Үмбетхан Сәрсембин,
философия ғылымдарының кандидаты
Қазақ идеясы қазақтың ата мекені, қазақ елінің тағдыры, оның болашағынан терең ой қозғаған ойшылдардың, қазақ мемлекетін құрудағы алаш тұлғаларының идеяларының рухымен дүниеге келіп, ұлт мүддесіне қызмет еткен қазақ зиялыларының бойындағы рухани қасиеттерін, білімін қалыптастырып отырған дүние. Тарих бойы қалыптасып отырған қазақ тұлғаларының елдік идеяларының ұлттық мұраға айналуы, зиялыларды тәрбиелеп, ұлт ісіне бағыттап отыратын қазақ идеясының басты қасиеті оның мұрагерлік қызметінде. Әсіресе, тарихтағы қазақ баласының өмірдің мәнін ақыл биігінен зерделеп, болашақ үшін ізденген және кейінгіге білім болатын мұра қалдыру мақсатындағы жан-жақты ізденістері, олардың рухани өміріндегі идеяның құндылығын айқындайды. Жеке адамның танымынан бастау алып, халықтың рухани өмірінде тарихтың талабымен пісіп жетіліп отыратын идеяның ұлттық сипат алуы зиялылар болмысының рухани деңгейін көрсетеді.
Идеяның тарихта қалар өз жолы бар, өз деңгейі бар, оның жолы өзінің деңгейін сақтап отырады. Идеяның жолы тарих, деңгейі сол тарих өрісіндегі тұлғаның даналығы және халықтың руханияты. Руханият халықтың мұрасы болғанымен, оны қалыптастырып, өрісін кеңейтіп отыратын жекелеген рухани адамдар. Сол адамдардың даналығын халықтың тани білуі, сақтап отыруы халықтың руханиятын қалыптастырған.
Даналығын ұлт мұрасы етіп тарих өрісінде қалдырып, оның қызметін көрсетіп отырған қазақ идеясының бастауы неде? Немесе халық ішінен шыққан рухани адамдардың даналығын бір жерден шығарып, идеяларын бір арнаға тоғыстырып, бір бағытқа бағыттап отырған не нәрсе? Қазақ әдебиетінің үлгілері жөнінде Е. Бекмаханов, «Қазақстан тарихын зерттеу кезінде аса маңызды дерек ретінде фольклордың маңызы айрықша зор. Мұның бұлай болатын себебі, ХІХ-ғасырдың екінші жартысына дейін Қазақ халқының жазба әдебиеті болмады. Сондықтан, тарихи ірі оқиғалар ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіліп отырған халықтың ауызша шығармашылығы: дастан өлең, қисса, батырлар жыры, ертегі, аңыз және т.б. арқылы қазақ халқының есінде сақталған. Осы фольклорлық материалдарда қазақтардың қоғамдық және әлеуметтік құрылысы, тұрмысы мен әдет-ғұрпы және ақырында, халықтың өміріндегі аса маңызды тарихи оқиғалар айқын бейнесін тапқан» деп жазып кеткен [1. 42 б.]
Фольклор – қазақтың тарихтағы рухани әлемі. Ұлттың тұрмыс-тіршілігінің мазмұны осы фольклор түрлері арқылы сақталып, ұрпаққа жетіп отырған. Фольклор түрлеріне қарап, қазақ руханиятының табиғатын зерттей аламыз. Қазақ поэзиясы, сол поэзия ішіндегі тарихи жырлар ұлттың танымы, адамның рухани болмысының тарих бетінде бейнеленіп, өрнектеліп қалуы.
Халық болмысының, ел тұрмысының, тарих жағдайындағы жеке адам болмысының поэзияға енуі бұл идеяны қалыптастыратын мүмкіндік. Ұлттық поэзияда ұлттық идеяның қалыптасуына ықпал ететін тұлғалық идея бар. Поэзияның мазмұны тарихи уақыт өрісіндегі қарама-қайшы құбылыстардың шеңберіндегі ұлттық құндылықтардың қызметін анықтап көрсетіп, оны ұлт санасында сақтап отыруында. Халықтың тарих жағдайындағы ішкі күйзелісі, зиялылардың толғанысы, ұлт санасында сақталып, тарих бетінде қалатын елдік істердің бір таңбасы осы поэзия. Осы себептен ұлт тарихына жанашырлық танытқан қазақтың нағыз ғалымдары нағыз тарих құбылысы ұлттық идеяның поэзия бойында сақталатындығын ерте түсінген. Олар өз заманында қазақ руханиятының мұрагерлік сипатын жазып кеткен: «Жақсы, көркем жырда сол уақыттағы қазақтың болмыс салты көрініп тұруға лайық» [2. 302 б.].
