Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Мерейтой бәрімізге құтты болсын!

Мерейтой бәрімізге құтты болсын!

Құрметті Бауыржан Аманкелдіұлы, қадірменді әріптестер!

Мерейтой бәрімізге құтты болсын!

Қандай да болмасын айтулы тарихи оқиға туралы баяндалғанда оның бастауы мен даму барысына қоса бүгінгі күнге бергені мен берері туралы да әңгіме болуы заңды құбылыс.

Осы орайда, яғни, университетіміздің 85 жылдық тарихының тағылымы жөнінде аз-кем ой бөліскім келеді.

Қоғамтану ғылымында «тарих-талап-тұлға» байланысы әдіснамалық пәрмені мол жетекші парадигмалардың бірінен саналады. Бұл ретте университет тарихын өзім 44 жыл куәсі болған тәжірибеме сүйеніп үш кезеңге бөліп қарастыруға болар деп ойлаймын.

Бірінші кезең Ақтөбе педагогикалық институтына ардақты Мұхтар Ғалиұлы Арын басшылық еткен кезең. Заман талабы оқу-тәрбие ісін ұлттық құндылықтарды алға шығара қайта құрып, оқу ордасын Ақтөбе өңірінің рухани орталығына айналдыру міндетін қойды. Институт ұжымы дана да, дара, қайраткер ректордың басшылығымен бұл міндетті абыроймен атқарды.

Екінші кезеңді аяулы Ғалымжан Жұмабайұлы Нұрышевтің есімімен байланыстырамын. Жоғары білімді мамандар даярлау үрдісінде педагогикалық кадрларды даярлау ісі көлеңкеде қалған кезеңде бұл іске тың серпін беру бағытында біршама келелі істер атқарылды. Институт республикадағы педагогикалық жоғары оқу орындарының алдыңғы легінен көрінді. Әлемдік білім беру кеңістігіне ену бағытында алғашқы қадамдар жасалды.

Үшінші кезеңді университеттің бүгінгі күнімен, университет ректоры Бауыржан Аманкелдіұлы Ердембековтің көргенді де, көрегенді, тынымсыз тірлігімен байланыстырамын. Университет ұжымы бүгінде жас ұрпаққа сапалы, ізгілікті білім беру ісінде жаңа биіктерді бағындырды. Сонымен қатар, өңір рухани саласының өзекті мәселелерін өзінің төл ісіне балап, облыс жұртшылығынан оң бағасын алған бірнеше тәрбиелік мәні зор істердің бастамашысы болды. Республикамыздың жетекші жоғары оқу орындарының біріне айналған университет әлемдік білім кеңістігіне өрлеу кезеңін басынан өткеріп отыр.

Аталған үш кезеңді біріктіретін ортақ сипат – үш ректордың жоғары адами және кәсіби қадір-қасиеттері негізінде қалыптасқан ұрпақтар арасындағы үндестік, ұжымдық түсіністік пен ынтымақтастық деп білемін. Мұхтар Ғалиұлына, Ғалымжан Жұмабайұлына, Бауыржан Аманкелдіұлына тән білімдарлық пен біліктілік, қарапайымдылық пен адамға деген сүйіспеншілік шәкірттері санасына Абай атамыз үндеген ғақиялы ақиқатты сіңіруге пәрменді салихалы ұстаздар қауымын қалыптастыруға негіз болғандығы сөзсіз.

Қоғамтану, адамтану ғылымдарында тұлғаға байланысты тектілік туралы жиі айтылады. Меніңше бұл ұғымды адамдар қауымдастығына да тарата пайдалануға болады.

85 жылдық тарихы бар университет ұжымының алда алар асулары мен бағындырар шыңдарының сенімді кепілі осы жылдары қалыптасқан ұжымдық тектілік деп білемін.

Талаптарыңызға нұр жауып, әрбір өршіл қадамдарыңызға сәттілік серік болсын деген тілегімді білдіремін.

Мерейтой құтты болсын!

 

Мұхамбетжан А.Ж.,

университет ардагері,

 Қазақ технология және бизнес

университетінің профессоры,

философия ғылымдарының кандидаты