Четверг, Май 2, 2024
Басты > Жастар саясаты > Географияға қызығушылығым әлемді шарласам деген арманымнан басталды

Географияға қызығушылығым әлемді шарласам деген арманымнан басталды

Айдын БАЛГАБЕКОВ

Zhubanov University
«География-Тарих» мамандығын бітіруші, «Үздік диплом» иегері

География-Тарих қос білім бағдарламасын бітіріп жатыр екенсіз. Екеуі бөлек ғылым, бірақ тоғысатын тұстары да бар. Жетістіктеріңізге қарап, географияға көбірек көңіл аударғаныңыз байқалады..

-Ия. Бала кезімнен географияға​ қызығушылығым әлемді шарласам деген арманымнан басталды. Мектеп қабырғасынан бері түрлі пәндік олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындар алып келемін. Бірақ тарих ғылымы да ұнайды. Әрбір адам өз елінің тарихын біліп, басқаға жеткізуге міндетті деп ойлаймын.

Қарағанды облысынан келіп оқыған екенсіз. Білім беру сапасы бойынша еліміздегі алдыңғы қатардағы өңір деп естідім. Ақтөбеге келу не себептен болды екен..

-ҰБТ-да алған балдық көрсеткішім кез-келген педагогикалық университетке грантқа түсуге жетіп тұрғанына қарамастан Ақтөбеге келуді жөн көрдім. Жеке дамып, жетілуім үшін алыс өңірде оқығым келді. Оның ішінде батыста. Ал батыс Қазақстанда ең жақсы деп саналған университет Ақтөбе қаласында болды.

География пәнін оқытуда қандай жаңашылдықтар енгізілген? Негізі адамның таным өрісін кеңейтетін қызықты пән ғой.

-География пәні өте қызық әрі кешенді пән. Жан-жақты әлемді тануға көмектеседі. Ал жалпы қазіргі жаңа спиральді оқу бағдарламасы оны оқыту үшін өте тиімді. Спиральді оқыту арқылы оқушылардың географияға кіріспеден күрделі тақырыптарына дейін қадам-қадаммен, жеңіл түсінулеріне мүмкіндік береді.

Видео түсірумен шұғылданамын дейсіз. Географқа бұл білік керек дағды деп ойлаймын. Көбіне видеотақырыбыңыз сұлу табиғат болар?

-Видеоға қызығушылық тікелей географиямен байланысты. Бала күнімде NATIONAL GEOGRAPHIC, Animal Planet сияқты арналардан табиғатты тамашалайтын едім. Ал қазіргі күнде сол табиғатты өз видеоларым арқылы көрсетіп жүрмін. Менің арманымның бірі -Қазақстанның сұлу табиғатын әлемге танытып, еліміздегі туризм саласын дамытуға үлес қосу

Маман болып жетілуіңізге еңбек сіңірген ұстаздарыңызға қандай тілек қалдырасыз?

-Барша ұстазға айтар алғысым шексіз. Олардың әрқайсысы өз бағытында маман дайындауда тер төгіп жүр. Еңбектеріне береке мен табыс тілеймін!
Студенттік жылдар табысқа толы болды. 2020 жылы географиядан Өскеменде өткен XII Республикалық олимпиадада 3 орын, 2021 жылы географиядан Қостанайда өткен XIII Республикалық олимпиадада 3 орын, 2022 жылы географиядан Көкшетауда өткен XIV Республикалық олимпиадада 1 орын, 2023 жылы, биыл да географиядан Павлодарда өткен XV Республикалық олимпиадада 2 орын алдым. Осы жетістіктерім ұстаздарымның маған берген білімінің нәтижесі.

Гүлнара Қараша
Zhubanov University облыстық газеті, № 6(486), маусым, 2023 ж.