Воскресенье, Май 5, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университетте өртке қарсы оқу-жаттығу шарасы өткізілді

Университетте өртке қарсы оқу-жаттығу шарасы өткізілді

Бүгін Жұбанов университетінің Мұхтар Арын атындағы бас ғимаратында өрт қауіпсіздігіне байланысты оқу-жаттығу дабылы өткізілді. Жаттығу кезінде құтқарушылар жедел қимылдап, ғимараттағы 350-ге жуық қызметкерлер мен студенттер сыртқа шығарылды. Олардың барлығы ғимараттың арнайы жиналатын орнына сапқа тұрғызылды.

Алдын ала әзірленген бағдарлама бойынша университеттің кітапхана мұрағатында тұтанған өртті сөндіруге төтенше жағдай қызметі тарапынан жедел әрекет жасалды. Нәтижесінде өрт сөндірушілер оқу ордасының қызметкерлері мен білім алушыларын зардап шегуден және оқу ғимаратын тілсіз жаудан аман алып қалды.

Оқу-жаттығуға төтенше жағдайлар басқармасының жеке құрамынан 25 адам жұмылдырылды. Сондай-ақ 6 өрт сөндіру көлігі мен басқа техникалар пайдаланылды.

Өрт сөндіру кезекші қызметінің кезекшісі Рустам Омаровтың айтуынша, адам көп шоғырланатын мекемелерде осындай оқу-жаттығу шараларын өткізудің маңыздылығы жоғары. Басты мақсат — адамдарды өрт қауіпсіздігі ережелерімен таныстырып, төтенше жағдайлардың алдын алу. Сонымен қатар оқыс жағдай туындаған жағдайда дереу қандай әрекетке көшу керектігінен хабардар болу үшін сақтық шараларын күшейту.

Айта кетейік, университет ғимараты өрт болған жағдайда арнайы шығу есіктеріне бағыттайтын нұсқау белгілері және арнайы дабыл жүйелері мен өрт сөндіру құрылғыларымен қамтамасыз етілген.