Пятница, Декабрь 2, 2022
Басты > БАҚ біз туралы > Жұбанов университеті: Цифрландыру апталығының маңызы

Жұбанов университеті: Цифрландыру апталығының маңызы

Қазіргі уақытта еліміздің жоғары оқу орындарының алдында тұрған негізгі міндеттердің бір, бұл оқу үдерісіне цифрлық технологияларды енгізу және оны тиімді пайдалану ісімен тығыз байланысты. Цифрландыру мәселесі бүгінгі әлемде, адамзат қоғамының алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі. Соңғы жылдарда Президент Жолдауларында да ақпараттық технология өнімдерін тиімді пайдалану мәселесі жиі қозғалған болатын.

Мәселен, күні кеше ғана Мемлекет басшысы «Artificial Intelligence Journey» атты халықаралық онлайн конференцияда сөйлеген сөзінде: «Цифрландыру мен жасанды интеллект – ұлттық бәсекеге қабілетті болудың басты құралы» – деп атап көрсеткен еді.  Осы аптада Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде цифрландыру бойынша арнайы ұйымдастырылған апталық барысында университеттің академиялық, ғылыми зерттеу, тәрбие, білім алушылармен өзара байланысты күшейту жайы пысықталды. Цифрландыру жұмыстарын бұдан әрі күшейту мәселелері жан-жақты талқыланды, осы бағытта атқарылып отырған жұмыстар, жетістіктер көпшілікке таныстырылды. Шараға университетпен әріптестік байланыстағы шетелдік ғалымдар да шақырылған болатын.

Бәрімізге белгілі цифрландыру қазіргі қоғамда қалыптасып жатқан әлеуметтік жүйенің бірі. Бұл әлеуметтік құбылыс ретінде кең көлемде зерттеуді, қоғам алдында талқылауды (түсіндіру жұмыстарын жетілдіруді) қажет етеді. Апталықты өткізудегі мақсат, университеттің цифрландыру бағытындағы жетістіктерін түйіндеу, цифрландыру жүйелерін профессорлық-оқытушылық құрамға, студенттерге кеңінен түсіндіру. Шетелдік жоғары оқу орындарының ғалымдарымен де ой бөлісу болатын. Шетелдік әріптестердің ішінде қасиетті Климент Охридский атындағы София университеті (Болгария), Томск политехникалық университеті (Ресей) ғалымдары киберқауіпсіздік, жасанды интелект қолданысы жөнінде баяндама жасады.

Университеттің білім беру саясаты, мемлекетіміздің «Цифрлы Қазақстан» стратегиялық бағдарламасы негізінде, цифрландыру арқылы аралас оқыту моделін қалыптастыру, онлайн оқытуға көшу, виртуалды (цифрлық) білім беру ортасын құру, басқару, ұйымдастыру процестерін кең көлемде автоматтандыру болып табылады. Осы себептен студенттердің цифр­лы дағдыларын арттыру үшін соңғы жылдары, барлық білім бағдарламаларында цифрлы технология­лар бойынша арнайы пәндер оқытылуда. Соның ішінде IT бағыты бойынша модульді білім беру бағдарламалар мазмұны жасанды интеллект, машиналық оқыту және нейрондық желілер пәндерімен модернизацияланып, білімді робототехника, компьютерлік инженерия траекториялары оқу үдерісіне енгізілді, цифрландыру бағытында жаңа инновациялық бірлескен білім бағдарламалары (компьютерлік инженерия, «IT медицина») ашылды.

Профессор-оқытушылық құрамның цифрландыру талаптарына сай кәсіби деңгейін көтеру үшін, университет ішілік арнайы IT курстары ұйымдастырылып келеді. Бұнда пирингті платформаларды қолданумен қатар, жасанды интелект жүйесін білім беруде қолдану мысалы ретінде, білім беру чат-боттарды оқу процесінде қолдану, оларды құра білуді үйрету де қарастырылған. Соңғы екі жылда университетімізде IT құрылымдары заманауи сандық жабдықтармен қайта жасақталып арнайы ситуациялық орталық құрылды. Серверлер, компьютерлер, моноблоктар, ноутбуктар мен интерактивті тақталар толығымен жаңартылды. Университет қызметкерлері мен студенттерге қолайлы болу үшін, оқу ғимараттарының барлығы Wi-fi желісімен жабдықталып, интернет жылдамдығы күшейтілді.

Арнайы бейнебақылау камералары, қауіпсіздік шараларын күшейтуде өрт дабылы қалпына келтірілді және барлық ғимараттарды бірыңғай бақылау орталығы жасақталды. Сонымен қатар оқу ордамыздың инновациялар паркінде 3Д модельдеу, робототехника, машиналық оқыту, STEM зертханасы ашылған болатын. Университетіміздегі оқу үдерісінде, виртуалды әлем мен имитациялар шеңберінде жүретін ақпараттық технологиялар қолданылуда. Иммерсивті көзқараста цифрлық білім беру контенті виртуалды және толықтырылған шындық (VR/AR) технологиялы бағдарламалармен (металлургиялық виртуальды пештер, кенді дайындауға арналған виртуалды цех, виртуальды тренажерлар, зертханалар) толықтырылуда.

