Понедельник, Апрель 29, 2024
Басты > Білім > Бағдарлау аптасы: Жұбанов университеті жаңадан түскен студенттерді қарсы алды

Бағдарлау аптасы: Жұбанов университеті жаңадан түскен студенттерді қарсы алды

Биыл Жұбанов университеті студенттерінің қатары төрт мыңға жуық білім алушылармен толықты. Оның ішінде жаңадан ашылған Heriot-Watt факультетіне үш жүз студент қабылданды.

Жаңадан оқуға түскен студенттер үшін университетпен танысып, оқу процесі туралы ақпарат алу үлкен маңызға ие. Осыған орай Жұбанов университетінде 28 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында бірінші курс студенттеріне арналған бағдарлау апталығы өткізілуде.

Бүгін бағдарлау аптасы аясында бірінші курс студенттері университеттің Басқарма мүшелерімен кездесті. Кездесу барысында университеттің проректорлары академиялық білім беру жүйесі, студенттердің ғылыми-практикалық жұмыстарын ұйымдастыру, жастар саясатын дамытуға үлес қосу, студенттік ұйымдарға белсене атсалысу тағы да басқа оқу жүйесіне қатысты мәселелер жайында баяндады. Сонымен қатар бірінші курс студенттері кредиттік технология бойынша оқу процесі қалай жүретінін, университеттің ішкі тәртіп ережелері жайлы сұрақтарына жауап алды.

Айта кетейік, сондай-ақ апталық аясында студенттерге психологиялық тренингтер, кампус-тур өткізіліп, жастардың қоғамдық-саяси өміріндегі жетістіктерімен, кампустардың материалдық-техникалық базасымен таныстыру жүргізілді. Олар академиялық сапаны арттыру, студенттерге қызмет көрсету орталығы, ғылыми кітапхана, университет емханасы, студенттерге арналған түрлі бағыттағы клубтар және факультеттер туралы жалпы мәліметтер алды.