Понедельник, Апрель 29, 2024
Басты > Білім > Компания өкілімен кездесті

Компания өкілімен кездесті

Universum компаниясының Орталық және Шығыс Еуропадағы әріптестік қатынастар жөніндегі менеджері Евгения Гердия ZOОM платформасында Жұбанов университетінің  40-қа жуық басшылық құрамы мен оқытушылары алдында 2020 жылғы түлектерге жүргізілген зерттеу қорытындысы негізінде жасаған талдау нәтижесін баяндады.

Онлайн кездесуде компания менеджері Евгения Гердия алдымен Жұбанов  университетінің 85 жылдық мерейтойымен құттықтап, жан-жақты жасалған қорытынды талдауын ұсынды.

2019 жылдың қазанында бастау алған сауалнамаға университеттен 562 бітіруші студент  қатысқан. Талдау талант профилі, университет брендін қабылдау, мансап орталығы, коммуникация, мансап пен жұмыс берушілер арасындағы таңдау ерекшелігі сынды негізгі 5 бағыт бойынша жасақталған.

Өз кезегінде Евгения Гердия аталған бес бағытқа жіті тоқталып,  талдау барысында  университет білім алушыларының жауаптарын еліміздің басқа да ЖОО студенттерінің жауаптарымен салыстырып көрсетті.

Сөз соңында компания өкілі  Жұбанов университетінің студенттері арасында жүргізілген сауалнама нәтижелерінің қорытындысы мен «Мансап» орталығының жұмысына оң бағасын берді.

Онлайн басқосуда сөз алған Жұбанов университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Бибігүл Абенова аталған компанияның әлемдегі 60-қа жуық беделді университеттерімен ынтымақтастықта жұмыс жасайтындығын атап өтті. Сондай-ақ университет проректоры аталған компанияның жыл сайын миллионға жуық студенттерді сауалнамадан өткізетіндігіне және Жұбанов университетімен серіктес ретінде екі жыл қатарынан бірлесіп жұмыс жасап отырғанындығына ерекше тоқталды.

Айта кетейік, екі  жыл бойы Жұбанов университеті Universum компаниясымен табысты ынтымақтастықта және жыл сайын студенттер зерттеулеріне қатысады. Олардың нәтижелері университет ішіндегі мансаптық сервистерді жақсартуға, ал студенттерге болашақ жұмысқа орналасу үшін мансаптық типін және компанияларды анықтауға көмектеседі.

Universum  компаниясы  — ғылыми-зерттеу және кеңес беру арқылы жұмыс берушілер мен студент арасын өзара жақындастырып, сондай-ақ олардың мансаптық дамуындағы жоғары оқу орындарына қолдау көрсетуге бағытталған.

Universum талдауды жоғары оқу орындары үшін  тегін, әрі  жұмыс берушілердің тапсырысы мен олардың қаражатына жүргізеді.