Понедельник, Апрель 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Мүмкіндіктер ортасы

Мүмкіндіктер ортасы

Марта Бектемір. Биология білім бағыты бойынша Zhubanov University​ 4 -курс студенті. Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Көлтабан ауылдық округынен оқуға келген. Орта мектепті Алтын белгімен бітірген. Бала кезінен мақсаткер, белсенді. Мартаны студенттік декан, студенттік сенатор, университетішілік, қалааралық мәдени іс-шаралардың шебер жүргізушісі ретінде жақсы таниды.
Жан-жақты студент ғылыми зерттеулермен де айналысады. Пәндік олимпиада жүлдегері.
Өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысқаны, жастар саясатының дамуына қосқан үлесі, ғылымдағы жетістіктері үшін облыс әкімінің, университет ректорының, факультет деканының Алғыс хаттарын алған.
Zhubanov University-2023 Үздік студент төсбелгісінің иегері.
Әңгімелескен Гүлнара Дауылбайқызы.

ЖАРАТЫЛЫСТАНУ ҒЫЛЫМЫ БАРЛЫҒЫНЫҢ БАСТАУЫ

Өзіңіз оқып жатқан «Биология» мамандығы туралы айтып берсеңіз. Бұл академиялық жоғары білім оны игерген жас маманға қандай өмірлік мүмкіншіліктер береді?

-Қазіргі кезде мамандықтар мен кəсіп түрлері өте көп. Əр мамандықтың өзінің ерекшеліктері мен артықшылықтары бар, сондықтан оларды басты жəне болмашы деп бөлуге болмас. Əрқайсысының өмірде өз орны, өзіне тəн белгісі бар. Бірақ, әрине, өз мамандығым, өз таңдауым болғандықтан менің көзіммен, мен үшін жаратылыстану ғылымы барлығының бастауы​ іспетті. Себебі ең бірінші әрине тіл немесе басқа салада қажет шығар, бірақ сол нәрсенің барлығы жаратылысты зерттеу үшін жұмылдырылғаны ақиқат.​ Бұл саланың әрбір жеке бағытының өзі үлкен мағына. Соның ішінде биологияның астын сызып тұрып атауға болады.

Биология мұғалімі де «жасаушының» бірі, алдыңғы қатарлысы десе де болады, себебі осы ғылымның, пəннің ерекшелігі солай. Біз басында айтып өткендей, адамның «мазмұнының» негізін құрайтын дүниетаным, өмірдегі әрбір тіршіліктің құрылысы, орны, қызметі, пайдасы мен зияны деген сұрақтардың жауабын алуда да​ биологияның орны ерекше.

Бұрындары​ барлық биология сабақтарында сұрау, жаңа материалды түсіндіру,​ тіпті қазіргідей зертханалық жұмыс та жүргізілді, яғни «бəрі ғылым бойынша» өткізілді, əдіскерлердің ұсынысымен. Бірақ сабақ​ енжар болды. Неге? Себебі мұғалімде сол сабақтың жемістілігін беретін шығармашылық шабыт​ болған жоқ. Ал осындай серпіліссіз, жаңашылдықсыз сабақта орын алатын​ басты мəселе — педагог пен сыныптың бір маңызды ортақ істі атқарғаны сезілмеді, ал қазір бәрі басқаша, жаңаша әдіс, оқушымен жаңа тығыз қарым-қатынас, бұның барлығы тың идеялардың дүниеге келуі үшін өте маңызды.

