Понедельник, Апрель 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Қазақстан жастары атынан қатыстым

Қазақстан жастары атынан қатыстым

2023 жылдың 18-23 қыркүйегі аралығында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының ұйымдастыруымен, Қытай Халық Республикасының Пекин және Сиань қалаларында Еуразия мемлекеттерінің ең үздік жас мамандарынан құралған жастар форумы өтті.

Еуразия Жастар форумына Қазақстан, Қытай, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Армения, Молдава, Грузия және Беларусь елдерінің жастарынан өкілдер қатысты.

Мен Қазақстан Республикасының жас мамандары атынан қатысу мүмкіндігіне ие болдым.
Форумның алғашқы бөлімі Қытай астанасы Пекин қаласында
ұйымдастырылды.Бұл жердегі маңызды кездесулеріміздің бірі Қытай Халық Республикасының сыртқы істер министрлігінде өткізілді. Шығыс Еуропа департаментінің кеңесшісі, Орталық Азия мемлекеттері бойынша ҚХР СІМ-нің кеңесшісі Вэн Мао мырзамен арнайы кездесу болды. Кездесуде Вэн Мао мырза делегация мүшелерін жылы лебізбен қарсы алып, Қытай мемлекеті мен Орта Азия мемлекеттері арасындағы
саяси, экономикалық және мәдени байланыстар жайлы әңгімеледі. Кездесу барысында «Бір белдеу — бір жол» бағдарламасы аясында ҚХР даму қарқыны, көрші мемлекеттермен байланысы, мәдени алмасу деңгейі, жастарға қолдау көрсету мәселелері талқыланды.

Өз сөзімде мен қазіргі таңда Қазақстанда 5 Конфуций институты құрылып, қытай тілін үйрету, мәдени алмасу бағытында бірқатар қызмет жасап келе жатқанын, Конфуций
институты бүгінгі күні екі ел арасындағы​ достық көпіріне айналғанын, жыл сайын Конфуций институтының білім гранттары ұсынылып, ҚХР ЖОО-да білім алуға жағдай жасалып отырғанын айттым. Осылайша Қытай мемлекеті тарапынан екі елдің достық қарым-қатынасы жалғаса беретініне сенім білдіре ұсынысымды да білдірдім.
Бұл елде қазақ тілін үйрететін, қазақ мәдениеті мен тұрмысынан ақпарат беретін, әдебиеті мен тарихын оқытатын орталықтар көптеп ашылса деп тілек айттым.
ҚХР Сыртқы істер министрлігінің өкілдерімен кездесу​ ШЫҰ мемлекеттеріндегі жастар арасындағы достық қарым-қатынасқа тың серпін беріп, жаңа механизмдердің жасалуына жол ашты деп ойлаймын.
Еуразия мемлекеттерінің​ үздік жас мамандарынан құралған Жастар форумының ең маңызды, соңғы бөлімі Сиань қаласында үлкен масштабта өткізілген
конференциямен жалғасты. Еуразия мен қытай жас мамандарынан құралған бұл
конференцияда​ көптеген баяндамалар жасалып, диалогтар жүргізілді. Сиань қаласы мэрінің орынбасары Ли Цзин ханым шараның ашылуында сөз сөйлеп, конференцияның жоғары
деңгейде өтуіне сәттілік тіледі. Жалпы конференцияда Еуразия мемлекеттерінің жас мамандары тарапынан 16, қытай тарапынан 10 қатысушы баяндамаларын оқып, пікір алмасты. Менің баяндамам​ «Қазақстан — Қытай: тату көршілік пен өзара тиімді ынтымақтастықтың үш онжылдығы» тақырыбын қамтыды. Сиань қаласының​ БАҚ өкілдері баяндамамды жергілікті газет, журнал беттеріне мақала ретінде жариялауға ұсыныс білдірді. Қазақстанның
«Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасы мен Қытайдың «Бір белдеу-бір жол»
стратегиясы аясында екі жақты жаңа жобалар бүгінгі күні оң нәтижесін беруде. Қос стратегиялық жоба екі елдің арасындағы техника-экономикалық, сауда-бизнес, білім және
ғылым, тіл мен мәдениет алмасу бағыттарында негізгі ынтымақтастық бастама. Біз қазақ жастары, осы жоба аясында аянбай еңбек етіп, қай сала болмасын өз мемлекетіміздің дамуына үлесімізді қосуымыз қажет.​
Сиань қаласының​ телеарнасына берген сұқбатымда да осы туралы баяндадым.
ШЫҰ Жастар форумы — алуан түрлі салаларда ынтымақтастық орнатуға, тәжірибе алмасуға тамаша мүмкіндік берді.​ Алдағы уақытта осындай ауқымды шараны басқа мемлекеттерде өткізу жоспары қойылды. Бұл секілді шаралардың жастардың елдер арасындағы достыққа, ынтымақтастыққа біріге қызмет етуге жігерлендіретіні айқын.

Дәулет Қантөреұлы

Zhubanov University
Конфуций институтының Қазақстан тарапынан директоры

Zhubanov University облыстық газеті,

№9(489), қыркүйек, 2023 жыл.