Понедельник, Апрель 29, 2024
Басты > Ел жаңалықтары > TikTok ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен ЖОО оқытушыларына арналған байқауды бастайды

TikTok ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен ЖОО оқытушыларына арналған байқауды бастайды

TikTok платформасы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім және Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрліктерінің қолдауымен #Қазақстанмұғалімдері байқауын қайта бастайды. TikTok өткен жылы сәтті басталған жобаның аясын кеңейтіп отырғандықтан, енді байқауға мектеп мұғалімдерімен қатар, колледждер мен жоғары білім беретін мекемелердің де оқытушылары қатыса алады. Байқауға қатысу үшін олар платформада өз пәндері туралы креативті және танымдық бейнероликтер жариялауы қажет.
Байқау жеңімпаздары бұрынғыдан да сапалы әрі танымдық бейнероликтер жасап, TikTok-тағы дамуын жалғастыру үшін iPhone 15 Pro смартфондарын алады.
Биыл TikTok осы байқауды мұнан да ауқымды форматта өткізіп: оған қатысуға мектеп мұғалімдерінен де бөлек, колледждер мен жоо оқытушыларын шақырып отыр. Бастамаға серіктес ретінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі және ҚР Оқу-ағарту министрлігі қосылды.
Байқауға қатысуға мектеп мұғалімдері, сондай-ақ TikTok-та білім беру контентін жасайтын немесе оны бастауға дайын колледждер мен жоо оқытушылары шақырылады. Ол үшін 2023 жылдың 1 қарашасы мен 17 желтоқсан аралығында оқытушылар қысқа танымдық бейнероликтерді орналастыруы қажет. Роликтердің ұзақтығы 30 секундтан кем емес болуы маңызды, оған қоса оларды жариялаған кезде байқаудың мынадай хештегтері қолданылады: #учителяказахстана немесе #қазақстанмұғалімдері.
«Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі #қазақстан мұғалімдері байқауын қолдайды. Бұл сапалы білім беру мазмұнын кең аудиторияға таратуға ықпал ететініне сенімдіміз. Бұл бастама мұғалімдерге өз білімдері мен тәжірибелерімен бөлісуге көмектесіп қана қоймай, оларды үнемі өзін-өзі дамытуға және біліктілігін арттыруға ынталандырады. Біз бұл жоба Қазақстан жастары арасында білім мен ғылымға деген қызығушылықты арттыруда маңызды рөл атқаратынына сенімдіміз, осылайша біздің қоғамның тұтастай дамуына ықпал етеміз», — деп түсіндірді Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министрі Камиль Акатов.
TikTok платформасының, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілдерінен құралған қазылар алқасының мүшелері қатысушыларды төрт номинация бойынша бағалайды:
1. «TikTok мұғалімі 2023»
Номинация мектептер мен колледждердің педагогтарына арналған. Бұл атаулы сыйлық күрделі ғылыми идея, мәлімет немесе тұжырымдаманы қарапайым тілде баяндаған ең креативті бейнеролик авторына беріледі.
2. «TikTok оқытушысы 2023»
Номинация жоғары білім беретін мекемелердің оқытушыларына арналған. Бұл атаулы сыйлық күрделі ғылыми идея, мәлімет немесе тұжырымдаманы қарапайым тілде баяндаған ең креативті бейнеролик авторына беріледі.
3. «TikTok-тағы жаңалық»
Бұл аталым бойынша байқау аясында кімнің бейнеролигі жалпы есептегенде барынша көп қаралым жинаса, сол оқытушы жеңімпаз атанады. Байқауға мектеп мұғалімдерімен қатар, колледждер мен жоо оқытушылары да қатыса алады.
4. «Үздік бейнеролик»
Байқау аясында кімнің жасаған бейнебаяны ең көп қаралым жинаса, сол оқытушы жеңімпаз болады.
Еске сала кетсек, #Қазақстанмұғалімдері бастамасы ұстаздарға шығармашылықтарының жаңа қырларын ашып қана қоймай, қарапайым бейнероликтер үлгісінде өз пәндері бойынша білімдерімен бөлісуге мүмкіндік берген еді. Жоба табысты жүзеге асып және оның хештегтері 2022 жылы TikTok-тың қазақстандық сегментіндегі ең танымалдылардың біріне айналды: #УчителяКазахстана және #Қазақстанмұғалімдері хештегтері бойынша жасалған бейнероликтер қазірдің өзінде 500 миллионнан астам қаралым жинады.
/gylym.jogarybilim