Среда, Декабрь 7, 2022
Басты > Жаңалықтар > Ыстамбұлдық ғалым Атакан Курт –тіл жанашыры

Ыстамбұлдық ғалым Атакан Курт –тіл жанашыры

Түркиялық ғалым, компьютерлік-инженерия шебері, Ыстамбұл университетінің профессоры  Атакан Курт Жұбанов университетінің  Халықаралық ынтымақтастық орталығының шақыруымен 4 күндік іс сапармен келген болатын. Басты мақсат – биыл ашылған «Қазіргі түркі тілдерінің тілдік үдерісін зерттеу» зертханасында қарастырылып жатқан латын әліпбиіне көшу мәселесіне байланысты ғалыммен тәжірибе алмасу, осы бағытта біргелікте жұмыс жасау. Жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан Атакан Курт журналист Гүлнара Қарашаның сұрақтарына да жауап берді.

–Алдымен Сізге қош көрдік дейік, Атакан Курт мырза.  Қазақ  еліне қызығушылығыңыз қашан басталып еді?

–Осыған дейін түркімен тілін зерттеген едім. Соның барысында  басқа да түркі тілдес халықтардың тілдеріне қызыға бастадым. Магистратурада, докторантурада оқитын шәкірттеріммен бірге бүгінде түркі тілдес халықтардың тілдерін зерттеуді жалғастырудамыз. Түркі тілдес халықтың бірі – қазақтар. Сондықтан тағы бір қандас бауырымның тілімен жақын танысып, тереңірек зерттеуге мүмкіндік туғызған университет ректоры, профессор Ердембеков Бауыржан мырзаға, Халықаралық ынтымақтастық орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы Шоқым Гүлжан ханымға,  қандас халықтар тілін зерттеуде  үлкен істер тындырып жүрген, Түркиядағы ұстазым, профессор Исмет Бинер мырзаға алғыс айтамын.

Сіз АҚШ сияқты әлемдегі алдыңғы қатарлы елде білім алыпсыз. Магистрлік, докторлық диссертацияларыңызды да сонда қорғап, ғылыми дәрежеге ие болыпсыз. Салыстырмалы түрде ойлағанда туған еліңіз Түркияның білім мен ғылым саласындағы деңгейі алпауыт мемлекеттермен терезе теңестіре алады ма?

–Әлемдік деңгейде танымал Түркияның  5-6 жоғары оқу орындары бар. Соңғы он жылда Түркия Республикасында 100-ге жуық мемлекеттік университет ашылды. Саны қысқа мерзімде тез артып келе жатыр. Жалпы Түркияда әлемдік деңгейде зерттеу жасап жатырған жоғары оқу орындары бар. Бұл деңгейлері негізгі саласына қарай өзгеріс береді, мысалы компьютерлік-инженерияны алатын болсам, бұл салада үлкен жетістіктерге қол жеткіздім деп айта аламын. Өйткені, университетте зерттеу жасауға, баспадан жариялауға үкімет тарапынан қолдау көрсетіледі және ақшалай қомақты қаражат бөлінеді. Сондықтан бізде зерттеу жұмыстарын жүргізу оңай, әрі ыңғайлы.

Сіз Қазақстан үшін маңызды шақтың бірі – кириллицадан латын ғарпіне көшу процесі кезінде келіп қалған екенсіз, өз тарапыңыздан түрік елінің тәжірибесімен бөліскіңіз келеді екен. Өз ұсыныстарыңыз да бар екен. Рақмет, сізге.

–Қазақстанның латын ғарпіне көшуін қолдаймын. Бұл дұрыс қадам, Қазақстан Республикасының интеграциялануына ыңғайлы жағдай туғызады, барлық салаларда. Әсіресе, түрік тілдес халықтардың ынтымақтасуын ықпалдастырады.  Инженерия саласында жұмыс жасап жүргеніме 20 жылдай болды. Түркия латын әліпбиіне көшуде компьютерлік-инженерия мүмкіндіктерін кең пайдаланды. Кеше университеттің информатика саласы мамандарымен кездестім. Атқарылар ортақ істер мазмұнын айқындап алдық.

Мен алып келген компьютерлік бағдарламалар жобасында карекеттер кезек кезегімен жүзеге асады. Бұл бағдарламамен Түркияда 10-15 жыл жемісті жұмыс жасалып келеді. Істі алдымен сөздіктерден бастаймыз. Сосын бағдарлама бойынша қызмет атқаратын техникалық топ та қажет болады. Жоба бірден қазақ тілінде жүзеге асады. Бұрын  түркімен және әзірбайжан тілдерінде жасалды, бұл тілдер бағдарламаға енгізілген. Қазір ұйғыр, қазақ және татар тілдерінде жасалынып жатыр. Негізі өте ауқымды жұмыс. Дегенмен, нәтижесі де соған лайық.