Білім алушыларды бағалауда машиналық оқыту мен жасанды интелектке негізделген интерактивті құралдарды (Mentimeter, Socrative, PollEveryWhere, SessionLab тестілеу қосымшалары, географиялық карталарды құруға арналған ArcGIS қосымшасы) қолдану белсенділігі арту үстінде. Академиялық процесстер, ғылыми-зерттеу, тәрбие жұмыстары, кәсіби–бағдар, қаржыландыру процесстерінің мәліметтер қоры толығымен интеграцияланды. Соның ішінде электрондық құжатайналым жүйесі іске қосылып, бірқатар құжаттар қағаз түрінен алынып тасталды, университетте студенттер мен қызметкерлердің бірыңғай дерекқоры қалыптастырылды. Біздің жоғары оқу орнында арнайы ашылған студенттерге қызмет көрсететін «Темірқазық» орталығы қызметі онлайн түрінде, Smart Arsu  мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асырылуда.

Осы себептен білім алушылар мен профессор-оқытушылар құрамы оқу, жұмысы туралы анықтамаларды алуда, электрондық студенттік билет, транскрипт және төлем орталығы үшін анықтамалар алғанда қиындықтар туындап отырған жоқ. Сондай ақ түрлі  өтініштер, кітапхана қорының сервисі, студенттерге сауалнама жүргізу, сабақ кестесі, сабаққа қатысым мониторингі секілді онлайн қызметтер, жұмысқа жолдама беру, ЖОО ауысу және қайта қабылдау, жатақханаларға орындарды онлайн брондау, есептесу парақтары, студенттерді өзін-өзі басқару ұйымы “Студенттік Парламент”, студенттік клубтар мен үйірмелерге тіркелуге, жаңа жобаларға қатысу қызметтері іске қосылды. Қолданушының  рөлі және түскен өтініштердің орындалу статусы барлығына бірдей қолжетімді.

Соның ішінде айта кететін нәрсенің бірі, 2020 жылдан бастап оқу процесіне арналған қашықтықтан білім беру порталының әзірленуі, бұл қазір толығымен пайдаланылуда. Бұның тиімділігі цифрлы ізді көруді, бейнеконференция өткізуді, прокторинг элементтерін пайдалана отырып, онлайн тестілеу өткізуді автоматтандыруға толықтай мүмкіндік береді. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруда да Web of Science, Scopus, ScienceDirect.com, Orcid, Publons ақпараттық жүйелерімен қатар, профессор оқытушылары мен білім алушыларының ғылыми зерттеу жұмыстарын, рейтинг нәтижелерін тіркейтін университеттің (science.arsu.kz, science.s.arsu.kz, reiting.prepod.arsu.kz) Web қосымшалары, Turnitin плагиат бағдарламасы қолданылу үстінде. Бұл әсіресе ғылыми зерттеу бағытындағы жұмыстардың сапалы болуына да өз септігін тигізуде.

Университетте цифрландыру бағытындағы осы сынды атқарылып жатқан жұмыстар, жетістіктер  апталық аясында, «Smart Zhubanov University жобасы: жүзеге асырылуы мен болашағы» тақырыбымен ұйымдастырылған вебинарлар сериясында жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, апталық аясында студент жастарға арналған жұмыстардың бірі, «Инновациалық туризм» кабинетінің ашылуы. Тарих факультетінде арнайы кабинеттің ашылуында туризмді дамытуға қатысты семинар ұйымдастырылып, осы бағытта жүзеге асырылып жатқан жоба аясында ArcGIS  географиялық ақпаратты жүйе жұмысының таныстырылымы өтті. Мамандардың айтуы бойынша бұл бағдарламаның «география», «туризм» және «тарих» білім бағдарламаларының білім алушылары үшін интеллектуальды карталар құрастыру секілді дағдыларды қалыптастыруда көмегі зор.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде цифрландыру апталығын өткізудегі мақсат, атқарылып жатқан жұмыстарды қорытындылау, алдағы уақыттарда атқарылуы тиіс жұмыстарды пысықтау, оның пайдалы тұстарын зерделеу болып табылады. Сөз соңында Жұбанов университетінде іске асырылып отырған цифрландыру жұмыстары бұл өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына қолайлы мүмкіндіктерді қалыптастыру және бәсекеге қабілетті мамандары даярлаудың  бірден-бір құралы болмақ деген ойды айтқымыз келеді.

 

Алтыншаш БЕКБАУОВА,
Стратегиялық даму және цифрландыру
жөніндегі проректор,

Ақтөбе қаласы

 

https://bilimdinews.kz/?p=128415