Среда, Декабрь 7, 2022
Басты > Жаңалықтар > Ғылыми жоба авторлары марапатталды

Ғылыми жоба авторлары марапатталды

Жұбанов университетінің жаратылыстану факультетінің деканы Мұрат Махамбетовтың бастамасымен 2-4 курс студенттері арасында «Сенім-тірек» қоғамдық бірлестігі мен Экология кафедрасының бірлесе ұйымдастырған «Практикалық экологиялық білім беру мен өнеркәсіптік ағынды суды тазарту әдістері» тақырыбында ғылыми жобалар байқауы өтті.

Шараның негізгі мақсаты — су ресурстарын үнемді, ағынды суларды тазартуда тиімді технологияларды қолдану мен кәсіпорындарда тазалау қондырғыларының жаңартуды болашақ ұрпақтың жарқын идеялары арқылы қолға алу.

Үздік ғылыми жобаларды анықтау үшін комиссия ретінде жаратылыстану факультетінің деканы М.Ж.Махамбетов, «Сенім-тірек» қоғамдық бірлестігінің басшысы Т.Б.Кундолов, ЖШС «ВОДТЕХ» басшысы А.В.Мандрыкин және Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары А.И.Кубенов шақырылды. Байқауға қатысқан студенттер өзара тәжірибе алмасып, жоғары деңгейлі дайындықтарын көрсетті. Ғылыми жобаларды бағалау нәтижесінде 1 – орынға «Тұрмыстық қалдық ағызынды сулардың қала экологиясына әсері» тақырыбында – 4 курс студенті Бекзат Каухамбаева пен «Өндірістік ағын суларды тазартуда SBR реактор жүйесінің маңызы» тақырыбында – 1-курс студенті Мадина Капина ие болды, ал 2 – орынға «Аэротенки. Простой метод проведенный временем» тақырыбында – 3 курс студенті Нурзада Максутова мен «Очистка производственных сточных вод с помощью полей фильтрации» тақырыбында – 3-курс студенті Әсел Кенжеева, 3-орынға — «Ағынды суларды тазарту әдістері» тақырыбында – 2-курс магистрі Акбота Бекмухамбет мен «Ақтөбе облысындағы өндіріс орындарынан шыққан ағынды суларды тазалаудың экотехнологиялық жүйелері» тақырыбында – 1-курс магистрі Айдос Болатов иемденді.

Жоғарыда аталған жоба авторларының ғылыми жұмыстары әділ қазылар алқаларымен жақсы бағаланып, жүлделі орындарға ие болды. Аталмыш шара студенттерге ерекше серпін беріп, ғылыми жұмыстарға деген ынталарын арттырып, болашақ мамандықтарының маңызын айқындауға көмектесті.

Салтанат ТАЖЕКЕНОВА