Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Балаларға қуаныш сыйлады

Балаларға қуаныш сыйлады

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Жұбанов университетінің Бастауыш кәсіподақ ұйымы  ұйымдастырған шығармашылық  байқауының жеңімпаздары анықталды.

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні, бұл мейрам барлық елде 1950 жылдан бастап тойланып келе жатыр. 1  маусым — балалар үшін ең қуанышты мерекелердің бірі және ата-аналардың өз балаларына қуаныш пен махаббат сыйлау мүмкіндігі. Сондай-ақ, бұл мереке балалар қамқорлық пен қорғауды қажет ететінін еске салу болып табылады.

Бүгінгі мерекелік іс-шараға балалар өз ата-аналарымен бірге келді.  Кішкентай таланттар мереке тақырыбына сурет салып, университеттің 85 жылдық мерейтойына орай періште тілегін білдірді. Мерекелік шарада олар  ән айтып, би билеп өз өнерлерін де ортаға салды.  Айта кетейік, жарысқа барлығы 40 бала қатысты.

Байқау нәтижесі бойынша 1 орын және 50 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық Еркеназ Темірханға бұйырды. Ал 2 орын мен планшетке Алдияр Күйкенов ие болды,  3 орынға ие  болған Түлкібаева Аяжан, Гаяна Нұрлан мен  Несібелі Базарбайға смарт  сағаттар тапсырылды.

Кәсіподақ ұйымының төрайымы Ольга Сұлтанғалиеваның айтуынша, балалардың арасынан  нағыз дарын иелерін кездестіруге болады. Байқауға ұсынылған шығармашылық жұмыстардың  бәрі өзінің айқын бояуы, өзіне тән образдылығы мен тақырыптық мазмұны жағынан бір-бірінен ерекше болды. Осылайша, барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтары берілді.

Ата-аналар мен балалар естен кетпес мереке ұйымдастырғаны үшін өз ризашылықтарын білдірді.