Понедельник, Апрель 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Демалысым жайлауда өтті

Демалысым жайлауда өтті

Сұлтанғалиева Ольга Қашымқызы
Ақтөбе өңірлік
Zhubanov University
Бастауыш кәсіподақ төрайымы

-Кәсіподақ ұйымының жұмыс бағытының бірі – қызметкерлердің еңбек демалысын тиімді ұйымдастыру жұмыстарына ат салысу. Сіз үшін қауырт шақ деп білеміз..

-Кәсіподақ ұйымының жұмыс бағыттарының бірі — қызметкерлердің жазғы еңбек демалысын тиімді ұйымдастыру болып табылады. Жылдағы дәстүріміз бойынша бір топ (30-ға жуық) профессор-оқытушылар құрамына, құрылым қызметкерлері мен кіші қызметкерлеріне қазақстандық «Айша-бибі», «Мерке», «Денсаулық» шипажайларына тегін жолдама беріп, емделіп-демалуына толық мүмкіндік жасадық. Сонымен бірге, жазғы демалыста емделіп, демалып келген барлық кәсіподақ мүшелеріне отыз пайыз жеңілдікті, кәсіподақ мүшелеріне балалары жазғы лагерьде демалып келгеніне байланысты елу пайыз жеңілдігін төлеп береміз.

Қазақстан кәсіподақтарының Федерациясы қатарына мүшелердің саны екі миллионға жуық екен, оның 600 мыңнан астамы​ салалық білім және ғылым қызметкерлерінен құралатынын білдік. Бұл кәсіподаққа деген үлкен сенім нышаны. Zhubanov University Бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелері қанша? Педұжымда жастар көп, олардың кәсіподақ жұмысына көзқарастары қандай?

-Университетте бала күтімінде отырған кәсіподақ мүшелерін қосқанда мың екі жүздей мүше бар, оның басым көпшілігі жастар, сондықтан жастардың кәсіподаққа деген көзқарастарының оң екенін айта кеткен жөн. Дегенменде, жаңадан келіп жатырған кадрлардың кәсіподақ ұйымы жұмысы туралы жете түсінбей жүргендері де бар, биылғы жылы Әлеуметтік және жастар департаментімен бірлесе жұмыс жасауды, жастарды қолдауды жоспарлап отырмыз, ол уақыт еншісінде.

Еңбек адамының әлеуметтік және еңбек қатынастары саласындағы заңды құқықтары мен мүдделері бұзылса алдымен кәсіподақ ұйымына қорғаныш іздеп келеді. Дегенмен университеттің қалыптасқан педұжымында бұл мәселелер жоқ шығар?

-Еңбек адамының әлеуметтік және еңбек қатынастары саласындағы заңды құқықтары мен мүдделері бұзылған жағдайда кәсіподақ тарапынан заңды кеңес беріп, қолдау көрсету басты міндетіміз. Соңғы екі жыл ішінде кәсіподақ ұйымына шағымданып келушілер қатары болған жоқ, бұл ұжымның жұмыс беруші арасындағы ынтымақтастық нышаны деп санаймыз.

Заманына сай Бастауыш кәсіподақ ұйымы үлкен әлеуметтік жобаларға бастамашы болып жатыр дегенді естіп қаламыз. Жалпы сізге кәсіподақ мүшелері қандай сұрақтармен жиі келеді?

-Бастауыш кәсіподақ ұйымына әртүрлі ұсыныстар келіп түсіп жатады, әрине бұл мәселенің барлығы қаржылық мүмкіндіне қарай шешімін табады. Жоғарыда атап кеттік, Әлеуметтік және жастар департаментімен бірлесе жасағымыз келіп отырған жұмыстар (жобалар) бар, жасақтап жатырмыз.

Өзіңіз еңбек демалысыңызды қалай ұйымдастырасыз? Көбіне қандай демалыс түрін таңдайсыз?

-Жалпы өз басым демалыста отбасымда, балаларыммен бірге болғанды қалаймын. Биылғы жазғы еңбек демалысымды балаларымның рухани дамуына арнадым. Уақытымның көп бөлігі жұмыста өтеді екен, сондықтан отбасымен, балаларыммен бірге ауылға барып, жайлауда өткіздік.
Көкорай шалғын, жайқалған көгі, жазира дала керемет!

Сұқбат жазған Гүлнара Дауылбайқызы

Zhubanov University облыстық газеті, № 7-8 (488), 2023 ж.