Четверг, Май 2, 2024
Басты > Жаңалықтар > Туған күнім — Конституция күні

Туған күнім — Конституция күні

Zhubanov University «Педагогика, психология және бастауыш оқыту» кафедрасының аға оқытушысы Асия Болатқызы Наренова 30 тамыз — Ата заң күні мерекесінде дүниеге келген бақытты жандардың қатарында. Ұстаздық тұлғасы бойына жарасқан, салмақты жүзінен мейірім нұры төгілген, кәсібіне адалдығы үлгі оқытушыны студент шәкірттері аса құрметтейді. Ел мерекесі мен жеке мерекесін қатар тойлайтын ұстаздан сыр тартқан журналист Гүлнара Қараша.

— Бүгін​ Қазақстан Республикасы Конституциясы күні, барша отандастар үшін қадірлі мереке және бүгін сіздің туған күніңіз. Құттықтаймын! Бұл сәйкестік сізге ерекше қуаныш сыйлайтын болар?

-Рақмет! Әрине, туған күн үлкен-кіші үшін жеке меншік, көңілді қуанышқа толтыратын мереке ғой. Оның үстіне​ үлкен маңызы бар мерекемен тұстас болса туған күннің​ ерекшелігі арта түседі. Осы күні мені құттықтап келетін тума –туыс, бауырларым, кластастарым, группаластарым айтып жатады, сенің туған күнің дәл Ата заң күні, өзіңе үйлеседі, сен тәртіппен, заңмен жүретін биязы мінезді, өте ұқыпты, сабырлы адамсың ғой деп айтып отырады, ал мен «заң бәрімізге ортақ қой» деп жымиямын. Конституция күні менің туған күнім екені қуантады,
еліміздің​ бас мерекесі патриоттық рухымызды көтеретін, адами және ұлттық құндылықтарымызды сақтаудың негізі болып табылатын айбыны асқақ мереке.

Ия, Конституция адами құндылықтардың құқықтық тұрғыдан сақталуының негізі. Ата заңымыздың ізгілігі жайлы не айтар едіңіз?

