Понедельник, Апрель 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Көңіл айтамыз

Көңіл айтамыз

«Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі,

«Мені» мен «менікінің» мағынасы – екі.

«Мен» өлмекке тағдыржоқ әуел бастан,

«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі.

Абай.

 

Бүгін өмірден өзінің қырық жылға жуық ғұмырын Жұбанов университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында адал қызметпен өткерген ардагер ұстаз, білікті ғалым, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Баян Тәліпұлы Бораш өтіпті.

Бүкіл саналы өмірін өскелең ұрпақтың білім беру ісіне арнаған ғалым-ұстаз өте кішіпейіл болатын, ішкі мәдениетінің жоғарылығы сол таза еңбекті ғана өзіне адал серік етті, көзі жеткен шындықтан еш уақытта артқа шегінбеді, көпшіліктің  мүддесін өзінің жеке мүддесінен қашан да жоғары қоя білді, талантты шәкірттеріне әдебиет атты әлемнің асыл мұратын түсіндіруден, үйретудін еш жалықпады. Мейірімді ұстаз-тәлімгердің өмірлік, ұстаздық һәм ғалымдық жолы ғылым әлеміне қадам басқандардың қай-қайсысына да өнегелі өмір жолы еді.

Ұстаздық пен ғалымдықты ұштастырған дана ағамыз Қ.Сәтбаевтың сөзімен айтқанда «үнемі оқу, іздену, талпыну, тану, өмір мектебінен өту арқылы ғылым майданының қатардағы жауынгерінен оның ірі қайраткері дәрежесіне дейін көтерілді». Ол ежелгі және хандық дәуірлердегі қазақ әдебиетінің тарихы, абайтану, аймақтық әдебиеттану, әлем және қазақ әдебиетінің байланыстары бойынша зерттеулер жүргізді. Әдебиетіміздегі адамның жас шамасының жырлануы, қазақ әдебиетіндегі хандар тұлғасының көркем бейнеленеуі мәселелерінің бастауында болып, оларға жаңаша көзқарас қалыптастыруға сүбелі үлесін қосты. Тынымсыз ізденіс пен қажырлы еңбектің нәтижесінде 1997 жылы «Қазақ поэзиясында адамның өмір кезеңдерін бейнелеу проблемалары» тақырыбында кандидаттық, 2010 жылы «Қазақ поэзиясындағы хандар бейнесінің эволюциясы» туралы докторлық диссертацияларын қорғап, ғылыми айналымға тың ізденістерін қосып еді. Ғалымның шетелдік, отандық басылымдарда жарияланған екі жүзге жуық ғылыми жарияланымдары мен «Фольклор мен ақын-жырау поэзиясындағы хандар бейнесі», «Қазақ фольклорындағы хандар бейнесінің көрінісі», «Хандар тұлғасы авторлық әдебиетте», «Әлем және қазақ әдебиетіндегі рухани сабақтастық» атты монографиялары, «Қазақ поэзиясындағы хандар тұлғасының бейнеленуінің эволюциясы, «Қазақ поэзиясында адам өмірі кезеңдерінің бейнеленуі», «Сары Батақұлының әдеби мұрасы», » Ежелгі дәуір әдебиеті» атты оқулық пен оқу құралдары оқу үдерісінде кеңінен қолданылып жүр.

2018 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде ғалым-ұстаз Б.Т.Бораштың 80 жылдық мерейтойына орай «Рухани жаңғыру: әдеби мұра және ұлттық құндылықтар» атты  республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткен болатын. Еліміздің әр қиырынан тәлімгер-ұстаздың мерейтойына арналған конференцияға арнайы келген филолог-ғалымдар әдебиеттанудың өзекті мәселелерін талқылаумен қатар Баян Тәліпұлының өнегелі өмір жолын да көпке үлгі етіп айтудан жалықпап еді. Ғылыми шараның қорытынды сөзінде кеш авторы Баян ағамыздың: «Алланың берген жасына да, тағдырымның өзіме берген үлесіне де ризамын», деп жүзінен нұр төгіле тебіренгенін қалайша ұмытамыз…

Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді. Баян ағамыздың артында әріптестері, шәкірттері ауыздарынан тастамай айтып жүретін жақсы аты, болашақ филолог мамандар тұшына оқитын көп кітаптары қалды. Ағамыздың отбасына, балаларына, немерелеріне қайғыра көңіл айтамыз, жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Сіз мәңгілік біздің жүрегіміздесіз, асыл аға, қадірлі ұстаз, сыйлы әріптес!

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің

ректораты мен ұжымы