Ал енді, сол оқып жатқан тұлға үшін биологияның кең көлемдегі маңызын айтар болсақ, 4 жыл ішінде түйгенім​ жан-жақты таным көлемі кең тұлға бейнесін қалыптастыра алатын мамандық деп айтарлықтай. Адамды қоршаған бүкіл биосфера осы білім саласының қызығушылық саласына жатады. Сондықтан биология, біріншіден, қоршаған әлем туралы білім көзі ретінде маңызды. Осы ғылымның көмегімен адам айналасындағы жабайы табиғат​ туралы көбірек біле алады. Бірақ, тек когнитивті функциядан басқа, биологияның бұл саласының практикалық мәні де бар. Табиғаттағы барлық нәрселер өзара байланысты екендігін анықтайтын биологиялық заңдылықтарды білу және әр түрлі тіршілік иелерінің тепе-теңдігін сақтау қажет. Мұндай білім адамды экологиялық тепе-теңдікті сақтау керек екендігіне сендіре алады. Биологияның тағы бір саласы — шын мәнінде адамның өзін зерттеу. Бұл білім әркім үшін де маңызды. Биология — медицинаның теориялық негізі болды, оған адам ағзасының ерекшеліктерін түсінуге мүмкіндік берді. Бірақ әр адам биологиялық түр ретінде өзіндік ерекшеліктерін білуі керек. Сонымен қатар​ сізге тамақтану, физикалық және психикалық стресс тұрғысынан өз өміріңізді қалай ұйымдастыру керектігін жақсы түсінуге көмектеседі. Ал қазіргі заманда өз тәніне күтім жасау, өмірді​ ұтымды пайдалану еңбек өнімділігін едәуір арттыра алады. Биология экономика саласында да, әсіресе ауыл шаруашылығында пайдалы. Тірі организмдердің даму заңдылықтарын білу, адамға жасанды ортада өсіруге, яғни селекционерлер үшін​ бейімделген жаңа түрлерді көбейтуді үйренуге көмектесті. Бұл өнімділік пен ет өндіруді едәуір арттырды, бұл әсіресе халыққа өсу және табиғи ресурстардың қысқаруы кезеңінде адамзатқа қажет. Жоғарыда айтылғандардан биологияны зерттеу адам қызметінің көптеген салаларын өзгертті деген қорытынды жасауға болады. Сонымен қатар, бұл ғылымдағы негізгі білім, маман емес адамдар үшін қазіргі әлемде табысты навигация жасау және дұрыс таңдау жасау үшін қажет, мысалы, қоршаған ортаның ластануына байланысты жағдайларда немесе т.б.

ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ + ЕҢБЕК = ТАБЫС КӨЗІ

Қазір жастарға айналысатын жақсы бағыттар көп. Болашақ кәсібіңізден өзге сізді қандай істер қызықтырады?

-Лев Толстой саналы адамға: «Ішіп-жеп, ұйықтап-ояну өмірдің негізгі мәні бола алмайды» , — деген екен. Әлбетте солай. Бұл​ ғаламға келіп кеткен небір данышпан, хәкімдердің өзі бұл дүниедегі басты мақсаты мен биік​ мұратын іздеп кеткен. Хакімдерден бұрын ес білгелі ата-әжемнің үйреткен тәрбиесі, айтар ақылы осы болған.

Қазіргі жас буыннан көретін ең жақсы қасиеттердің бірегейі сол мақсаттылық, қай жасты көрсеңіз де жаңа лепке, жаңа толқынысқа талпынып жатыр, қызығушылық танытып жатыр, сан алуан сферада ірілі-ұсақты бағыттармен айналысып жатыр. Мен де қалыс қалмасам керек, 16 жасымнан бері мейрамхана, той бизнесі саласындамын. Отбасылық «Марта» мейрамханасында администратор қызметін атқарамын. Бұл кәсіп менің жан-жақты қызығушылықтарымды ашуға көп септігін тигізді, адамдармен қарым-қатынас, клиенттің көңілін табу, әртүрлі ситуациядан шыға білу, бір сөзбен өмірге деген икемділікті үйретті.​ Бұл қызметтен кейін қазіргі кездегі тренд салалардың бірі «декоратор» яғни, той саласында әрлеуші қызметін атқардым. Клиенттің тапсырысы бойынша фотозона жасаумен айналыстым. Бір фактпен бөлісе кетсем, мен бұл салада ешқандай білім алмадым, формула жай ғана «қызығушылық + еңбек= табыс көзі»нен тұрды. Іздендім, тәжірибеден өзімді​ өзім өткіздім, осылайша жай ғана қызығушылық кәсіпке айналып кетті. Қосымша тағы да осы саланың айналасындағы іспен айналысып​ бастадым.Ол кезде 2 курс студентімін, бала күнімнен​ көкейімде жүрген, мен үшін шынымен арман болған, тойхана саласынан бұрын ойға алған іс болатын. Кішкентайымнан ән мен биге, әдебиетке деген қызығушылығымның арқасында шоу тобын жасақтадым.​ Ұзатылатын қыздарды әдемі әнмен алып шығу, оларды сыңсу айтып ұзатып салу мен үшін шынымен арманның бірі болды, мектеп кездері қашан жетер екенмін сол күнге деп, айнаға қарап көп армандайтынмын, ол күн сол шақтарымда туды.

