Суббота, Апрель 27, 2024
Басты > Жаңалықтар > «Болашақ» стипендиясына үміткер іріктеудің жаңа ережесі бекітілді

«Болашақ» стипендиясына үміткер іріктеудің жаңа ережесі бекітілді

Жұбанов университеті Халықаралық бағдарламалар орталығымен бірлесіп «Болашақ» стипендиясының жаңа ережелерін түсіндіру бойынша онлайн-брифинг ұйымдастырды.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 6 мамырдағы №271 Қаулысымен «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу және «Болашақ» халықаралық стипендиясын жұмсау бағыттарын анықтау ережелеріне өзгерістер енгізілді.

Студенттер мен магистранттарға «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеудің жаңа ережелері туралы айтылды. Барлық квоталық Санаттар жойылды.

«Болашақ» – бұл мыңдаған жастар үшін сапалы білім алып, еліміздің дамуына үлес қосуға мүмкіндік берген бағдарлама. Дегенмен, бағдарлама талаптарын жетілдіру қажеттілігі туындағаны анық. Көптеген ұсыныс айтылып, олардың басым бөлігі ескерілді. Бұдан былай халықаралық стипендияны шетелдік жетекші жоғары оқу орындарынан шартсыз шақыруы бар үміткерлер ғана иелене алады. Тек ауылдық елді мекендердің үміткерлері үшін ерекшелік қарастырылған, олар алдын ала тілдік дайындықтан өте алады.

Өзгерістер ең алдымен «Болашақ» стипендиясына үміткерлерді конкурстық іріктеу процесіне, сондай-ақ конкурсқа қатысудың бастапқы талаптарына қатысты.

Конкурстық кезеңдер саны 6-дан 3-ке дейін қысқартылды, атап айтқанда уәждемелік пен ұсыныс хаттарды бағалаудың іріктеу кезеңдері, сонымен қатар мемлекеттік және шет тілдерін білуге арналған кезеңдер алынып тасталды. Үміткерлер өздігінен тест тапсырып, құжат өткізген кезде мемлекеттік тілді білу туралы сертификаттарын ұсынуы керек. Ауылдық жерлерден келген үміткерлер қосымша шет тілін білу туралы сертификаттарды ұсынады. Мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтауға арналған сынақ Ұлттық тестілеу орталығының аймақтық филиалдарында өткізіледі.

Іріктеудің алғашқы кезеңі интеллектуалды қабілет деңгейін, жеке және іскерлік қабілет пен шетелде оқуға писхологиялық дайындығын анықтайтын кешенді тест түрінде өтеді.

Екінші кезеңде тәуелсіз сарапшылар комиссиясының мүшелерімен сұхбат өтеді.

Үшінші кезеңде шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссиясының отырысы өтіп, шәкіртақы иегерлерінің тізімі анықталады.

Айта кетерлігі, жаңа ережеде алдын-ала тілдік оқыту алынып тасталды. Ол тек ауылдан келген талапкерлер үшін сақталады және 6 ай мерзімі ішінде ағылшын тілін үйрену Қазақстан аумағында өткізіледі.

«Болашақ» стипендиясына үміткерлерді іріктеудің жаңа Ережелеріне сәйкес, ауылдық елді мекендерден қатысатын үміткерлер тек соңғы 3 жыл ішінде ауылдық жерлерде тұрып және оның 2 жылын жұмыс істеуге арнаған жағдайда ғана конкурсқа қатыса алады.

Басымдық берілген мамандықтар тізбесі еңбек нарығы қажеттіліктерінің орта мерзімді болжамын ескере отырып, ҚР Білім және ғылым министрлігі арқылы жасалады.

2020 жылға арналған «Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсының жеңімпаздарына ұсынынылатын жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының, шетелдік ұйымдардың және тілдік курстар тізімінің жобасы қазір келісілу үстінде.

Әлемнің жетекші университеттері тізімінің жобасы мынадай халықаралық академиялық рейтингтер бойынша анықталады: QS World University Rankings, Academic Ranking of World Universities, Times Higher Education World University Rankings, The U. S. News & World Report Best Global University Ranking.

Сонымен қатар, Тәуелсіз сарапшылар комиссиясының құрамы мен жұмыс регламентіне өзгеріс енгізілуде. Комиссия жұмысын қатаң реттей отырып, оның ашықтығын барынша күшейту жоспарлануда. Қазіргі уақытта Жұбанов университетінде «Болашақ» бағдарламасының 13 түлегі, облыс бойынша «Болашақ» бағдарламасының 144 түлегі еңбек қызметін жүзеге асыруда. Түлектер Ұлыбритания, АҚШ, Оңтүстік Корея, Израиль, Канада, Швейцария сынды елдердің  жоғары оқу орындарында ғылыми тағылымдамадан өтті.