Пятница, Май 3, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университеттік ғылым мен өндіріс орындарының байланысы күшеймек

Университеттік ғылым мен өндіріс орындарының байланысы күшеймек

Жұбанов университетінде Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен Ғылыми Кеңестің кеңейтілген мәжілісі өтті. Ғылыми Кеңестің күн тәртібінде университеттің 2023 жылғы ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытындысы және ағымдағы жылдың жоспары, сонымен қатар әртүрлі мәселелер талқыланды.

Жиынға университеттің ғылыми кеңес мүшелері, профессор-оқытушылармен қатар Ақтөбе өңіріндегі 40-тан астам ірі жетекші компаниялар мен өндіріс мекемелерінің бірінші басшылары қатысты. Келген меймандар ғылыми жобаларға арналған көрмеде университет ғалымдарының жобаларымен танысты.

Университет ректоры Лаура Қарабасова бұл іс-шара оқу орнының тарихындағы аса маңызды қадамдардың бірі екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ғылым мемлекеттің әлеуметтік- экономикалық дамуының қозғаушы күшіне айналуы керек» деп атап өткен болатын. Президенттің бұл тапсырмасында университеттік ғылым үлкен рөл атқарады. Біз университеттің ғылыми әлеуеті мен жетістіктерін қорытындылауға арналған жиынымызда серіктестес компаниялармен де ашық форматта өткізуді ұйғардық. Бүгінгі шара университет ғылымының дамуы үшін өзекті, — деді оқу орнының басшысы.

Өз кезегінде «Қазхром» ТҰК» АҚ бас директоры Сергей Прокопьев өндірісте шешімін табатын мәселелер бар екеніне тоқталды.
– Біз Жұбанов университетімен өңірімізге қатысты бірлескен мәселелерді талқылауға әркез ашықпыз. Қоршаған ортаны ластаудың алдын алу, қалдықтармен жұмыс жасау қазіргі таңда біз үшін басым бағыттардың бірі. Бүгінгі күні біздің зауытта Жұбанов түлектері жетекші қызметтерді атқарып жүр. Маңызды стратегиялық серіктестік үшін университет басшылығына алғысымды білдіремін,- деді ол.

«Ақтөберентген» зауытының атқарушы директоры Марс Махмұтов университетпен серіктестік орнатқанына көп болмаса да, нәтижелі жұмыстардың жүзеге асып жатқанын айтып өтті. Алдағы уақыттағы ынтымақтастық аясында студенттермен бірге жасанды интеллект арқылы бағдарлама жасақтау туралы бірлескен жоспарларымен бөлісті.

Іс-шара соңында Ректор өндіріс басшыларымен тұрақты түрде кездесулер өткізілетінін және алдағы уақытта өңір кәсіпорындарымен бірлескен жұмыстың нәтижелері бойынша ірі көрме ұйымдастыру жоспарда екенін айтты.