Понедельник, Апрель 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Серіктестік аясында дуалды оқыту жүзеге асады

Серіктестік аясында дуалды оқыту жүзеге асады

Бүгін Жұбанов университеті мен «Қазпошта» акционерлік қоғамының Ақтөбе облыстық филиалы басшылары өзара әріптестік ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды.

Кездесуде университет ректоры Лаура Қарабасова оқу орны өңірдегі көптеген ірі жұмыс беруші компаниялармен кадр даярлау ісінде және ғылыми-зерттеу бағытында бірлесе жұмыстар атқарып келе жатқанын атап өтті. «Жұбанов университетін жыл сайын төрт мыңнан астам түлек бітіріп шығады. Соған сәйкес жаңа оқу жылына төрт мыңға жуық студентті қабылдадық. Әсіресе талапкерлер тарапынан ІТ мамандығына сұраныс көп. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес университет базасында ашылған ұлыбританиялық Хериот-Уатт университетінің филиалына ІТ бағыты бойынша 160 студент оқуға түсті. Компания тарапынан сұранысқа ие мамандарды бірлесе даярлауда біздің мүмкіндігіміз мол. Серіктестігіміз жақсы нәтиже беретініне сенімдімін», — деді университет басшысы.

Өз кезегінде «Қазпошта» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры Шынар Нұрмұхамбетова «Қазпоштаның» қазір жақсы қарқынмен дамып келе жатқанына тоқталды. Дегенмен компанияда білікті кадрлардың тапшылығы өзекті мәселе екенін алға тартты. Университетпен серіктестік барысында компания дуалды білім беру жүйесі негізінде жоғары курс студенттеріне жалақы төлеуге дайын екендіктерін жеткізді.

Сонымен қатар тараптар басқосу барысында алдағы уақытта «Қазпошта» АҚ өкілдерінің қатысуымен қонақ дәрісін өткізу, мәдени іс-шараларды жүзеге асыру, тек компьтерлік инженерия емес, тіл мамандығында оқитын студенттерді де жұмысқа тарту, білім алушылардың өндірістік практикасын тиімді ұйымдастыру мәселелерін талқылады.