-1995 жылдың 30 тамызында Қазақстан Республикасының Ата заңы қабылданды. Тоғыз бөлім мен тоқсан сегіз баптан тұратын Ата заңның алғашқы бабы: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» – деп басталады. Бұл мемлекетімізде адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарының өте жоғары дәрежедегі құндылық ретінде бағаланатындығының айқын дәлелі.
Еліміздің Ата заңы халқымыздың дербес ел болуды армандаған, мүддесін заң тілінде айшықтаған, жер шарына, адамзат ғаламына «Қазақстан» деген мемлекет бар екенін паш еткен ерекше құжат.
«Конституция» сөзі латынның «constitucio» сөзінен шыққан «орнықтыру» деген мағынаны береді. Конституция — мемлекеттің негізгі Заңы. Осы негізгі заңда мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары, адамның аталған құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруда ешкімнің оны бұзбауға, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдерімен қорғалатыны, қадір — қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге, не жазалауға болмайтыны, әркім өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға, өмір сүруге құқығы бар екені нақты көрсетілген.
Ата заңымыздың өзгешелігі Қазақстан Республикасының тәуелсіз дамуының мемлекеттік тұғырын, басқару тәсілін, билік тармақтарын бекітіп, «байырғы қазақ жерінде мемлекет құрылғанын» жария етті. Конституция бізге, адамдық қадір — қасиетімізге қол сұғылмауына, тіліміз бен дініміздің дамуына, ар-ождан бостандығын қорғауға, адал еңбегімізбен тапқан мүлкіміз бен меншігімізді сақтауға кепілдік береді. Сондықтан құқықтық мемлекет, заңның жоғарғы мәртебелілігі, Конституцияның мызғымас беріктігі, ұлттық идеологияның негізі және түп қазығы екенін әрбір Қазақстан Республикасының азаматы білуге міндетті.
Мемлекеттің тәуелсіздігін нығайту және экономикалық реформаларды жүргізудің басты құралына айналған бұл Ата Заң адамдардың барлық азаматтық құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ете отырып, олардың өздерінің мемлекеттің сенімді қорғауында екенін терең сезінулеріне жағдай туғызды. Осы арқылы қазірде бүкіл қылмыстық-құқықтық саясатты ізгілендіру үрдісі де жүзеге асырылуда. Халқымыздың өмірі мен тұрмыс — тіршілігін реттеп отырған заңдар тарихына келер болсақ, есімізге «Жеті Жарғы» бірден келеді. Киелі «жеті» санына негізделген «Жеті Жарғының» құқықтық ауқымы өте кең. Қазақ тілінде «жарғы» сөзі жиі қолданылады. Мәселен, «Жарғы» — шешім, «жарғышы» — билік айтушы. Қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарының жинағы болып саналған Тәуке ханның «Жеті жарғысында» қазақ хандығының ыдырау қаупінің тууына байланысты, елдің ауызбірлігін арттыратын шаралар қарастырылып, қазақ қоғамының дамуы мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ете алатын жаңа заңдар жүйесін қажет еткен. Тәуке хан бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі әдет- ғұрып заңдары мен өзінен бұрынғы хандардың тұсында қабылданған «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» одан әрі жетілдіру арқылы жаңа заң жүйесін жасауға тырысқаны, біздің сонау көп жылғы тарихымыздан белгілі.
Қазақстан Республикасының Конституциясы қазіргі кезеңде қазақ елінің бірден бір ажырамас бірлігінің символы және оның заңдық тұрғыдан қарағанда құқықтық қамтамасыз етуші негізгі бас құжаты болып отыр. «Бірлік бар жерде тірлік бар», демекші бұл дүниеде тату-тәтті тіршілікке, ынтымаққа жетер ештеңе де жоқ. Демократиялық құқықтық мемлекет құру жолындағы Конституцияның ролі өміршең болатындығы ешқашан да күмән туғызбайды.
Еліміздің заңдарын өмірге келтіруде зор еңбек сіңірген көрнекті заңгер Сұлтан Сартаев: «Тәуелсіздік алған елге бірлік керек. Заманымыздың қиыншылығына қарай ақылдан бұрын ашу жүрмесін. Ашу кернеп, жалаң тілді алға салмайық. Әр істеген ісімізде ой қорытындысы, парасаттылық болсын. Әлеуметтік, саяси, экономикалық бостандықты орнықтыру, жаңалыққа жол ашу үшін күпірлі сөзден аулақ болып, дүбірлі ортақ істің бабын баптап, халқымыздың қажыр-қайратын жасампаздық арнасына бағыттап, ел алдындағы парызымызды орындайық, қарызымызды қайтарайық», — деген болатын. Міне, осындай ұлы мақсаттарды орындау жолында жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелейтіндей неғұрлым ізгілікті жетістіктерді пайдалана отырып, Конституциямыздың әлеуетін арттыра берейік.

Түптеп келгенде адам өмірінің барлық кезеңі, білім алуы, еңбек етуі, зейнетке шығуы, т.б. Ата заңда негізделеді. Тәуелсіздік алған соң, Конституция алғаш қабылданған жылы сіз жас педагог едіңіз. Бүгінде еңбегіңіздің зейнетін көріп жатсыз. Тәжірибеңіз жаңа заман педагогтарын дайындауда өте құнды деп есептеймін. Уақыт лебін қалай сезінесіз?

