Суббота, Апрель 27, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университет мерейтойында әлем ғалымдары бас қосты

Университет мерейтойында әлем ғалымдары бас қосты

Жұбанов университеттің 85 жылдығына орай «Жоғары білім беруді интернационалдандырудағы әлемдік тұжырымдамалар, үрдістер мен сын-қатерлер» тақырыбында халықаралық онлайн конференция өткізілді.

Конференцияда жоғары білім беруді, ғылымды интернационалдандырудағы тәжірибе мен мүмкіндіктер, шетелдік серіктестердің үздік тәжірибесі, халықаралық білім-ғылым жобаларының жоғары білім беруді интернационалдандырудағы рөлі талқыланды.

Онлайн конференцияға Қазақстанның жоғары оқу орындары, Италия, Испания, Франция, Польша, Түркия, Болгария, Эстония, Моңғолия, Ресей Молдова, Әзербайжан, Украина, Белорусь елдерінің жоғары оқу орындары басшылары, дипломатиялық өкілдер, ғалым-профессорлары және халықаралық ынтымақтастық сарапшылары қатысты. Сондай-ақ еліміздің жоғары оқу орындарының өкілдері  мен Жұбанов университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков, ҚР Білім және ғылым министрлігінің жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің директоры Әділет Тойбаев, Ақтөбе облысының білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаевалар арнайы қатысты.

Онлайн-конференция жұмысы шеңберінде  панельдік сессиялардың пленарлық отырысы және дөңгелек үстелдер өткізілді.

Халықаралық жиынға қатысқан Кассино және Оңтүстік Лаццио(Италия)   университетінің ректоры Джованни Бетта, Сантьяго-де-Компостела (Испания) университетінің профессоры Рамон Бузас Лоренцо, Нима (Франция) университетінің профессоры Сильви Жоссеран, Әзербайжан ұлттық ғылым академиясының президенті Илхам Мемзаде және тағы басқа ғалымдар шара барысында  құзыретті, сараптамалық деңгейде жоғары білім беру жүйесін интернационалдандыру процесінің даму жағдайына баға берді.

Екі күнге созылған конференцияның нәтижесінде үздік деп танылған мақалалар «Geopolitical, Social Sciences and Security Journal» италяндық ғылыми журналында, «Высшая школа Казахстана» ғылыми-аналитикалық журналында және «Жұбанов университетінің Хабаршысы» ғылыми журналында жарияланады.