Костюмдерді, қосымша реквизиттерді алуға алғашында ата-анам инвестиция құйды, кейін алған ақшамды ата-анама қайтара алдым. Сценарий, ән, хореография барлығын өзім ойластыратынмын, бұл да өз мақсатыма деген құрмет пен махаббаттың көрінісінен болатын. Алты қызды​ қосымша табысқа шығардым, өзім де табыс көзін жасадым. Мендегі хобби мен қызығушылықты осы салаларда біріктірдім, бұның барлығын университет қабырғасында сабақпен, активизммен қоса бастап, нәтижеге жеткіздім.

ЛИДЕР — БҰЛ МОТИВАТОР

Лидер болу оңай ма, әлде қиын ба? Сұраған себебім бүгінде көп жастың бойында өзіндік амбиция, харизма, көшбасшылыққа ұмтылыс бар. Оларды бір мақсатқа тоғыстырып, басқару меніңше оңай емес..

-Мен үшін де, қазіргі заман үшін де өте ауқымы кең тақырып. Сырттан қарап, бақылап тұрған адам үшін лидер болудан оңай зат жоқ, ал сол лидерлік жолда жүрген жас болсын, кәрі болсын оның жауапкершілігінің ауыр екендігін түсіне алатын жандар. Ия, сіз айтып отырғандай қазір жастардың бойында бәсекелестік, шыныменде лидерлікке деген ұмтылыс жоғары, бұл әрине өте жақсы, себебі сол көшбасшының көшбасшысы болу керек деңгейде жүретін бәсекелестік те артады. Лидер болу үшін эмоциялық зерде мықты болуы шарт, тіпті жетістікке жетудің, лидер болудың тетігі деп те айтуға болады. Лидер ұжымның арқар сүйер адамы, лидер мен басшының айырмашылығы да осыда. Сіз басшыға бағыныңқы кейіпте, яғни басшы сізге доминантты түрде қарайды, ал лидермен сіздің теңқұқылы сызықта жұмыс жасауға мүмкіндігіңіз бар. Топтағы әрбір адамның ситуациясына кіріп білуіңіз қажет, оңтайлы шешімді, қиын сәттердегі ұтымды шешімді жасай білу қажеттілігі туындайды. Лидер – бұл манипулятор емес, лидер – бұл мотиватор. Лидерлік трендке айналған заманда өз брендіңізді жасап үлгересіз дер едім, ол үшін басқалардың эмоциясын бақылаңыз, адамды түсінуге тырысыңыз, зейін қойып, мұқият тыңдаңыз, сын айтудың жөнін біліңіз, дауласудан аулақ болыңыз, дипломатиялық қарым-қатынасты басты фишкаңа айналдырыз, уәдеңізге берік болыңыз, ақылдасу құндылығын естен шығармаңыз.

