Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университетінде отандық және шетелдік математика ғылымының майталмандары дифференциялды теңдеулер мәселелерін талқылады

Жұбанов университетінде отандық және шетелдік математика ғылымының майталмандары дифференциялды теңдеулер мәселелерін талқылады

Жұбанов университетінде VIIІ «Дифференциалдық теңдеулер, анализ және алгебра мәселелері» халықаралық ғылыми конференциясы өтті.

Педагогикалық технология саласындағы дифференциалдық теңдеулер, функционалдық талдау, алгебра, геометрия, компьютерлік математика және математикалық білім берудің қолданбалы міндеттерді зерттеу әдістерін одан әрі дамытуға ықпал ететін қолданбалы математика мен информатика мәселелері бойынша ақпаратпен алмасу, қазақстандық және шетелдік ғалымдардың жетістіктерін талқылау басты мақсат болған ғылыми шараға ҚР ҒжБМ Математика және математикалық модельдеу институтының, Украинаның ҰҒА Математика институтының, Т.Шевченко атындағы Киев ұлттық университетінің механика-математика факультетінің, Қырғыз-Ресей Славян университетінің, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ механика-математика факультетінің және Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-ң  ғалымдары қатысты.

Шараның ашылу салтанатында математика ғылымының дамуы және жоғарғы оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлестері үшін бірқатар ғалымдарға ғылыми атақтар мен медальдар табысталды. Олардың ішінде техника ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Ахметов (Алматы қ-сы) және физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Математика және математикалық модельдеу институтының Дифференциалды теңдеулер орталығының бас ғылыми қызметкері Анар Асанова (Алматы қ-сы) «Профессор» ғылыми атағына ие болса, Математика және математикалық модельдеу институтының Дифференциалды теңдеулер орталығының бас ғылыми қызметкері Дулат Жұмабаев (Алматы қ-сы) және Ресей Ғылым Академиясы Уфа Федералды орталығының Математика мен есептеуіш орталық институтының аға ғылыми қызметкері, профессор Марат Рамазанов (Уфа қ-сы, Башқұртстан) «Қ.Жұбанов» медалімен марапатталды. «Университетті дамытудағы үлесі үшін» төс белгісі физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Жақсылық Тасмамбетов (Астана қ-сы) және Сәбит Утарбаевқа (Ақтөбе қ-сы) табысталды.

Конференцияға қатысушыларды құттықтаған Жұбанов университетінің Стратегиялық даму бойынша проректоры Қуанышбек Шүңкеев маталмыш шараның маңыздылығын атап кетті.

Сондай-ақ Математика және математикалық модельдеу институтының Дифференциалды теңдеулер орталығының бас ғылыми қызметкері Дулат Жұмабаев және Ресей Ғылым Академиясы Уфа Федералды орталығының Математика мен есептеуіш орталық институтының аға ғылыми қызметкері, профессор Марат Рамазановтар да өз кезегінде конференцияға қатысушыларды құттықтап,  оларға табысты жұмыс тіледі.

1996 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан конференцияның жұмысы пленарлық мәжілістен кейін секциялық мәжілістермен жалғасты.


Аударған Ажаргүл Кунарова