Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Кезекті кездесу

Кезекті кездесу

Баршаға  белгілі, төтенше жағдай кезінде жалғасын тапқан оқу аптасының аяқталуы да жақын. Алда 2 аралық  бақылау мен 2 рейтинг қорытындысынан кейін емтихан апталары басталады.  Соған орай Жұбанов университетінің @zubanov_pressa және @zubanov.university инстаграм парақшасында ректор Бауыржан Ердембеков пен оқу және оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректор Бибігүл Абенова білім алушылармен кезекті онлайн-кездесуін өткізді.

Тікелей эфирді  23 мыңға жуық көрермен тамашалады. Кездесу барысында университет басшылары  қорытынды мемлекеттік аттестаттау, өндірістік практика, диплом жобасын және магистрлік диссертацияны қорғау, оқу ақысы сынды өзекті мәселелерге жауап беріп, жазғы сессияның ерекшеліктері туралы әңгімеледі. Сондай-ақ, тікелей эфирде жұбанов жастары мен  бір топ белсенді студенттер, ұстаздар қауымы мен университет басшылығына өздерінің алғыстарын білдірді. Кездесу сұрақ-жауап форматында өтті.

Тікелей эфирде келіп түскен маңызды сұрақтарды назарларыңызға ұсынамыз:

Сұрақ: Екінші аралық бақылау қалай өтеді, сол туралы айтсаңыз?

Жауап: Аралық бақылау бір аптадан кейін басталады. Қазірде кестесі жасақталып, дайындалып жатыр. Аралық бақылауды сіздер әдеттегідей офлайн режимде Univer базасына орындаған тапсырмаларыңызды жүктеу арқылы тапсырасыз.

Сұрақ: Оқу ақысы қалай төленеді?

Жауап: Қазіргі жағдайға байланысты оқу ақысын төлей алмаған студент оқудан шығарылмайды. Университетте оқу ақысын төлей алмай жатқан студенттер бар. Солардың ішінде 200-ге жуық студент университет ректорының атына өтінішін жазды. Өтінішті SmartARSU мобильді  қосымшасы арқылы «Темірқазық» студенттерге қызмет көрсету орталығына жіберуге болады немесе өтінішіңізді ақ параққа жазып (скриншот арқылы) факультет деканына жіберуіңізге болады.

Сұрақ: Мен физика-математика факультетінің 1-курс студентімін.  Бірінші семестрде бір пәннен балл төмен. Енді не істеуге болады?

Жауап: Бұл жерде оқытушы мен студенттің арасында диалог болуы керек. Бағасы жоғары болуы үшін студент оқытушыдан қосымша тапсырма алып, орындауы қажет. Сол арқылы өзінің балын жоғарылатуға мүмкіндігі бар. Бұл ретте жеке пән мұғаліміне, факультет деканына хабарласуы керек.

Сұрақ: Биыл диплом табыстау рәсімі өте ме?

Жауап: Университетте маусым-шілде айынан бастап диплом табыстау рәсімі өтеді. Егерде қазіргі жағдайға байланысты карантин аяқталатын болса, шілде-маусым айында диплом табыстау рәсімі өтеді…

Сұрақ: Магистратура емтихандары қалай өтеді?

Жауап: Магистратура бойынша кешенді емтихандар жүргізілмейді, тек магистрлік диссертация қорғау жүзеге асырылады. Магистрлік диссертация онлайн режимде Zoom платформасы арқылы  ауызша қорғау жүзеге асырылатын болады.Оған міндетті түрде қатысуларыңыз қажет.

Сұрақ: Мен Жұбанов университетінің «Экология» мамандығының 4-курс студентімін. Магистратураға оқуға түсу үшін басқа пән таңдауға бола ма?

Жауап: Жоқ. Академиялық айырмашылық ретінде тұрады. Кейін оқуға түскен соң академиялық айырмасын  тапсыратын боласыз.

Сұрақ: Қосдипломдық бағдарлама бойынша білім алып жатқан магистранттың басқа елде магистрлік қорғауы қандай форматта өтеді?

Жауап: Онлайн форматта өтеді. Қазіргі таңда шет мемлекетте 43 студентіміз бен магистранттарымыз білім алуда. Қосдипломдық бағдарлама бойынша және мемлекеттік емтихан әр университеттің өзінің ережесіне сай өткізіледі.

Сұрақ: Мен экономика және құқық факультетінің 2-курс студентімін. Бізде өндірістік практика болу керек. Биыл өндістірік практика болады ма немесе келесі оқу жылына ауысады ма?