МАҚСАТ «ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ» ЕМЕС «ҒЫЛЫМИ САУАТТЫЛЫҚ»

Жастар жиындарында жиі болады екенсіз. Замандастарыңызбен пікірлескенде ең басты не толғандыратынын байқайсыз?

-Жиындар өз алдына, күнделікті өмірде​ тілдескен әрбір екінші замандасым бір нәрсеге асығады. Тезірек бай болсам, тезірек ақша таба алсам, тезірек жетістікке жетсем, тез нәтиже көрсетсем, үйім тезірек болса екен, көлігім тезірек болса екен. Бұл біржағы жақсы да шығар, бір жағы қоғамның дерті деп те айтар едім. Көп жастар инстаграмм, тикток желілерінен жетістікке жеткен адамдардың парақшасын қарап, сол нәрсемен ауыра бастайды, өзін салыстырады, кінәлайды, неге ол адамда бәрі бола қойды, менде болмады, неге менің жолым болмайды, содан өзіне деген құрметі түсе бастайды, оның арты апатия, күйіп кету, өзін жек көруге апарып соғады. Сонда қараңызшы айдаладағы адам үшін сіз күйіп-пісіп кеттіңіз, алдымен ойлаңызшы ол инстаға жариялаған өмірінің артында сіз болған жоқсыз, ол адамның еңбегін, қиындықтарын, ауыртпалықтарын сіз көрген жоқсыз, ендеше ол салыстырулардың, асығулардың еш мәнділігі жоқ. Сондықтан замандастарыма айтарым, бәрі өз қолымызда, бойымызға сенімді ұялататын да, кейін оны қорқынышпен жоқ қылып жіберетін де өзіміз. Ия, маған да қатысты болар бәлкім, замандас деп қойып ақыл айтқандай болып көрінгенде шығармын, бірден айтайын ешқандай мақтан үшін емес, себебі бұндай әдемі болып көрінетін жолдың мен де куәгері болғам, ата-анам қаншама жылдық маңдай терді төккен кезде, ал бұл маңдайларына жазылған бақ қой, немесе бәрі бола қойды дегенді мен де естігем, ол бақтың​ артында сіз елестетпейтін еңбек жолы жатыр. Тоқ етері бұл дерттен айырылсақ екен деймін, өміріміз алда, 4 жыл оқуды жақсы нәтижеге аяқтайық, қазір басты мақсат «қаржылық сауаттылық»​ ​ емес, «ғылыми сауаттылық»,​ қалғаны өз уақытымен келеді.

ОҚЫТУШЫЛАР ҚҰРАМЫ ЕРЕКШЕ

«Биология» мамандығын толық игеріп шығу үшін факультетте қандай жағдайлар жасалған?

-Қандай мүмкіндіктер, қандай жағдайлар жасалған деген кезде,​ мен үшін материалдық база емес, теориялық база бірінші орында тұрады деп айтар едім. Ең бірінші​ ​ оқытушылар құрамын ерекше атап өтер едім, мен білім алған әрбір оқытушы бір бөлек кітап десем де болады, асыра мақтағаным емес, расыменде мен осы оқытушыдан білім алғанмын деп айта алатындай тұлғалар жинақталған, өзім бұйырса университет қабырғасын үздік аяқтауға таяп қалдым, осы сұқбат барысында факультетіме, кафедрама барлық мүмкіндіктер үшін ерекше алғыс білдіремін.​ Шынайылық пен тактика, білімді бағалаудағы тазалық, студенттердің жетістіктеріне деген қызығушылық​ ең мықты жасалынған жағдай. Одан кейін барып әрине ЖОО болғаннан кейін болашақ ұстаздарды, жаратылыстану ғалымдарын, болашақ мамандарды дайындайтындықтан кафедра базасы барынша жабдықталған. 6В01505 – «Биология», 6В05101 – «Биология», 6В05102 – «Биотехнология» мамандықтарының студенттеріне сабақты жоғары әдістемелік және практикалық деңгейде өткізу мақсатында кафедраның материалдық-техникалық базасы жылдан-жылға жаңартылуда. Осылайша, бүгінгі таңда кафедра: 4 оқу зертханасымен, педагогикалық эксперименттерге арналған әдістемелік кабинетпен және бірнеше оқу кабинеттерімен жабдықталған. Барлық кабинеттер оқу үдерісіне қажетті техникалық оқу құралдарымен жабдықталған: интерактивті тақта, компьютер, мобильді проектор, ноутбук және т.б. Ғылыми-педагогикалық жұмыстармен қатар EP 6В05101- Биология және 6В05102 -Биотехнология бойынша теорияны бекіту бағытында практикалық жұмыстар да жүргізіледі.

