Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > «Жұбанов керуені» Қобда ауданында

«Жұбанов керуені» Қобда ауданында

Өткен аптаның соңғы күндері Жұбанов университетінің ректоры Ердембеков Бауыржан Аманкелдіұлының жетекшілігімен «Жұбанов керуені» Қобда ауданына барды.

Сапар барысында аудандық мәдениет үйінде студенттік клубтар жәрмеңкесі ұйымдастырылса, ауданның жас түлектеріне дұрыс мамандық таңдауда бағыт-бағдар беруге арналған «Мамандығыңды дұрыс таңда!» акциясы өткізілді. Бұл шаралар одан әрі  мектеп оқушыларының ата-аналарымен кездесу жиынына ұласты. Оған аудан басшылары да арнайы қатысты.

Аудан жұртшылығымен кездескен университет ректоры Бауыржан Ердембеков ата-анасының қамқорлығынсыз қалған  1 түлек пен 4 үздік мектеп түлегіне  Құдайберген Жұбанов атындағы грант сертификаттарын табыстады. Университетте білім алып жатқан қобдалық үздік студенттердің ата-аналары да марапаттан тыс қалмады. Сонымен қатар университет пен аудан арасында ынтымақтастық орнатуда қызмет көрсетіп жүрген білім беру саласының бір топ қызметкерлеріне де Алғыс хаттар тапсырылды.  Сондай-ақ, аудандық мәдениет үйінде өткізілген «Мамандығыңды дұрыс таңда!» акциясына қатысушылар арасынан 3 мектеп бітіруші түлекке Жұбанов университетінің оқу ақысына 25 пайыз жеңілдік сертификаттары тарту етілді.

Жиын барысында ҰБТ тапсыру ережелері мен жаңалықтары түсіндірілді. Аудандық мәдениет үйінде өткен басқосу кезінде  аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет мен Жұбанов университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков ынтымақтастық меморандумға қол қойды. Өз кезегінде  Бауыржан Аманкелдіұлы  «Абайтану» атты авторлық кітабын ауданның  барлық  мектептерінің кітапхана қорына табыстады.

Содан соң Қобыланды батыр атындағы мектеп гимназиясында кәсіпкерлік негіздеріне арналған курстар мен шеберлік сабақтары өтетін «Экономика және менеджмент» кафедрасының филиалы ашылды. Аталған филиалда жоғары оқу орны оқытушылары мен мектеп мұғалімдерінің бірлескен жұмысы жоспарлануда, сонымен қатар кәсіпкерлік негіздері бойынша курстарды, шеберлік кластарын, тренингтерді, жетекші бизнес-тренерлермен және университет оқытушыларымен ашық практикалық сабақтарды ұйымдастыру мен өткізу көзделіп отыр.

Шара соңында экономика магистрі, бизнес-тренер Н.Сұлтанмұратова «Бизнес идея» тақырыбында шеберлік сабағын өткізді. Сонымен қатар, мектеп базасында мұғалімдерге арналған Үздіксіз білім беру институтының тренинг-семинарлары өтті.

Кездесу соңында аудан әкімі М.З.Шермағанбет Қобда ауданына  барған «Жұбанов керуені» тобының жұмысына сәттілік тілеп, ризашылығын білдірді.

Айта кетейік, «Жұбанов керуенінің» келесі сапары 26 қазан күні Қ.Жұбановтың 120 жылдығы мен ғалым Е.Жұбановтың 90 жылдық мерейтойы аясында  Мұғалжар ауданында өтеді.