Вторник, Январь 31, 2023
Басты > БАҚ біз туралы > Абайды оқы, таңырқа!

Абайды оқы, таңырқа!

Биыл ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай еліміздің әр өңірінде төтенше жағдай кезеңінде онлайн форматта түрлі байқаулар мен челлендждер ұйымдастырылуда. Бұған дейін білім сайыстарында жүлделі орындарды иеленіп жүрген облыстың бірқатар білімді жастары бұл шараларға да белсене атсалысуда.

Әйтеке би ауданы Аралтоғай ауылындағы С.Оразалин атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Дариға Нысанқұл жуырда «Ақтөбе-Дарын» ғылыми-тәжірибелік орталығының облыстағы дарынды жастарға арналған жетістіктер көрмесі челленджіне қатысып, ауданның намысын қорғады.

Өткен жылы Семейде өткен республикалық «Абай оқулары» байқауына қатысып, «Ұлылар әлемі» бағыты бойынша 2-орынды иеленген Дариға биыл Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Қ.Жұбанов атындағы білім грантынжеңіп алды. Сондай-ақ талантты жас Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық даму істері басқармасының қолдауымен «Мен жастарға сенемін» атты дәстүрлі жас ақындар мүшәйрасында үздік 30 ақынның қатарынан табылып, өлеңдері жинаққа енгізілді.

— Ұлы Абай туған өлкеге барып, ақын әлеміне саяхат жасау — мен үшін үлкен жетістік. Ал республикалық байқауда облыстың намысын қорғау — зор мақтаныш. Осы орайда мені қолдап, маған үміт артқан ата-анама, ұстаздарым Қалқа Құлынтаева мен Гүлсезім Сағынтаеваға ерекше алғысымды айтамын, — дейді Дариға.

Отбасында бес баланың үлкені кішкентай кезінен өлеңге құштар боп өсіпті. Бастауыш сыныптан бастап өлең шығарып, ұстаздарының көзіне түскен Дариға қазір ауылдағы озат, өнерлі жастардың бірі.

Абайдың шығармаларын сүйіп оқитын ол ұлы ақынға, сондай-ақ әртүрлі тақырыптарға арнап өлең шығарған. Мектепте шығарма жазудан үздіктер қатарында келеді.

— Абай мұрасы — асыл қазына. Абай атамыздың өмір жолы мен шығармаларын оқып, оның әлемін тани түскен сайын танымың артып, білім көкжиегің де кеңейе түседі. Ұлы ақынның шығармаларын біз көздің қарашығындай сақтауымыз қажет. Биыл Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойында оның шығармаларын өзге ұлт өкілдері мен шетелдерге насихаттап, қазақ халқының рухани мұрасын танытуымыз керек. Осы орайда мен облыстағы барлық қатарластарымды ақынның мерейтойына атсалысуға шақырамын,— дейді Дариға Нысанқұл.

Ал Ақтөбе қаласындағы №13 орта мектептің 11-сынып оқушысы Ақниет Абсат Абайдың  30-ға жуық өлеңі мен 30-дан астам қарасөзін жатқа біледі.

Бұған дейін облыс, республика көлемінде пәндік, интеллектуалдық сайыстарда жүлдегер атанған ол ақын шығармаларын жатқа оқудан өткізіліп жатқан челлендждерге белсене атсалысуда. Сондай-ақ Ақниет өлең шығарып, домбырамен Абай әндерін де орындайды.

Жетекшісі, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Зульфия Мұқашева жан-жақты, өнерлі оқушысының жетістігіне әрдайым қуанып, сенім артып отырады.

Мен кішкентай кезімнен Абай, Ыбырай аталарымыздың шығармаларын оқып өстім. Әсіресе, ұлы ойшылдың қарасөздерін ерекше жақсы көремін. Оқыған, жаттаған адамға ерекше ой салатын, ақыл-кеңес беретін ақынның қарасөздері — ең құнды еңбектер. Болашақта Абай атамыз сияқты бірнеше тілді жетік білетін, еліме адал қызмет ететін азамат болғым келеді, — дейді Ақниет.

Оқудан бөлек бос уақытында спортпен айналысатын ол қазіргі таңда Қазақстан Республикасының бокстан спорт шеберіне үміткер.

Жан-жақты, өнерлі жасқа мектептегі ұстаздары дән риза, ал достары үнемі мақтап жүреді.

Данагүл ҚАЗИХАН.

https://aqtobegazeti.kz/?p=86927