Латынға көшудің қандай мүмкіндіктері бар? Сіздің еліңізге латын тілі қаншалықты маңызға ие?

–Жалпы ашып айтқанда, болымды, болымсыз ықпалы болады. Болымсыз ықпалдың бірі – Осман империясындағы ескі кітаптарымыз, қайнар көздеріміз араб тілінде жазылғаны үшін оны қолданылмас жағдайға жетті. Болымды жағы – Еуропа, Батыс елдерімен біз ықпалдасуымызға ыңғай туғызды. Яғни, олар біздің тілді оңай үйрене бастады, біз олардың тілін үйрене бастадық. Аударма ісі тез жолға түсті және біздің олармен қарым-қатынасымызда ақпарат алмасуымызға болымды ықпал етті.

Қазіргі уақытта, мысалы, Қазақстанда жаңа әліпбиге көптеген еңбекті кирилицадан аудару керек мәселелер бар, сол сияқты біздің де Түкия Республикасы Осман империясындағы еңбектерді аудару мәселесі бар, оларды да қалыптастырып жатқан бағдарламалар бар. Аударылмаған кітаптар да бар. Латынға көшудің күрделі жағы осы..

Түркия мен Қазақстан жағдайы екі түрлі. Бізде бір күннің ішінде арабшаны алып тастап, бір күннің ішінде латынша қолдандық. Қалай қаулы қабылданды,  өттік те кеттік. Ал, сіздерде үрдіс ақырындап жүріп келе жатыр.  Бізде тек бір ғана тіл — түрік тілі ғана, арабша тек негізгі сөздерде   қолданылады. Түріктер арабша тіл білмейді, ал сіздерде қазақ және орыс тілдері қатар жүреді,  екеуін де білесіздер. Сіздер жаңа алфавитке өтсеңіз де, орыс тілінде оқуды жалғастыра бересіз.  Орыс тілін алып тастамайсыздар, біздерге қарағанда сіздерде жүйе басқашалау. Сондықтан, орыс тілін білмегесін дұрыс емес болжам айтқым келмейді. Дегенмен, жалпы алғанда латын әліпбиіне өтудің мүмкіндіктері зор. Әсіресе түрік тектес халықтардың бір-бірін түсініп, жақындасуында ықпалы орасан болмақ. Себебі адамдарды  бөлетін де, жақындастыратын да әліпби ғой.

Сіздің Ақтөбе сапарыныңыздың жұмыс кестесін қарап шықтым. Ауқымды тақырыптарда семинар өткізіп жатырсыз. Біз үшін ең өзектісі латын әліпбиіне көшу турасында ғой.

–Семинар тақырыптарының бәрі де тілге қатысты шараларды қамтиды. Қазақша NLP жобаларым, латын әліпбиіне көшудегі назар аударылатын мәселелерге байланысты кеңестерім, кириллицадан латын әліпбиіне көшу бағыттары жайлы ойларым пайдасын тигізер деп сенемін. Мен ұсынып отырған бағдарлама бойынша кирилицада жазылған мәтін бірден компьютерлік бағдарлама арқылы латын әліпбиінде, төте жазуда бірден жүзеге асады. Көзі көрмейтін адамдарға арналған нұсқасы да бар.

Сапарыңыз  Жаңа жылды қарсы алуға дайындық барысына сәйкес келген екен.  Сіз және отбасыңыз Жаңа жылды қалай күтеді? Білуімізше Ытамбұлда қар көп түспейді, қысы жылы.  Жалпы Түркиядағы Жаңа жылды қарсы алу дәстүрі жайлы айта кетіңізші.

–Жаңа жылды қарсы алуға біздің елде жарты күн ғана демалыс беріледі.  Түркия Республикасы мұсылман мемлекеті болғаннан кейін Жаңа жыл мерекесі кең түрде тойланбайды. Бірақ, Елбасымыз әр ұлттың мерекесі әр уақытқа сәйкес келгенде теледидар арқылы құттықтайды. Сондықтан жаңа жылды отбасында, ағайын-туыс арасында қарсы аламыз.

..Сіздерде күн суық, басында үйрене алмадым. Алайда қалғанының бәрі ыстық, ыстық қабылдау, ыстық лебіздер.. Баршаңызға рақмет! Жұбанов университеті маған өте ұнады, жаңа үлгідегі жоғары оқу орны екен. Ақтөбе қаласы да тамаша көркем. Жаңашыл даму бірден байқалады. Кейбір жерлері менің туған жерім — Самсун қаласына ұқсайтынын байқадым.