Ұлттық идея иелері – тарихтың куәгері. Өз заманының болмысына куә болып, шындығын айтып кететін адам қазақ ұғымында ұрпақтың бабасы. Аға ұрпақтың бабалық тағылымы өзі көрген уақытқа, адам мен қоғам шындығына бағасын беруінде, сол қариялық қасиеті арқылы өнеге қалдыруда. Сондықтан да, ұлт тарихының рухани деңгейін, оны ұлттық тәжірибеге айналдырған адамдарды қазақ өмірінде баба дейді. Бабалардың идеясын біліп, тағылымын ұғу ұрпақтан талап етілген іс.
Қазақ жырауларының бабалық қасиеті өз заманының сыншысы болуында, елдің өткені мен болашағын, ұрпақтың бүгінгісі мен келешегін байланыстыратын, оларды біріктіріп отыратын құндылықтардың жолын аршып отыруында. Жыраудың тағылымды сөздері арқылы қазақ жырауларының ұлт әлеміндегі бейнесін, ұлтқа қажет идеяны қалыптастырып, оны тегістей таратып отырудағы толғаудың мазмұнын, қызметін терең ұғынуға болады:
Жамандық пен жөнсіздік,
Қайыстырды-ау белімді.
Небір-небір билерің,
Көргенсіз боп көрінді,
Бұларды көрген бабаңмын.
Бұлар да өтіп кеткен соң,
Өзінің елін бүлдірген,
Бәтуаға келмеген,
Сүргін салған жұртына,
Жесір қатын жетім ұл,
Тыңдамай датын, жылатқан.
Әзәзіл жолдан тайдырған,
Қайсыбірін айтайын,
Сіздерді көрген бабаңмын [3. 8 б.].
Бабаларымыз көңіл бөлген мәселе ел болып өмір сүру. Ел болып өмір сүрудің негізінде еркіндік идеясы жатыр. Ал, қоғамда еркіндік орын алу үшін ел басқарған және ел бастаған адамдардың жауапкершілігі шын мәнінде жүзеге асып отыруы қажет. Бабалар түсінігінің идеяға айналуы өмір қажеттігі, уақыт талабы. Әл-Фараби данамыз жазып кеткендей, «халықтар мен қалаларды ерікті түрде оқытып, үйрету үшін пайдаланатын адамдар – бойына ірі қасиеттер мен шешендік өнері дарыған адамдар» [4.704 б.]. Сол сияқты рухани қасиетімен, тағылымы мен ұрпаққа қамқор рухымен дана атанған бабаларымыз, ұлттың барлық өмірінен туындап, оның болашағына жалғасып жатқан нәрселерді зерттеп, ұлттың бойынан туатын және оның болмысына қызмет ететін игі нәрселерді көрсетіп, оның жолын үйрететін адамдар.
Ойшыл бабаларымыздың негізгі идеясы ұлттың рухын көтеру. Ол ақылды болу, ысырапшыл болмау, әдептіліктің жолын алдымен өз ісіңнен, өмір жолыңнан біріктіре білу, өмірдің шартын оймен ұғып, оны өткеруде түрлі амал-тәсілдерді ойлап табу. Қашан да ханның зердесінен басталып, халық мүддесіне жалғасатын нәрсе білім. Сол себептен халыққа да, тұлғаға да қойылатын талап ақылмен әрекеттеу:
Уа, хан ием, Хан ием,
Құлағыңды сал, ием.
Талан болды біздерден
Сансыз дүние-мал ием.
Оқ жарасы бітсе де,
Бітпес сөздің жарасы.
Көп ойланып сөйлеген,
Сөзіңнің болар расы [3. 10 б.]. Бабалар бұлар халқының тағдырына, өміріне жауапты адамдар. Олардың барлық болмысы халықтың рухани мүмкіндігі. Сондықтан да, жырау бабаларымыздың идеясы ұлттың барлық өмірімен жалғасады:
Қызыға берме ұрысқа,
Зияны тиер ырысқа.
Себепсіз еш ұрыс болмас,
Ұрыс болса тұрыс болмас…
Біреудің малы бұйырмас,
Тентек ханды ел сүймес.
Шатақ ерге қыз тимес.
Қанды көйлек киілмес.
