Вторник, Март 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Диплом тапсыру салтанаты

Диплом тапсыру салтанаты

2017 жылдың  шілде айының 4-і  күні  Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында жоғары оқу орнынан кейінгі білім алушыларға «Ақ жол, 2017 жыл түлектері!» атты диплом тапсыру рәсімі өтті. Университет магистратурасын 13 мамандықтан 85 түлек бітіріп шықты.

Диплом табыстау рәсіміне түлектер, олардың ата-аналары, университеттің басшылары мен университеттің профессор-оқытушылары қатысты. Сарайға жиналған барша қауым басшылық  мантия киген түлектерді зор қошеметпен қарсы алды.

Шараны университеттің Ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры  Рахым Ағыбайұлы Бекназаров алғысөзімен ашып, ол: «Еңбек жолына басатын қадамдарыңызға құт тілеймін! Күннен күнге көркейіп өсіп келе жатқан алтын ұя білім ошағының тәлімі мен тәрбиесін азық етіп, республиканың түкпір-түкпірінде ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де баянды істеріңізбен, терең білімдеріңізбен университетіміздің атын шығара беріңіздер. Үлкен өмір жолына бастар қадамдарыңыз сәтті болсын! Алдағы уақытта тек жақсы жетістіктеріңізбен, жоғарғы көрсеткіштеріңізбен қуанта беріңіздер. Мен сіздерге университетіміздің атынан жоғары білімді, білікті маман болып, болашақта еліміздің өркендеуіне лайықты үлес қосады деп сенім білдіремін. Үлкен өмір жолына бастар қадамдарыңыз сәтті болсын!», — деп жас ғалымдарға ақ жол тілеп, бітіруші түлектерге өз қолымен диломдарды табыс етті.

Магистратураны аяқтаған мамандардың жетістігі оқу орнымен қатар, әсіресе, ата-аналары мен ұстаздардың мерейін асырып, қуанышқа бөледі.

Аталған шара  бітіруші түлектердің концерттік бағдарламасымен басталып, арнайы әзірленген слайдтар көрермендер назарына ұсынылды.

Әрі қарай Психология мамандығының түлегі Утемисова Гүлмираның сүйемелдеуімен Математика мамандығының түлегі Самұрат Айымторы және Информатика мамандығының түлегі Күзенбаева Айдана  «Gaudeamus igitur» атты студенттер әнұранымен жалғастырды.

Салтанатты жиында Биология мамандығының түлегі Мергенқызы Шолпан мен Психология мамандығының түлегі Утемисова Гүлмира сөз сөйлеп, университет басшылығы мен профессор-оқытушылар құрамына алғыстарын жеткізді.

Жиын соңында  бітіруші түлектер магистранттар кешінің дәстүріне айналған «Естеліктер» кітабына өздерінің шынайы тілектерін қалдырды.

Сандуғаш Байғұлқызы

Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ

Баспасөз қызметі бөлімінің маманы

«Білімді ел» газеті