-Ой қайран жастық, шынымен де мен ол кезде небәрі 31 жаста едім. Қандай бақытты, белсенді керемет уақыт десеңші. Уақыт лебі ой елегінен өткен сайын​ эмоцияға ерік беріледі.
Ақтөбе педагогикалық институтына 1991жылы 22 қарашада «Мектепке дейінгі педагогика және психология» кафедрасына оқытушылық қызметке қабылдандым.
1991-1997 жылдар аралығында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық институтының «Мектепке дейінгі педагогика және психология» кафедрасында, 1997-2000 жылдар аралығында Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің «Бастауыш мектеп және мектепке дейінгі тәрбие»​ кафедрасында оқытушылық, 2000-2004 жылдар аралығында «Педагогика және психология» кафедрасында аға оқытушылық және 2004 жылдың сәуір айында Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты қайта құрылғаннан бастап «Педагогика және педагогикалық психология» кафедрасында аға оқытушылық​ және Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының Ғылыми кеңесінің 2008 жылғы 30 маусымдағы шешімімен ДА № 070, доцент академиялық атағына ие болып, қызметімді 2013 жылдың қыркүйек айына дейін өте нәтижелі атқардым.
2009 жылы маған​ Үздік оқытушы (Куәлік № 35) атағы берілді.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті қайта құрылғаннан бастап «Педагогика, психология және бастауыш оқыту» кафедрасында аға оқытушылық қызметімен зейнеткерлікке шығып, 2023 жылға дейін жұмысымды жалғастырып келдім.
Өзімнің ғылыми-педагогикалық қызметім аясында  100-ден астам ғылыми-әдістемелік мақаланың, 4 электронды оқулықтың, 3 оқу-әдістемелік және 4 оқу құралының, «Психология», «Педагогика» , «Тәрбие жұмысының теориясы мен әдістемесі» пәндері бойынша жаппай ашық онлайн курсынан​ видео-дәрістердің​ авторымын.
Еңбегіме лайықты әр жылдарда талай рет Ректордың және білім беру мекемелерінің Алғыс хаттарымен, Құрмет грамоталарымен марапатталдым.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне 50 жыл мерекелік медалімен​ (Куәлік № 218, 13.05.2016ж) наградталдым.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті Ғылыми кеңесінің 2020 жылғы 30 қыркүйектегі шешімімен маған Еңбек ардагері медалі (Куәлік № 147) берілді.

Ұстаздық — өмір бойы үйрену. Меніңше солай сияқты. Оның үстіне қазір білім беру технологиясында көп өзгеріс бар ғой.

-«Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» — деп француз ойшылы Жан Жак Руссо айтпақшы, ұстаздардың еңбегі ерен.
«Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған.
Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару екінің бірінің қолынан келе де бермейді.
Ұстаз болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік қасиетін баланың бойына дарыту.
Ұстаз болу – шәкіртке ата- анасындай тәрбие беру.
Ұстаз болу – жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын көрсету.
Жаңа педогогикалық технологиялар арқылы бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны қалыптастырудың жаңашылдығы ерекше. Ақпаратпен жұмыс істей алу білімін қалыптастырады және қатынас жасау қабілетін туғызады. Жаңа таным құралдарын пайдалануға және ұйымдастыруға жағдай жасайды. Білім беруді ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз етеді. Студенттер өзіне қажетті ақпаратты жедел түрде алады. Білім сапасын арттыруға септігін тигізеді. Студенттердің танымдық қызығушылығын арттырады, ой-өрісін, дүниетанымын кеңейтеді. Алған білім негізін дамыта отырып студенттердің шығармашылық деңгейін шыңдап, жетістіктерге жетуіне көмектеседі. Жаңа ақпаратты жинақтап салыстырып, жүйелеп, нақты қорытынды жасап дәлелдейді. Алған білімін талдап, жинақтап, жүйелілікке қалыптасады.
Кәсіби міндетім — ұстаз​ болғандықтан студенттердің ақыл-ой ынтасын көтеріп, білімді меңгеру ынтасы мен дағдысын қалыптастыру, ойлау қабілетін шыңдау, сөйтіп жан-жақты дамыған, жаңаша, тәуелсіз ойлай алатын, білімді мамандар​ тәрбиелеп шығару. Жаңашыл ұстаз​ ретінде студенттерге жан — жақты білім беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік ақпарат кеңістігіне шығуға, бәсекеге қабілетті мықты маман тәрбиелеу –​ басты парызым деп есептеймін.​

Туған күніңізде сіз өсіп, бой жеткен, ақыл тоқтатып, кемел жасқа жеткен ортаңыз жайлы да сұрағым келеді. Бұл күні егде жаста жүректі сағыныш сезімдері кернейтіні рас қой.

