, магистр Ишу Джиндалдың жеке графикалық және экслибрис шығармашылық көрмесінің салтанатты ашылуы  т.б. Ұйымдастырылған осындай  шаралар мен үшін өзіндік ерекше әсерін қалдырады және де жұмыс берушілер, практика базаларымен, басқа жоғары оқу орындарындағы әріптестерімізбен  арамыздағы байланысты нығайта түседі. Өзімнің тарапымнан осы күндердің әрқайсысын табысты деп нақты айта аламын.

-Алдағы демалыс та жақын. Қайда, қалай демалуды жоспарлап отырсыз?

-Әзірге белгісіз. Алдағы уақытта отбасыммен бірге демалысқа шығу жоспарда бар.

-Әрине, демалыс алдында сіз басқаратын факультетте талапкерлер үшін творчестволық емтихан өтеді. Бұл да бір өнер, спорт додасы секілді. Ішінен ең үздігін таңдайсыздар ғой.

— Факультетімізде жалпы 7 білім бағдарламасы бар. 6B01401 – «Музыкалық білім», «6B11102 – «Мәдени тынығу жұмысы»,  6B01404 – «Дене шынықтыру және спорт», 6B01405 – «Визуалды өнер, көркем еңбек, графика және жобалау», 6B02101 –«Хореография», 6B02102 – «Дизайн»,  6B07207 – «Жеңіл өнеркәсіп бұйымдарының технологиясы және құрастырылуы». Соның ішінде 6 білім бағдарламасы бойынша шығармашылық емтихан тапсырылады. Біріншіден, талапкерлер орындаушылық шеберліктерін көрсетеді, екіншіден, жалпы қабілетінің деңгейін анықтау арқылы үздіктердің үздігі анықталады.

-Факультетті бітірушілер арасында танымал әншілер, спорт шеберлері көп. Түлектермен байланыс бар ма?

-Мен үнемі мамандық түлектерінің жетістіктерін айтып, таныстырып жүремін. Өздеріңізге белгілі Светлана Айтбаева, Дулат – Рита Айтжановтар, Нурбол Сайтбеков, Айбек Карагулов, Қали Әшім, Сағыныш Калмен, Индира  Раушанова т.б. түлектерімізбен араласып тұрамыз. Олардың ішінде білім алушыларға үйретері көп практик – маман болып қызмет етіп жүрген түлектеріміз де бар. Түлектеріміз әрдайым университет базасында өтетін шараларға қатысып, өз үлестерін қосып, ыстық ықыластарын білдіріп отырады.

-Кәсіби-шығармашылық факультеті университеттегі контингенті көп орта. Материалдық базасы, профессор-оқытушылар құрамы жайлы айтып өтсеңіз. Бұл факультеттегі кадр мәселесі тұрақтылығын байқаймын.

-Қазіргі таңда факультетімізде  2118 білім алушы бар. Қажырлы еңбектің нәтижесінде соңғы 5 жылдың ішінде 10 есеге өсті десек болады.
Сонымен қатар білім алушыларымыздың көрсеткіштері де көбеюде. Факультетте білім алушылардан құралған «Ақжелең» ұлт-аспаптар оркестріне (жетекшісі Ph.D. А.Ы.Раимбергенов), «Музыкалық білім» мамандығы студенттерінен құралған «Студенттік хор» ұжымына (жетекшісі практик–маман М.О.Куспанов), «Хореография» мамандығының студенттерінен құралған «Самғау» би ансамбліне (жетекшісі оқытушы, магистр А.С.Қалдыбаева), кафедра мамандықтарынан құралған аспаптық-эстрадалық «Ел мұра» тобы (жетекшісі оқытушы Ғ.А.Абдирова), «Делиция» тобы (жетекшісі, оқытушы А.Е.Карагулов), «Луар» триосы бар.
Ал, жалпы факультет бойынша 88 профессор-оқытушылық құрамы жұмыс жасайды. Олардың ішінде педагогтік тәжірибесі мол, дәрежесі үлкен оқытушыларымыз көп. Факультет ұжымының  ауызбіршілігінің арқасында біраз жетістіктерге жетіп келеміз. Өйткені көш бастап, жол көрсетіп келе жатқан осы ұлағатты ұстаздарымыз. Сонымен қатар, өнерімен университет имиджін көтеріп, шет елдерге паш етіп жүрген  оқытушыларымыз да аз емес,  атап айтсақ, А.Раиымбергенов, М.Жақсығарина, Т.Ботагариев, М.Куспанов, С.Кубиева, Н.Мукеева, Ж.Зейнуллина, М.Шаштыгарин, М.Сутеева, А.Муса, Ә.Кулмагамбетов, М.Кургамбеков, С.Мухтаров  т.б.
Факультеттің материалдық базасы өте жақсы. 11  атаулы кабинеттеріміз (оның ішінде 9 кабинет демеушілер көмегімен жасақталды),  спорттық нысандар, шеберханаларымыз бар.

-Өнерге жаныңыздың жақындығын көріп жүрміз. Өзіңіз туралы, қызметтегі емес, жалпы өмірдегі Жайнагүл Жаншақызы жайлы білсек.. Сосын Жанша Қартбаев деген елге сыйлы ақсақалды естуіміз бар. Әкеңіз болар?

-Иә, кәсіби әнші, биші болмасам да өнерге деген құштарлық бала кезімнен қалыптасқан.  Арманым болып еді десем де болады. Отбасымызда үлкен әжем жыршылардың дәстүрлі ән-жыры жинақталған күй табақтарын  қосып қоятын. Сол әуендер әлі күнге дейін құлағымда. Ия, Жанша Қартбаев менің әкем! Біз үйде әкеміздің қас-қабағына қарап өстік. Мен өзім әкемнің қызымын. Әкеммен мақтанамын. Бала кезімнен «Жаншаның қызысың ба?» деген сұраққа көкірегімді қуаныш кернеп, мақтанып, «Иә» деп жауап беретінмін. Әкем тік мінезді, бір сөзді, бетке тіке айтатын шыншыл, еңбекқор адам еді. Менің өмірдегі идеалым әкем болды! «Өмір – темір» шежіресінің авторы. Отбасымызда әкемнің айтқан сөзі екі рет қайталанбайтын. Анам әкемнің берген тапсырмаларын үнсіз ұйымдастырып отырушы еді. Анам кішіпейіл, мәдениетті,  ұқыптылықты жақсы көретін, үлкеннің алдын кесіп өтпеген,  өте қарапайым жан болды. Менің бойымдағы қасиеттер ата-анамның осы қанынан дарыған болар.

-Эстетикалық  талғамыңыз  ерекше,  кім әсер етті?

-Әдемілікті, тазалықты жаным сүйеді. Әр заттың өз орнында тұрғанын ұнатамын. Әр шараны ұйымдастыруға жауапкершілікпен қараймын. Өзгеше бір затты көріп қалсам, сол заттан бірнеше туынды жасағанша асығып отырамын. Ашық түсті заттарды өте қатты жақсы көремін. Бұл дарындылық табиғатымнан болар. Қанша қиналсамда «менде бәрі тамаша» деп күліп жүруге тырысамын.

-Жаңа оқу жылында жолыққанша, аман болыңыз. Сұқбатыңызға рақмет!

 

Zhubanov University облыстық-ақпараттық танымдық газеті

№5 (485), 2023 жыл