Четверг, Май 2, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Зиялы қауым өкілдерімен кездесті

Зиялы қауым өкілдерімен кездесті

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев облысқа жұмыс сапары аясында зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, емен-жарқын пікірлесті.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Мәңгілік ел залында ұйымдастырылған шараға облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова қатысты.

Жиында алдымен сөз алған Мәлік Нұржанұлы мемлекеттік саясат туралы тілге тиек етті.
— Елдің тұтастығы, ел бірлігі, халықтың бейбіт заманда өмір сүруі — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басты назарында. Қазір әлем тыныш емес. Әлемдік ахуал біздің елді сырт айналып өтпесі анық. Яғни, әлемдегі жағдай біздің экономикамызға, біздің саясатымызға әсер етпей қоймайды. Соңғы екі айда Мемлекет басшысы 25 елдің Президентімен кездесті. Бұл — аз жұмыс емес. Бұл кездесулердің басты мақсаты — ел қауіпсіздігін сақтау, елдің сыртқы саясатын, сауда-экономикалық байланыстырады нығайта түсу, — деді Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев.

Жиында ақпараттық саясатты жүзеге асыру, әлеуметтік мәселелер талқыланды.

Белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Үш таған» журналының бас редакторы Ертай Ашықбаев әңгімесінде әдеби талғам туралы сөз қозғады.
— Қазір қазақ тілінің басына қауіп бұлты үйіріліп тұр деуге болмас, — деді ол. — Қазақ тілі мемлекетіміздің қадірлі тіліне айналатындығына дау жоқ. Ұлтымыздың саны жөніндегі пайыздық көрсеткішке, ірі қалалардағы көбейіп келе жатқан қазқ тілді мектептердің мөлшеріне қарап осы шамалас ой түюге болады. Қауіп басқада. Біз тілімізді тек қарым-қатынас тіліне айналдырумен шектеліп қалмас па екенбіз? Әріне айтпағанда, әр сөйлемі, тіпті әр сөзі тұтас образды көз алдыңа әкеліп қоя салатын күні кешегі Тәкен Әлімқұлов, Қалихан Ысқақов, Асқар Сүлейменов тәрізді ағаларымыздың тілі қайда? Баяғыда орыс зерттеушілерін тамсандыратын аса бай тіліміздің жұтаңданып кеткені қалай? Дұрыс мақала жазып көрмеген қауқарсыз тілшілердің бүгінде аяқ астынан жазушыға айналып, том-том кітаптар шығарып жатқандарына көзжұмбайлықпен қарап отыра береміз бе? Ал бұл — талғам жоқтықтың көрінісі. Әдебиетті өркендету үшін, соның ішінде тілдің қадірін қалпына келтіру үшін жазушыларға әрқилы жағдай жасау жеткіліксіз, бұл ретте де ең алдымен талғам мәселесін назар аудару керек. Сірә, осы мәселені үнемі назарда ұстап отыратын әділ таразы керек сияқты, — деді Ертай Ашықбаев.

Кездесу барысында зиялы қауым өкілдері басқа да өзекті мәселелерді көтерді. Жиынды түйіндеген Мәлік Отарбаев әрбір мәселеге баса мән беріп, шешілу жолдарын қарастырып, Мемлекет басшысына жеткізуге уәде етті.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

//aqtobegazeti.kz/