Понедельник, Апрель 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > ҚР Білім және ғылым министрлігінің грантын жеңіп алды

ҚР Білім және ғылым министрлігінің грантын жеңіп алды

2021-2022 жылдарға арналған жас ғалымдардың  ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларының гранттық қаржыландыру конкурсына Жұбанов университетінің   физика-математика ғылымдарының кандидаты,  қауымдастырылған профессор Людмила Мясникова мен  PhD, қауымдастырылған профессор Нұргүл Жантуринаның  жетекшілігімен екі жоба қатысты.

Қауымдастырылған профессор Людмила Мясникова конкурсқа «KI, RbI және CsI кристалдарының люминесценция механизмдерін катион-гомологтармен және төменгі температуралық деформациямен белсендірілген кезде эксперименталдық зерттеулері» тақырыбындағы жобасын ұсынды.

Аталмыш жобада KI, RbI және CsI кристалдарындағы рентгенолюминесценция, фотолюминесценция, туннельді және термоынталандырылған люминесценция спектрлері катион-гомологтармен (ε=1%) локалды деформация торының симметриясы төмендеген кезде, спектрдің (140 нм-ден 1000 нм-ге дейін) және температураның (100-400 К) кең интервалында фотондарды санау режимінде және Қазақстан Республикасында баламасы жоқ спектроскопиялық эксперименттік қондырғыларда зерттелетін болады. Жобаның басты мақсаты  — электронды қозудың радиациялық релаксациясына деформацияның тікелей әсер етуі кезінде өздігінен қармалған экситондарды немесе электрон-кемтік жұптарын тиімді қалыптастыру арқылы KI, RbI және CsI кристалдарының люминесценциясының қарқындылығын күшейту әсерін эксперименталды түрде анықтау.

Ал, PhD, қауымдастырылған профессор Нұргүл Жантуринаның «Ln2+, Ln3+,Ln4+ қоспаланған перовскиттер мен гранаттар негізінде функционалдық материалдардың спектроскопиялық зерттеулері» тақырыбындағы жобасы люминофорлар мен жаңа фотоэлектрлік құрылғылар ретінде пайдалану үшін Ln2+, Ln3+ (2+ және 3+ қышқылдану күйіндегі лантан иондары) қоспаланған перовскиттер мен гранаттардың люминесценттік қасиеттерін синтездеуге және одан әрі зерттеуге бағытталған.

Кең спектроскопиялық сипаттамаларды – сәулелену, қозу спектрлерін, жоғары қысымды спектроскопияны, уақыт бойынша ажырататын спектроскопияны, фотоөткізгіштікті тіркеу жоспарлануда. Ферми статистикасын ескере отырып, флуоресцентті процестерді талдау әдетте назардан тыс қалатын жаңа ақпаратты ұсынуы керек. Атап айтқанда, p-n өтпелі қасиеттері бар диэлектриктердің екі қабатты құрылымдары жаңа электролюминесцентті немесе фотоэлектрлік құрылғыларды қамтамасыз ете алады. Диэлектриктерде 5-10 эВ шамасында тыйым салынған аймақ болғандықтан, p-n-ауысулармен байланысты электролюминесценция кең энергетикалық және спектрлік аймақтарды қамтуы мүмкін.

Айта кетейік, университеттің жас жас ғалымдары  Людмила Мясникова мен Нұргүл Жантуринаның ғылыми жобалары үш жылға есептелген, бұл қаржыландырудың жалпы сомасы 107 млн. теңгені құрайды.