Жауап: Біз келесі оқу жылына ауыстырмаймыз. Кез келген практика қашықтан қатысу деңгейінде өткізіледі. Бұл өндірістік практикаға белгіленген әдіскерлер міндетті түрде сіздермен байланысқа шығады. Олар белгіленген тасырмаларды беріп, практиканың алгоритмін түсіндіреді. Практиканың ережелері туралы университет сайтында «Университеттің академиялық саясаты» бөлімінен қарауыңызға болады.

Сұрақ: Мемлекеттік емтихан қашан басталып,  қашан аяқталады?

Жауап: Мемлекеттік емтихан университеттің академиялық күнтізбесіне сай 18 мамырда басталып, 26 маусымда аяқталады. Қорытынды мемлекеттік аттестаттаудың үш позициясы бойынша тапсырасыздар, бірінші – кешенді емтихан жиынтық бағалаумен суммативті бағалаумен ауыстырылады, бірақ кейбір студенттер өздері тапсыратын болса декандарға SmartARSU мобильді  қосымшасы арқылы өтініштерін жіберуге болады. Ал, ол өтініштер 8 мамырға дейін қабылданады.

Емтиханға қатысты қосымша айта кетейік,  Univer базасында қазақ, орыс тілінде нұсқаулықтар енгізілді, сол жерден қарап,  ақпарат алуға болады немесе университет сайтында әр факультеттің Call орталығына хабарласуыңызға болады.

Сұрақ: Мемлекеттік емтихан тек арнайы пәндер бойынша болады ма?

Жауап: Мемлекеттік емтихан – кешенді емтихан бойынша болуы керек. Кешенді емтиханның құрамына төменгі курста өткен базалық немесе кәсіптендіру пәндері кіреді. Кешенді емтихан бойынша процестің өзі болмайды. Егерде кейбір студенттер өздері өтініш білдіріп, кешенді емтиханның бағалауымен келіспеймін, бағалауды өзім тапсырамын дейтін болса, ол кезде емтиханды онлайн форматта ауызша тапсыра алады. Әрине, мемлекеттік емтихан талаптарына сай онлайн деңгейде өткізіледі. Оның арнайы талаптары бар, арнайы ережелері қазақ және орыс тілінде жасақталды. Ал, егерде диплом жобасын қорғамайтын болсаңыз, диплом жобасын дайындамаған болсаңыз, онда  сіз бейіндік пәндерден тапсырасыз. Ол да қашықтан оқыту бойынша Zoom платформасында өткізіледі.
Қосымша айта кетейік, мемлекеттік емтихан тест түрінде жүреді. Қазіргі уақытта мемлекеттік емтихан бойынша топ кураторлары мен факультет декандары егжей-тегжейлі түсіндіріп жатыр. «Қазақстан тарихы» пәнінен мемлекеттік емтиханды тапсыру жүйесі бойынша факультет  декандары сіздерге тапсырма береді. «Қазақстан тарихы» пәнінен мемлекеттік емтиханнан қандай баға алса, баға өзгертуге келмейді. Сол күшінде қалады.

Сұрақ: Үздік дипломға қойылатын талаптар қандай? Кімдер үміткер бола алады?

Жауап: Қазір үздік дипломға үміткерлерді анықтап жатырмыз. Үздік диплом алу үшін ең алдымен қойылатын талап 3.5 GPA болуы керек. Үздік диплом алушының GPA 3.5-төмен болмаса және қорытынды мемлекеттік атесттаттаудағы емтиханды «5» деген бағаға тапсырса үздік дипломға ие болуы мүмкіндігі бар.

Сұрақ: Мен 4-курс студентімін. Мемлекеттік емтихан тапсыру үшін ауылдық жерде тұратын болғасын ZOOM платформасы арқылы кіруге мүмкіндік жоқ. Мұндай жағдайда не істеуге болады?

Жауап: Бізде мемлекеттік емтихан тапсыратын студенттердің тізімі бар. Сол тізім бойынша студенттердің жағдайын жеке-жеке қарап шығамыз. «Кімде интернет жоқ, кім ZOOM платформасы арқылы кіре алмайды» деген мәселе бойынша тексереміз. Егер ZOOM платформасы арқылы тапсырған жағдайда техникалық ахауларға   қатысты мәселелер туындаса, арнайы комиссия қарап бұл мәселелерді мемлекеттік емтиханға дейін реттейтін боламыз.