-Иә, әрине кейбір сәттерде​ жүректі сағыныш сезімдері кернегенде көңіл де босайтыны бар, өткеннің қайтып келмейтіні рас. Қай заманда болсын, ұстаздарға құрмет жоғары болған.
«Адамның адамшылығы — жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық демекші, менің де өз педагогикалық іс-әрекетім мен тәжірибем өткен ғылыми- педагогикалық, академиялық ортам бар. Ол Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, бұрын институт болды, бұл ғылыми зиялы ортадан алғаным өте көп, 42 жылғы педагогикалық, ұстаздық жұмысымның 32 жылы осы үлкен қара шаңырақта өтті. Бұл жоғары оқу орнына сонау 1978 жылы 18 жасымда студент болып келіп, әже болып зейнеткерлікке шықтым.
2005 жылы 28 наурызда жолдасым Берік өмірден өтті, ол № 6 Ғ. Ақтаев атындағы​ орта мектепте Дене шынықтыру пәнінің​ мұғалімі болды. Шүкірмін, қызым Ботагөз осы университеттің шетел тілдері факультетін тәмәмдап, қазір «Tengizchevroil» компаниясында қызмет атқаруда, ал ұлым Бауыржан да осы​ университеттің техникалық факультетін тәмәмдап, Ақтөбе қаласындағы АЗФ заводының бас маманы. Келінім​ Айгерім облыс әкімдігінде қаржы бөлімінің бас маманы, екі немерем ба: Темірлан мен Дінмұхаммед өсіп жатыр.
..Ең алғашқы дәріс сабағым да жадымда,​ «Мектепке дейінгі балалардың қарапайым математикалық түсініктерді қалыптастыру» пәнінен 1991 жылы «Мектепке дейінгі педагогика және психология» кафедрасында бастадым. Сол кезде кафедра меңгерушісі педагогика ғылымдарының кандидаты Нелья Ильинична Кустова өте білікті маман болды. Осы кафедрада бірге жұмыс жасаған мықты мамандар — Урмурзина Баян Газизовна, Досжанова Светлана Ермекбаевна, Туребаева Клара Жаманбаевна, бірге басымыз қосылса, сонау жастық шағымыздағы ұстаздық жолымызды сағынышпен еске алып, мәз боламыз, ол қызықты кезеңге ештеңе де жетпейді, сондай ыстық сәттер есімізде жатталып қалды, бірақ уақыт тез өтіп кетті.​ Кейін «Бастауыш мектеп және мектепке дейінгі тәрбие»​ кафедрасын көп жылдар бойы педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Сембай Ерғалиұлы Қаңтарбай басқарды. Басқа факультеттегі әріптестеріміз үнемі біздерді Қаңтарбаевтың қыздары деп атайтын еді. Ең алғашқы Наурыз мерекесін тойлаған сәт те есіме түсіп тұр, өте керемет сценарий құрып, Қалима Сағынқызымен бірге үлкен жауапкершілікті, мерекені өткізіп, сол кездегі ректорымыз,​ марқұм Мұхтар Ғалиұлы Арынов ағамыздың алғысына бөленіп, қуанған сәтім де есімде.
Дүниедегі мамандық атаулының төресі мен үшін — ұстаздық.​
Өзімнен тәлім – тәрбие алып, қанаттары талмай самғап жүрген шәкірттеріммен де мақтанамын, оларға үнемі шығармашылық жетістіктер тілеймін, олар университетіміздің ректоры Лаура Чапайқызы Қарабасова, проректоры Есбол Есенбайұлы Мұханбетқалиев, кафедра меңгерушілері Гүлшат Рахметжанқызы Бахтиярова, Үмбетхан Қуандықұлы Сарсембин, филология факультетінің деканы Бақтыгүл Бақыткерейқызы Ертлеуова және басқа да шәкірттерім басшылық, оқытушылық​ қызметтерін адал атқарып жүр. Сондықтан мен өзімді​ бақытты ұстазбын деп есептеймін, өскелең ұрпаққа әлі де үйрететінім бар деп ойлаймын.

Zhubanov University облыстық газеті, № 7-8 (488), 2023 ж.