Тұтқын қатын сүйілмес,
Кеуілің қанша сүйсе де,
Дұшпаныңа иілмес [3. 11 б.].
Бабаларымыздың ұғымындағы зиялы болудың мәнін түйіндейтін болсақ, тарих ішіндегі жеке адамды және ұлтты тұлғаландыратын құндылықтардың қызметін де біле аламыз. Бойдағы қасиетті күту жеке адамның міндеті, қасиет иелерінің рухын сақтау халықтың міндеті. Бабаларға жүктелген міндет ұрпаққа жаңа уақытта жеке адамның рухы мен ырысын қалпына келтіріп отыратын қасиет үлгілерін тарату. Сыпыра жыраудың толғаулары жыраудың қасиетін бейнелейді:
Мен жыраумын, жыраумын,
Шөп басында қыраумын.
Хан қасында төремін,
Ханға кеңес беремін.
Би қасында биікпін,
Ел ішінде иықпын…
Күш бар жерде қуатпын,
Өсек сөзден жырақпын [3. 11 б.]. Ханға кеңесін беру жыраудың парызы, оның осы парызының негізінде адам тұлғасының ерекше қасиеттері жатыр. Жыраулар өзге ұлт тұлғаларына қарағанда, елді ойлауға олардың сезімталдығы жетелеп отырады. Қазтуған жыраудың ата қоныспен қоштасуында елдің ертеңгі өмірін сезіп отырған жырау болмысының бейнесін көреміз:
Еділді алса – елді алар,
Енді алмаған не қалар?
Жайықты алса – жанды алар,
Жанды алған соң не қалар?
Ойылды алса – ойды алар,
Ойлашы сонда не қалар?
Қара мауыты мұшақат,
Бүтін тоғай жерді алар [3. 21 б.].
Адамзат баласы үшін жер – тіршілік көзі, өмір қуатының белдеуі – табиғат. Қазтуған жыраудың идеясы ұлттың негізгі мұрасы жердің адамға, ұлтқа берер пайдасын түсіндіреді. Оның ұғымынша жер тарылса, елдің де өрісі тарыла береді, ал, өрісі тарылған елдің адамының тұрмысы жатқа тәуелді болып шығады, мінезі өзгереді. Сондықтан да, жерді пайдаланудағы басты идея оның тағдырын қорғау амалымен жүріп отыруы тиіс. Себебі, жердің өмірі ол елдің өмірі. Оның қасиетін біліп, құнарын таныған адам жерді қадірлейді. Бұл қазақ танымының әлеуметтің құрылымын біріктіретін негізгі ұғым, негізгі ұстаным. Жер ұлт тіршілігінің кіндігі. Табиғаттың қасиетін бабаларымыз бірнеше қырынан түсіндіреді. Біріншіден, жер – жер бетіндегі барлық тіршілікке қажет нәрсенің тұтас негізі. Екіншіден, ұлттың болмысының кіндігі. Мыңдаған жылдардан бастау алатын ұлттың болмысы, тұрмысы мен мәдениеті, зиялы адамдардың тағдыры ел топырағының бойында қалады. Ата-баба рухын сақтау тарихтың рухы сіңген елдің топырағын құрметтеу, жерді сақтау. Үшіншіден, ұрпаққа жүктелетін идея ол жердің тазалығын сақтап, байлығын ысырап етпеу. Жырау әрі батыр тұлғаларымыз табиғатты адамзатқа, халыққа, ұрпаққа берілген Алла Тағаланың мүмкіндігі, тіршіліктің көзі деп сауатты түйіндеген.
Жыраулар ұғымында елді, жерді қорғау, сақтап отыру бұл елдік санаға тәуелді іс. Ал, оны ұрпақ танымында қалыптастыру тарихтағы елдің жермен тағдырлас өмірін бейнелеуде:
Ойыл да Қиыл, Жем, Сағыз,
Қайран саланың жатқан аңғары-ай,
Ақ шалмалы пірлердің,
Мешітке жаққан шамдары-ай!
Аузы түкті кәпірдің,
Күшті болған салдары-ай!
Кәпірден теңдік алуға,
Қайта келер деймісің,
Мұсылманның баяғы,
Шыңғыстан туған хандары-ай?! [3. 21 б.]. Ел кіндігі жерді қорғау батыр мен хандардың ғана емес, әулиелік қасиет қонған діни адамдардың да міндеті саналған.
