Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Қаламгер есімі ұлықталды

Қаламгер есімі ұлықталды

Бүгін Жұбанов университетінің 85 жылдық мерейтойы аясында жазушы  Қажығали Мұханбетқалиұлына арналған кабинеттің тұсаукесері өтті.

Қажығали Мұханбетқалиұлы — Ақтөбенің киелі Байғанин топырағынан шыққан қаламгер, қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар танымал жазушы. Сөз зергері Қажығали Мұханбетқалиұлының есімі оқырманға жақсы таныс. Қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар жазушының туындылары өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап танылды. Оның «Жұлдызды түндер», «Тоғай сыбдыры», «Жаңғырық», «Қайдасың, сен махаббат» кітаптары жарық көрді.

Кеш барысында жазушының шығармалары кеңінен таныстырылды. Оның әйгілі «Тар кезең» тарихи романын оқырман қауым жақсы біледі. Онда Сырым батыр бейнесі, сол кездегі күрделі кезең толығымен сипатталған. Суреткер осы туындысы арқылы 2016 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды. Бұл Тахауи Ахтановтан кейінгі мемлекеттік сыйлықты алған екінші ақтөбелік жазушы болды.

Бүгінгі рәсімге ақын-жазушылар мен оқырман қауым түгел жиналды. Шараның өскелең ұрпаққа берері мол болды.  Іс-шараға ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлері, жақын туыстары қатысты.

Салтанатты жиында Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары  Мейрамбек Шермағамбетов жиылған жұртшылықты жаңа оқу кабинетінің ашылуымен құттықтап, өскелең ұрпақ тәрбиесіне сүбелі үлес қосып отырған университет ұжымының жұмысына сәттілік тіледі.

Оқу кабинетінің ашылуында профессор Бауыржан Ердембеков қабырғалы қаламгер, университеттің құрметті профессоры Қажығали Мұханбетқалиұлының оқу ордасында өткізілген айтулы шараларға қатысып, салмақты ойларымен және зерделі естеліктерімен жас ұрпақ санасына руханият уызын сіңіре білгененін жеткізді.

Жазушы кабинетінің дәл осы университеттен ашылуы кездейсоқтық емес. Ректор Бауыржан Ердембековтің бастамасымен Ақтөбе ай­мағындағы  тарихи тұлғалардың есімдерін қайта жаң­ғырту мақсатында соңғы жылдары «Ақтөбе ақтаңгерлері» ауқымды жобасы қолға алынған болатын. Соның бір қадамы ретінде  оқу ғимараттарына халық ақыны Нүрпейіс Байғаниннің, ғалым Бекежан Сүлейменовтің, қоғам қайраткері Мұхтар Арынның аттары берілді. Университет қаржысы, эндаумент қоры мен жомарт жанды меценаттардың көмегімен өңірге белгілі тарихи тұлға, мемлекет және қо­ғам қайраткерлеріне арналған заманауи озық тех­нологиямен жабдықталған арнайы оқу кабинеттері ашылды. Бұл ретте Құдайберген Жұбанов, Тахауи Ахтанов, Әбіш Кекілбаев, Өтежан Нұрғалиев атындағы конференц-залдар, Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе облыстық филиалының кабинеті, Нұрсұлу Тапалова атындағы хореография залы, Роза Жаманова атындағы музыка кабинеті, Дербісәлі Бер­кімбаев, Тілеу батыр, Қабақ батыр, Әлім Алмат, Досжан хазірет, Бекежан Сүлейменов, Рабиға Сыздық, Есет Жұбанов, Әлия Молдағұлова, Бәкір Тәжібаев, Елтоқ Ділмұхамедов, Амантай Өтегенов сын­ды тұлғалар мен Ауған соғысы ардагерлері атындағы дәрісханалар танымдық-тәлімдік маңызы зор орталықтарға айналды. Айта кетерлігі, «Жұбановқа жомарттық» жобасының аясында меценаттар кабинеттер мен дәрісханалар жабдықтауға бүгінге дейін 80 миллион теңгеден астам қаржы бөлді.

Оқу кабинетінде  жазушының өмірінің әр жылдарынан сыр шертетін фотосуреттері, еңбектері мен кітаптары қойылған. Одан бөлек, жазушы туралы баспасөз беттеріне жарияланған мақалалар да топтастырылған.

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет Қажығали Мұханбетқалиұлының соңында қалдырған жазба мұрасы халқымен бірге өмір сүре беретінінің жарқын көрінісі  кабинетінің ашылуынан байқауға болатынын айтты.  Сөз соңында Ұ.Есдәулет  ұлтымыздың дәстүріне сай жазушының жұбайы Сұлуханым Ілиясоваға камзол кигізді.

Басқосуда  өзге де азаматтар сөйлеп, жазушы туралы ойларымен бөлісті. Ақтөбелік азаматтардың атынан сөз сөйлеген Амантай Үмбетай Сұлуханым Фатихқызының   иығына шапан жауып, сый-құрметін білдірді. Өз кезегінде жазушының жұбайы Сұлуханым Фатихқызы  көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, университет ұжымына алғысын жеткізді.

Талай талантты түлеткен Жұбанов университетінің 85 жылдық мерейтойына арналған шаралар легі әрі қарай жалғаса бермек.