Понедельник, Апрель 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Білім саласына тың серпіліс берді

Білім саласына тың серпіліс берді

Лаура ҚАРАБАСОВА,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында әдеттегідей еліміздің экономикалық дамуы, халықтың әлеуметтік жағдайын күшейту мәселелерімен қатар, білім саласын дамыту мәселесіне де тоқталды.

Жолдауда Президент ІТ саласын дамыту бойынша жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалану білім экономикасына тың серпін беретінін атап өтті. Бұл орайда Құдайберген Жұбанов атындағы өңірлік университеті жанында академиялық артықшылық орталықтарының ашылуы жоспарланып отыр. Соның шеңберінде 6 зертхана өз жұмысын бастайды, олардың ішінде мәліметтерді өңдеу және нейрондық желілер лабораториясы бар. Осы жобаны жүзеге асыру барысында жасанды интеллект әдістері, нейротехнологиялар және бизнес аналитика саласында іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізілетін болады және оларды әртүрлі салаларда қолдану жоспарланып отыр. Сондай-ақ күрделі жүйелерді экономика, қаржы салаларында есептерді шешуге қолдану, мәліметтерді интеллектуалды өңдеу технологиялары көмегімен шешімдер қабылдау негізгі дамытылатын құзыреттіліктер қатарында болмақ. Машиналық оқытуға негізделген IT сервистерді жасақтау да жоспарда бар.

Алдағы уақытта оқу орнындағы лаборатория жанында елімізге жасанды интеллект саласында әлеуетті кадрлар даярланатын болады, әріптестеріміз академиялық артықшылық орталықтары жобасы шеңберінде нейрондық желілер және жасанды интеллект бойынша білімдерін алдыңғы қатарлы шетелдік жоғары оқу орындарында жетілдіреді.

Жолдауда айтылған техникалық мамандар жетіспеушілігі мәселесі де біздің өңір үшін өте өзекті. Биыл университетіміздің базасында ашылған Heriot-Watt техникалық университетінің филиалына техникалық бағыттағы үш білім беру бағдарламасы бойынша 300 студент қабылдадық. Оның ішінде «компьютерлік инженерия» мамандығы бойынша талапкерлер тарапынан қызығушылық басым болып, 157 студент оқуға түсті. Аймақтағы серіктес «Ақтөберентген», Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, «Қазақойл Ақтөбе» компаниялары тағы басқа ірі өнеркәсіптер түлектерімізді жұмысқа қабылдауға дайын.

Айта кетейік, Heriot-Watt University — робототехника және автономды жүйелер саласындағы әлемдік көшбасшы. Университет — адамдар мен роботтар арасындағы өзара әрекеттесуді зерттейтін Ұлттық роботариумның негізін қалаушы.
Heriot-Watt университетімен ынтымақтастықтың арқасында қазақстандық студенттерге халықаралық деңгейдегі қос диплом алу мүмкіндігі беріледі. Сонымен қатар білім алушылар Қазақстан мен Ұлыбританияның жетекші профессорлары өткізетін сабақтарға қатыса алады. Қазіргі таңда университетіміз академиялық ұтқырлық бағдарламаларын әзірлеуде. Бұл университет студенттерінің, оқытушыларының Heriot-Watt университетінің базасында білім алуға, озық ғылыми зерттеулер мен халықаралық жобаларды жүргізуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы өскелең ұрпақтың психикалық саулығы өте маңызды екенін, білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет екенін де атап өтті. Студенттерді әр кез әлеуметтік және психологиялық қолдау — біздің университеттің басым бағыттарының бірі. Бұл ретте университетте психолог мамандарды даярлайтын кафедрамен қатар, «Денсаулық және салауаттылық» орталығы жұмыс істейді. Орталықтың арнайы психолог-мамандары жастарға жеке қабылдаулар, тренингтер өткізіп тұрады.

Жолдауда айтылған отандық білім беру сапасын арттыруға бағытталған мәселелер білім беру жүйесінің еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек екенін айқындайды. Біз бұл ретте ары қарай жұмысты жалғастыратын боламыз.

 

//aqtobegazeti.kz/