Жыраудың қасиеті мен амалы оның айтқан өсиетінің тарих шындығын сақтап, тарихтың идеясы ретінде өзі өмір сүріп отырған уақыттан ілгері барып, сол ілгері барған уақыттың кеңістігінде тұрып, өзі өмір сүріп отырған уақытпен идеясы ілгері жүрген уақыттың арасындағы болатын тарихтың, сол тарихтың бойында орын алатын әлеуметтік жағдайларды бейнелеп, қоғам алдында елдіктің мәселесін көтеріп отырады. Мәселен, Қазтуғанның айтқан ойлары тұлпардың үстінде жүріп соғысатын қазақ батырларының тұлғасын күні бұрын көрсетіп тұр. М. Жұмабаевтың «Оқ жетпестің қиясында» атты өлеңінде ХV ғасырларда өмір сүрген қазақ жыраулары мен алаш зиялыларының өмір сүрген уақыты арасындағы қазақ идеясының тарих шындығына айналған, ұлттық идеяны қалыптастырып отырған тарихтың иелері қазақ батырларының болмысы көрсетіледі.
Батырларымыздың заманындағы рух уақыт өрісіндегі ел болмысының тазалығын, халықтың арман тілегімен дүниеге келетін ұрпақтың қасиетін бейнелейтін құбылыс. Қазақтың «Ата-баба» түсінігі осы бабалар қасиетінің ел үшін дарып отыратын, ел тағдыры үшін топырақта сақталып қалатын себебін дәлелдейді. Сондықтан да, жырауларымыздың түсінігінде ұлт рухының сақталуына күш беретін нәрсе – рухани тазалық.
Тазалық, имандылық, адамгершілік орын алған ортада бабалар идеясы тұрақтамақ, бабалар идеясы бұл – адамның қасиетін, жер киесін, ел иесі ұлттың рухын қорғайтын нәрселер. Ал, бұлар сақталған жерде, қоғам болмысы өзінің ішкі қуатына ие болып отырады.
Бабаларымыздың өсиетіндегі идея ел қорғаған бабалар, ел үшін мерт болған бабалар рухы қорғалса, ұлт өз жеріне иелік етеді. Сондықтан да, қазақ топырағында ертеден бері келе жатқан идея аруақты құрметтеумен тығыз байланысты. Оның ұлттың санасында өмір сүретін бейнелерінің бірі М. Жұмабаевтың поэмасында көрсетілген:
Содан бері бірталай заман өтті,
Алашты улай-улай жаман өтті.
Тұлпар – тулақ, ер арып аруақ боп,
Сары арқа сайран жердің сәні кетті.
Жолбарыстар жорытатын сары далада,
Қорсылдаған доңыздар мекен етті.
Жалғыз-ақ Оқ жетпестің қиясында,
Шөккен қарт күн шығысқа түзеп бетті.
Көп заман талмай-тозбай тау басында,
Алаштан Кенекемдей бір ер күтті [5. 184 б.]. Идея тек айтылатын ой немесе сөз емес. Ол халықтың арман-тілегімен, ойшылдардың сезімталдық қасиетінен туатын білім. Ұлттың қауіпсіздігін, тәуелсіздігін қорғайтын, соны қамтамасыз етуге бағыт алған білім. Не себептен, жырауларымыз, әулие ойшылдарымыз уақытында келер уақыттағы қоғам болмысын біліп отырса да, ұрпақтан күдер үзбейді? Келер уақыт ішінен қазақтың талай аруақты адамдарының дүниеге келетіндігін алдын-ала біліп айтып кеткен. Бабаларымыздың келер ұрпақтан үміт күту себебі, соларға қажет нәрселерді идея ретінде болашаққа ұсынады:
Адыра қалғыр көк Жайық,
Аңырап қалған қонысым!
Қонысымнан ауған соң,
Кетпегей еді ырысым.
Таудағы тарлан бөрі едім,
Тарылған сынды тынысым.
Кейінгі өскен жас бала,
Ақ балтырын түрініп,
Басарына ерініп,
Көкірегі күйініп,
Тек тірлікке сүйініп,
Ықтиярсыз жүгіріп,
Аузы түкті кәпірдің,
Етпегей еді жұмысын! [3. 22 б.]. Бұл Қазтуған жыраудың өсиеті. Қазақ жыраулары, осылайша, өз идеяларын ұлттық мұра ретінде ұрпаққа табыстап отырған. Айтылған ойдың уақыт шындығына айналуы бұл әрине ұрпақ үшін идея, ал, идеяның рухани мұра деңгейіне жетуі бұл жырау бабаларымыздың қасиеті.
