Понедельник, Апрель 29, 2024
Басты > Ел жаңалықтары > Бүкіл студенттер жасанды интеллект бойынша курс оқуға міндеттеледі

Бүкіл студенттер жасанды интеллект бойынша курс оқуға міндеттеледі

Қазақстанның жоғарғы оқу орындарының оқыту бағдарламасына жасанды интеллект бойынша міндетті курс енгізіледі. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елордада жоғары білім және ғылым форумында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Келешекте жасандық интелектіні меңгерген мамандар сұранысқа ие болады, ал игермегендер – жұмыс орындарынан айырылады. Сондықтан, естеріңізде болса бірінші стратегияны цифрлық сауаттылық ұғымынан бастаған едік. Барлық жерде цифрлық сауаттылық болуы керегін айттық. Өздеріңіз көргендей, бір жылда әлемде үлкен өзгерістер болды, біз енді цифрлық емес, жасанды интеллект саласында сауатты болу керегін айтып жатырмыз. Біз қазір Google компаниясымен бірлесіп, жасанды интеллект сауаттылығы жөніндегі курсты пысықтап жатырмыз», — деді Саясат Нұрбек.

Министрдің айтуынша, келесі айдың соңында Нью-Йоркте келісімшарт жасалуы мүмкін және келесі оқу жылынан бастап барлық студенттер міндетті түрде жасанды интеллект жөніндегі курсты оқиды.

«Біздің ұстанымымыз — оны міндетті ету, өйткені барлық студент оқуын аяқтағанда жасанды интеллект саласында негізгі құзыретке ие болады. Бұл инновациялық курс болады, өйткені әлемде жоқ», — дейді Ғылым министрі.

Айта кетейік, Астанада тұңғыш рет жоғары білім және ғылым форумы өтіп жатыр.

Форумның тақырыбы елдің экономикалық өсуінің негізі ретінде адами капиталды дамытуға арналған.

//www.inform.kz/kz/