Суббота, Октябрь 1, 2022
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университеті — сенің дұрыс таңдауың!

Жұбанов университеті — сенің дұрыс таңдауың!

Ғылым іздеп, сапалы білім, саналы тәрбие алған ұрпақ қана жоғары зияткер ұлт қалыптастырады, тәуелсіз мемлекетімізді өркендетеді. 1 қыркүйек – білім күні еліміздегі барлық  жоғары және орта білім орындары оқушылары мен студенттеріне есігін айқара ашты. Бүгін Жұбанов университеті де 1-курс студенттерін айтулы күнмен құттықтап, оларға білім кілтін салтанатты түрде табыс етті. Салтанатты жиынға  олардың ата-аналары, университет басшылығы мен профессорлық-оқытушылық құрамы, ардагерлер, кәсіпкерлер қатысты.

Шараны университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков өзінің құттықтау сөзімен ашып, университет ұстаздары мен студенттерін жаңа оқу жылының басталуымен арнайы құттықтады.  Білім ордасының басшысы атаулы мерекемен құттықтай келе ұжымға үлкен жетістіктер мен  шығармашылық табыс, мықты денсаулық және жаңа бастамаларына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, студенттердің ата-аналарына да ыстық лебізін жеткізіп, балаларының дұрыс таңдау жасағандары үшін өз ризашылығын білдірді.

Университет басшысы өз сөзінде білім ордасының жеткен жетістіктеріне тоқталып, алдағы атқарылатын міндеттерін  айқындап берді. «Биыл  Жұбанов университетінде «Балалар университеті» деген жоба өз жұмысын бастады.  «Балалар университеті» жобасы Германия, Австрия, Швейцария, Ресей университеттерінде жақсы нәтиже беруде. Қазақстанда  алғаш рет Жұбанов университетінде ашылған Балалар университетіне қала мектептерінен  ғылыми әлемге қызығушылығы бар және университетпен, студенттік өмірмен ертерек, жан-жақты жақын танысқысы келетін 11 жастан 17 жасқа дейінгі 60-тан астам оқушылар қабылданды. Жаңа жоба бүгінгі заман сұранысына қарай робототехника, бизнес, маркетинг, менеджмент, құқықтану, шығармашылық, психология, және т.б бағыттар бойынша ғылыми-тәжірибелік курстар жүргізеді. Сондай-ақ, «Балалар университетіне» келген әр мектеп оқушысының қай мамандыққа икемділігі, ғылыми потенциалы, қабілет қырлары, психологиялық ерекшеліктері айқындалады» — деді, ректор.

Сонымен қатар, биылғы оқу жылы білім алушылардың қатары бес мыңнан астам жаңа лекпен толығып отырғандығын ерекше атап өтті. Бауыржан Аманкелдіұлы:  «Менің таңдауым – Ақтөбе» деген жобаның нәтижесінде Жұбанов университеті студенттерінің саны биыл 16 мыңнан асса, оның 8 мыңы педагогикалық мамандықта оқиды. Осы оқу жылына 1-курсқа 6 мыңға жуық студент қабылданды. Соның ішінде 174-і «Алтын белгі» иегері, 200-ден аса оқу озаттары, халықаралық дәрежедегі олимпиада жүлдегерлері, спортшылар және қазақ еліне танымал жас өнерпаздар Жұбанов университетінің студенті атанды. 1400 студент мемлекеттік және әкім грантын алса,  Атымтай жомарт меценаттардың грантымен 50 млн теңгеге 161 студент білім алуда. Университет тарапынан 21 студент «Құдайберген Жұбанов атындағы грант» иегері атанса, 1200 студентке түрлі жеңілдіктер берілуде» — деді.

Айта кетейік, Жұбанов университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков  студент жастардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау,  жастарға әлеуметтік қызмет пен әлеуметтік қолдау көрсету және олардың әлеуметтiк маңызды бастамаларын iске асыруға мүмкіндік жасау мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Соның айғағы ретінде бүгін де «Құқықтану»  мамандығының 1-курс студенті Нарқыз Исимова,  «Ақпараттық жүйелер» мамандығының 1-курс студенті Алёна Попова, «Менеджмент» мамандығының 1-курс студенті Павел Кузнецов, «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының 1-курс студенті Алексей Тыщенко, «Құқықтану» мамндығының 1-курс студенті Дариға Ташауоваларға университет ректоры тағайындаған арнайы гранттар сертификаттары табысталды.

Сондай-ақ, бұдан бөлек бүгінгі шарада жаз бойы университеттің қабылдау комиссиясында жұмыс жасаған  «Жұбанов жылуы» еріктілер тобының  5 студенті ақшалай сыйлықтармен марапатталса, «Қабақ баба» қоғамдық қорының стипендиясы «Химия» мамандығының 2-курс студенті Үмітжан Сағитжанқызына, Әйтеке би атындағы  арнаулы стипендиясы «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының 2-курс студенті Ермахан Ибраимовқа, «Қолдау» арнаулы стипендиясы «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының  3-курс студенті Әбіш Тоқмырзаға табысталды.

Университеттің профессорлық-оқытушылық құрамының  білім, ғылым және тәрбие қызметін, кәсіби білімі мен ғылыми құзыреттілігін және осы саладағы студенттердің жетістіктерін бағалау рейтингісі бойынша байқау жүргізілген болатын. Мерекелік жиында аталмыш байқаудың қорытындысы бойынша үздік факультеттер мен кафедралары марапатталып, моноблоктар  тапсырылды.

Айта кетсек, биыл университеттің Кәсіптік бағдар беру бөлімі қызметкерлері көршілес  Өзбекстан Республикасының аймақтарын аралап, түсіндіру жұмыстарымен  айналысқан болатын. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 300-ге тарта шет елдік  мектеп бітірушілер Жұбанов университетіне оқуға түсуге тілек білдірсе, «Серпін» бағдарламасы бойынша университетке Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Алматы облыстарынан 166 студент қабылданып отыр. Бүгінгі шараға арнайы қатысқан олардың ата-аналары да толқып тұрғандарын жасырмады. Сонымен қатар, мінберде сөз алған  ардагер-ұстаз, профессор Жайшылық Сартабанов «Ғылым мен білімнің шыңына жету үшін аянбай еңбек ету керек» деп өз өсиетімен жастарға жақсы тілегін айтып, батасын берді.

Университеттің Баспасөз қызметіне  1-курс студенттері «Біз осы жерде жақсы білім алып, өмірден өз орнымызды табатынымызға сенеміз. Осы университетті аяқтап, сәтті карьера жасаған адамдарды білеміз. Біз дұрыс таңдау жасағанымызға сенімдіміз!», — деген ойларымен бөлісті.

Салтанатты жиын соңында құттықтау сөз сөйлеген Экономика және құқық факультетінің үздік студенті Алиасқар Отарбай  «Алтын белгі» иегері, техникалық факультетінің 1-курс студенті Әлібек Алшынбекке білім кілтін табыстады.