Қазақ идеясының мұрагерлік қызметін оны қалыптастырушы қазақ тұлғаларының даналығы негізінде зерттеу қазақ идеясының тарихтағы негіздерін ашады. Тарих болмаса, идея өмір сүрмейді, ойшылдарымыздың идеясы тарихты байланыстырып, тұлғалардың бейнесін сақтайды. Тұлғалардың шоғырланған жерін және сол жердің қасиетін бейнелейді. Бұлай бейнелеудің мәні ата мекен кеңістігіндегі сақталатын бабалар ізін жалғау. Жыраудың айтқан ойы оның арманы да, өз заманында атқарып үлгере алмаған ісі де болуы мүмкін. Бірақ, оның ойы тарихтың бойында, халықтың санасында сақталса ол орындалады. Себебі, уақыты өзге болса да тұлғалардың өмірі бір, тұлғалық қасиеті бір, талабы ұлтының мүддесімен ортақтасып отырады.
Идея – адамның қасиетінен, ішкі дүниесінен туатын білім. Қасиеті арқылы уақыт өрісіне тереңдейтін ойшыл адамдар олар алдымен заманның жағдайын танушылар. Олардың танымы, бейнелеуі тарихтың дүниесіне айналады. Қазақ хандығы құрылған дәуір тұсындағы жырауларымыздың идеясы елдіктің бағытын айқындауға бағытталса, одан кейінгі өмір сүрген ойшылдарымыздың идеясы сол елдіктің тағдырын, тарихи күшін бейнелейді. Ұлттық болмыстың қабырғасын қайта тікейтуге күш салғандығы сезіледі.
Асанқайғы қазақтың әрбір жерінің қыр-сырын зерттеген адам. Жердің қасиетін танып, сырын көрсеткен. Жердің қасиетін, табиғатын зерттеу мемлекеттің даму бағытын негіздейтін идея. Бұл ұлттық қауіпсіздіктің негізгі бағыты. Себебі, жердің астындағы және үстіндегі байлығын қорғау ол халықтың дәстүріне айналуы тиіс, дәстүрге айналған идея халықтың бойына сіңеді, ұлттық ділдің рухани көзіне айналып қалады. Бабалар ұсынысы ол әрбір кезеңнің талабына сай іс істеу, қоғамға қызмет ету. Ұзақ тарихы бар ұлттың болмысы сол табиғатпен тығыз байланысты. Осы себептен жырауларымыздың рухани мұраларында адамның өмірі, ұлттың тәуелсіздігі, елдің тыныштығы ата мекен өрісімен қатар өрбіген.
Ойшылдарымыздың айтып кеткен ойлары өмір шындығы, сол өмір шындығынан туған ойлар тарих шындығына айналып отырады. Мәселен қазақтың табиғатты қорғау идеясы табиғаттың өміріне қайшы келмейтін өмір сүрудің ұлттық ережесін қалыптастыруға бағытталған. Ал, ұлттың өмірін қамтып отырған тәжірибелердің ұлттың дәстүрін қалыптастыруы алдымен оның ұлт мүддесіне қажет идеяға айналуында. Оның идеяға айналу себебі – бұл жырауларымыздың ата дәстүрді жан-жақты меңгеріп, ұлттың өміріне қайшы келетін нәрселермен күресіп отыруында. Ойшылдар идеялары, даналығы арқылы ұлт зиялыларын да қамқорлайды:
Мүритін тауып алмаса,
Азғын болса пір ғаріп!
Ата жұрты бұқара
Өз қолында болмаса,
Қанша жақсы болса да,
Қайратты туған ер ғаріп [3. 15 б.].
Адамның дүниеде сақталатын, мәңгі өмір сүретін (оның жаны) рухы, идеясы. Ойшыл адамдардың рухы мен идеясы ол үнемі ұрпақтың рухани өмірінде оларға үлкен міндеттерді жүктеп отырса, сол міндеттерді дұрыс атқаруда әрбір ұрпақ, өсиетіне ойымен де, ісімен де жауап беріп отырады. Тұлғаның ойлауы ол алдымен өз жауапкершілігінен бастап, барлық өмір жолын бейнелейтін ұғым. Тұлғаның парасатты әрекеті нәрсенің қыр-сырын білумен, танумен ғана шектелмеген, ойшыл адамның танымы көрген, білген, таныған нәрсесін болашаққа бағыттайды. Олардың идеяларының өз уақытынан жүйрік келуінің бір себебі осында. Бұл даналықтың ғана емес, даналықтың ерекше құбылысын туғызатын әулиелік қасиеттің де белгісі.
