Воскресенье, Июль 21, 2024
Басты > Жаңалықтар > Поляк профессоры А.Скалий қос дипломдық білім туралы түсіндірді

Поляк профессоры А.Скалий қос дипломдық білім туралы түсіндірді

Бүгін Халықаралық ынтымақтастық орталығының ұйымдастыруымен Польшаның Экономика университетінің профессоры А.Скалийдің Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенттерімен кездесуі өтті. Поляк профессоры академиялық ұтқырлық және қосдипломдық бағдарлама туралы студенттерге толық ақпарат беріп, шетелде білім алудың артықшылықтарын сөз етті.

«Қазіргі кезде жастардың білім алуларына мүмкіндік зор. Әсіресе шетелде оқу халықаралық деңгейдегі білім мен диплом алуға жол ашады. Жас маман өз елінде ғана жұмыс тауып қоймай, шет мемлекеттерде бағын сынап, мол тәжірибе жинақтайды. Біз бүгінде мұндай мүмкіндікті студенттерімізге жасап отырмыз. Қазақстан мен Польша арасындағы ынтымақтастығымыз екі университеттің серіктес болуына үлесін қосуда. Атап айтқанда, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті мен Польшаның Быдгощ Экономика университеті арасында халықаралық байланыс жақсы дамып келеді. Біздің университет сіздерді қабылдауға әзір»,-деді поляк профессоры студенттерге арнаған өз сөзінде.

Қазіргі күні кәсіби-шығармашылық факультетінің 6 студенті Быдгощ қаласындағы Экономика университетінде қос диплом бағдарламасы бойынша білім алып жатыр. Олар «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша өз университетіміздің және «Спорт менеджері» мамандығы бойынша поляк университетінің дипломына ие болады. «Біздің университетте студенттер өз университеттерінде оқыған пәндерін қайта оқымайды. Біз сіздердің оқу бағдарламаларында енгізілмеген пәндерді оқытамыз, себебі бір пәнді екі рет оқудың маңызы жоқ. Бізде сабақ көбіне практика түрінде өткізіледі»,-деді А.Скалий.

Кездесу барысында Польшаның білім беру жүйесі, шетелдіктерге деген поляк ұлтының көзқарастары, жалпы аталмыш мемлекетте өмір сүру туралы айтқан поляк профессорының сөзіне Польшада білім алып келген педагогика, шет тілдер және кәсіби шығармашылық факультеттері студенттерінің айтқан пікірлері дәлел болды. «Бізді Польша жақсы қарсы алды. Сабақтың көп бөлігі практика түрінде өтті. Студенттермен оқытушылардың арасында еркін қарым-қатынас орнатылған. Қажетті пәнді өзіміз таңдап оқыдық. Сонымен қатар әр студент өзі таңдаған үйірмелерге 50 пайыздық жеңілдіктермен қатыса алады. Мәселен, салауатты өмір салтын ұстанатын студенттерге спорт залдары, жүзу бассейндерінің есігі ашық. Бір сөзбен айтқанда бұл елде білім алу болашағымызға үлкен мүмкіндіктер береді»,-деп шет тілдер факультетінің студенті Танжарикова Айдана Польшадан алған әсерімен бөлісті.

Қос диплом бағдарламасымен білім алу ақылы, яғни студент оқу ақысын өзі төлейді. Дегенмен, университет жанында студенттердің жұмыс істеуіне толық мүмкіндік бар. Олардың жалақылары оқу ақысын толық өтеуіне жеткілікті екенін А.Скалий мен оқып келген студенттер сеніммен атап өтті. «Әрине, оқу ақылы, себебі студенттер Еуропа елдерінің барлығына жарамды диплом алып шығады. Дегенмен, шын мәнінде дүниежүзілік стандартқа сай диплом мен білім аламын дейтін студенттерге мүмкіндік мол»,-деді А.Скалий.

Быдгощ Экономика университетінде «Спорт менеджері» мамандығымен қоса «Мехатроника», «Халықаралық бизнес» және «Халықаралық туризм» мамандықтарымен қос дипломдық бағдарлама жүзеге асырылу жоспарда. Университеттің осы мамандықтарда оқитын студенттерінің Быдгощ Экономика университетінде халықаралық стандартқа сай диплом алу мүмкіндігі зор.