Студенттердің кәсіби тәжірибесін ұйымдастыру мақсатында кафедра әлеуетті жұмыс берушілер болып табылатын «Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы», «Жас натуралистер станциясы», «Мемлекеттік Ырғыз -Торғай табиғаты» ұйымдарымен және тәжірибе базаларымен тығыз ынтымақтастық және өзара әрекеттестік байланыста.  Олардың ішінде, өзім білетін қызығушылық танытқан ірі орындарды атап өтсем: «Үстірт мемлекеттік қорығы», «Бөлше-Бөрсік орман шаруашылығы», «Фитосанитария» РМК Ақтөбе облыстық филиалы, «Ұлттық сараптама орталығының» Байғанин аудандық филиалы, «Milk Stories-А» ЖШС, «Ақтөбе обаға қарсы станциясы» мемлекеттік мекемесі,  «Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы» мемлекеттік мекемесі, «Ақтөбе облысының ветеринария басқармасы» мемлекеттік мекемесі, «Облыстық қан орталығы» МКҚК, «Гигиенист» ЖШС, «Рамазан» ЖШС, «Айс+» ЖШС.

МҮМКІНДІКТЕР ОРТАСЫ

Студенттік өмірдің соңғы жылы екен, қалай өткіздім деген ойдасыз?

-Өмір қызық расымен, өткен 2020-сыншы жылдары деп қояйыншы, университет табалдырығын аттамай студент болған шақтың замандасымын. Манитордың артындағы группалас, түсініксіз терминдер, шегі жоқ чаттармен басталған студенттік өмірімнің аяқталуына сәл қалды десе сенбестей күйде жүрмін, біреу түсімнен оятып жіберетіндей. Қимастық күннен күнге үдеп бара жатыр. Студенттік шағым өте әдемі, өзіндік бояуы бар естеліктерге лық толы,​ таңды таңға жалғасамда қызығы мен шыжығын тауыса алмасым анық. Дегенмен таңдайымдағы тәтті естеліктеріме бір шолу жасайын, биология мұғалімдерін даярлау мамандығына түстім, бірден активист болуға талпындым, әннен бастадым, кейін 1-курс шағымда фракция жетекшісі, студенттік сенатордың орынбасары қызметін атқардым, 2-курста факультетте шара жүргізушісі болып, кейін университеттік, облыстық деңгейде шаралар жүргіздім, 2-курс кезінде факультеттің үздік студенті атандым,​ 3-курста факультет сенаторы қызметін атқардым, сол жылы университеттің үздік студенті болдым. Бірақ​ бұл дүниелерді үлкен жетістік демес едім, статус маңызды емес, маңызы — салмақты жетістігім өмірлік достар тауып, өмірлік ұстанымымды қалыптастырғаным, өз-өзімді тапқаным, қоғаммен белсенді байланыс орнатқаным. Тапқан дос пен таныстық 1 факультетті ғана құрамай барлық 9 факультетті, 9 түрлі ортаны құрады. Барлығы үшін Жұбановыма рақмет айтамын, бұл орта расыменде мүмкіндіктер ортасы.

Zhubanov University облыстық газеті,

№10(490), қазан, 2023 жыл.