Четверг, Май 2, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университет ректоры тоғызқұмалақтан Әлем чемпионаты жүлдегерлерін құттықтады

Университет ректоры тоғызқұмалақтан Әлем чемпионаты жүлдегерлерін құттықтады

Жақында Алматы қаласында тоғызқұмалақтан тұңғыш рет өткізілген Әлем чемпионатынан ақтөбелік оқушылар жүлделі оралды. Әлем біріншілігінде 17 елден келген 200-ден астам спортшылар арасында Балнұр Тілегенова 2 орынды, Қайрат Тұрарбек 3 орынды иеленген болатын.

Бүгін университет ректоры Лаура Қарабасова жүлдемен оралған оқушылармен кездесіп, облыстың мақтанышына айналған жас спортшыларға алғысын білдірді. Ректор тоғызқұмалақ ойыны ойдың ұшқырлығын, тереңнен ойлауды қажет ететініне тоқталып, зияткерлік ойында жетістікке жеткен спортшылар әркез құрметке, марапатқа лайық екенін атап өтті.

Айта кетейік, оқу орнының басшысы Лаура Қарабасова Облыстық тоғызқұмалақ федерациясының президенті ретінде әрдайым ұлттық ойынға қолдау танытып келеді. Жұбанов университетінде ұлттық ойынды насихаттауда кешенді іс-шаралар жүйелі ұйымдастырылып тұрады.

Кездесуге ұлттық зияткерлік ойындар спорт мектебінің директоры Жанар Сағызбаева, облыстың бас жаттықтырушысы Бауыржан Төлегенов, облыстың жастар бойынша аға жаттықтырушысы Нұрбек Кабиев және университеттің кәсіби-шығармашылық факультетінің оқытушылары қатысты.

Жиыннан соң оқушылар Балнұр Тілегенова мен Қайрат Тұрарбек университеттің материалдық-техникалық базасымен танысып, кәсіби бағдар бойынша өздеріне қажетті ақпараттар алды.