ХVІІ ғасырда өмір сүрген Жиенбет жырау мынадай өсиетін қалдырған.
Керегеге ілінген
Шабылмаған семсер тұр.
Жаудан алмай кегімді,
Есілде өмір өткен құр.
Азап шектім аралда
Ханға қарсы тұрам деп.
Түн ұйқымды бөлгенмін,
Жұртымды жөнге салам деп.
Бас кессе де басылмай,
Ақ ісімді жасырмай,
Атқа мінген ер едік,
Қашырды бүйтіп елімнен
Күйеуден безген қатындай [3. 42 б.]. Бабаларымыз не себептен әуелі қоғамын, сол арқылы өзінің еркіндігін, халық алдындағы жауапкершілігін айтып кеткен. Ойшылды ұғу даналықты білу, тұлғаның тарихын қадірлеу ісі қазақ руханиятында үнемі ескертіліп отырған. Себебі тарихи өмірдің шындығын қоғамның жақсы да және көлеңкелі, көмескі жақтарымен де көрсетіп отырады.
Қандай тарихи жәдігер болмасын, иесі болмаса, ол тарихи зат болып қалады. Егер де, ұлттың қасиеті қоғам бойынан алшақтаса, тарих тек қана кітапқа айналады. Тарихтың идеяға айналуы, идеяның халықтың танымында өмір сүруі, мемлекеттің ұстанымына айналуы бұл ұлттың қасиетінің сақталуын, орнына келуін талап етеді. Ойшылдар – ұлтының қасиетінің өмірі үшін күресетін адамдар.
Бұқар бабамыздың ойларын түйіндесек:
Шүршітпенен құлақтас,
Қырғызбенен жұбаптас.
Ортасында ұйлығып,
Кетпейін десе, жері тар,
Кетейін десе, алды артын
Қоршап бір алған кәуір бар.
Ұйлыққан қойдай қамалып,
Бүйірінен шаншу қадалып,
Сорлы бір қазақ қалды, ойла! [3.51 б.]. Осылайша бабаларымыз тарихтың сарынымен көрінетін мәселелерге тоқтап, болашақ ел алдындағы ұлттық мәселені зерделеп кеткен. Олар ұлттық идеяның өмір сүруін қамтамасыз ету үшін, қоғамға қажет мемлекеттің ұлттық идеологиясын да қалыптастырған. Олардың тарихи идеялары халықтың санасын мемлекет мүддесіне бағыттаған:
Мұсылманның баласы,
Сірә, бір кеңес құрыңыз.
Бір ауызды болыңыз! [3. 55 б.].
Ұлт, халық, ел, мемлекет бір-бірімен байланысты ұғым. Себебі, ұлтқа адамдық, елге адалдық, халыққа туыстық, мемлекетке жанашырлық адамның қасиетінен басталады. Әлеуметке ортақ адами қасиеттерден туындайтын адамгершілік жолдары ұлт пен жеке адамды, жеке адам мен қоғамды, ел мен ерді санада біріктіріп отырады. Адами қасиеті мол адамдар өмірдің талабымен, халықтың қалауымен ұлт ісіне барады. Қоғамда игіліктің жолын салып отырады. Тарихи өмір осылайша мемлекетке дұрыс қызмет ететін, халқын сақтайтын адамдарды қоғам алдында іріктеп отырады. Нағыз зиялы адамдарға халықтың қарап өмір сүруі ел өмірінің талабымен келетін әділеттіліктің көрінісі.
Қазақ идеясының мұрагерлік сипат алуы бабаларымыздың тарихтың шындығын ұлттық өмір сүру тәжірибесіне айналдыруында, ұрпақтың сол тәжірибе негізінде ұлттық дамудың жолын сақтап отыруы рухтың тұтастығы мен ұлттық идеяның тереңдігін дәлелдейді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-30 жылдарында. – Алматы, «Санат», 1994. – 416 бет.
2. Бөкейханов Ә. Шығармалар. – Алматы: Өнер, 1994. – 383 бет.
3. Жеті ғасыр жырлайды: екі томдық. Алматы: Жазушы, 2008. 1-том. – 400 бет.
4. «Түркілік тәрбие» антологиясы. – Алматы: Интеллсервис, 2013. – 1004-бет.
5. Жұмабаев М. Шығармалар жинағы. 3-том. Аудармалар, ғылыми еңбек, мақалалар. – Алматы: Жазушы, 2003. – 232 бет.