Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Екатеринбургткен келген ғалым студенттерге дәріс оқуда

Екатеринбургткен келген ғалым студенттерге дәріс оқуда

Жұбанов университетіне  филология факультетінің орыс тілі мен мәдениетаралық қарым-қатынас кафедрасының шақыруымен, академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында  Ресей мемлекеттік кәсіби педагогикалық университеті психологиялық-педагогикалық білім беру институтының профессоры, орыс және шет тілдері кафедрасының меңгерушісі, педагогикалық ғылымдар докторы Евтюгина Алла Александровна келді. Екатеринбург қаласынан келген профессор 9 сәуір мен 21 сәуір аралығында «Орыс тілі мен әдебиеті» және «Орыс тілінде оқытпайтын мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті» мамандықтарының 3-курс студенттеріне «Орыс тілін оқытудың әдістемесі» пәнінен сабақ жүргізеді.

Сондай-ақ профессор «Мәдениетаралық коммуникация ғаламдық контексте: тіл, әдебиет және оқыту әдістемесі мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның пленарлық мәжілісінде баяндама жасайды.

Алла Александровна 2000-2014 жылдар аралығында Ресей мемлекеттік кәсіби педагогикалық университеті орыс тілі мен сөйлеу мәдениеті кафедрасының меңгерушісі болса, 2014 жылдан бастап орыс және шет тілдері кафедрасының меңгерушісі қызметін атқаруда. 2013 жылы ол Уралда шетелдіктерді тестілеу орталығын ұйымдастырды және 2013 жылдан бүгінгі күнге дейін сол орталықтың директоры қызметін қатар алып келеді.

 

Профессор А.А. Евтюгинаның ғылыми ізденістерінің бағыты – орыс тілін оқыту әдістемесі, кәсіби педагогикалық білім беру әдістемесі, мәдениетаралық қарым-қатынас.

Профессор А.А.Евтюгинаның бұл университетімізге екінші сапары, ол  2015 жылы да келіп, дәріс оқыған.