Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ұстамды болғаннан ұтылған жеріміз жоқ

Ұстамды болғаннан ұтылған жеріміз жоқ

Тәуелсіздік – әр ұлттың арманы, бірақ барлық ұлттың бұл арманға қолы жете бермейді. Еркіндікке, дербестікке ие болған бақытты ұлттың бірі – біз, қазақтармыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында үміт пен күдікке толы отыз жылдық тарихымызды саралай келіп, «Өткенге тағы бір мәрте оралып, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізетін мезет» дейді.

«Байсалды ел байқамай қате жібермес» деген қағиданы біздің ел мықты ұстанады. 1991 жылы 12 маусымда Ресей егемендігін жариялады, ол түсініксіз жағдай болды. 2001 жылы Ресейдің Федерация Кеңесі егемендіктің онжылдығын атап өтпекші болып, ТМД елдерінен делегация­лар шақырды. Қазақстаннан бір топ депутат қатыстық. Реті келгенде Федерация Кеңесінің төрағасы Егор Строевтан «Ресей егемендікті кімнен алды. Ол кезде Одақта тек Ресей мен Қазақ­стан қалды ғой. Ресей Ресей­ге егемендік бере алмайды, сон­дықтан Ресейге егемендік берген Қазақ­стан» дедім. Парасатты адам ғой, бетіме күлімсірей қа­рап: «Кешке банкет болады, сонда әңгімені қыздырамыз», деді.

Ресей депутаттары болса, Ресейдің егемендігі Ельцин мен Горбачевтің билік бөлісулері десті. Бүгінде 12 мау­сым – Ресей күні. Ал одақтас респуб­ли­­ка­­лардың тәуелсіздік алуын ресейлік сая­саткерлер «суверенитет шеруі» деп сынады. Күні бүгінге дейін кейбір ресейлік депутаттар «пиғылына қарай қимылы» дегендей империялық үстемдікті аңсай­ды. Ресей тіпті күш көрсетеді. Грузиямен соғыс, Молдавияны бөлу, Донбасс пен Луганскідегі сепаратизмді қолдау – соның көріністері.

Қасым-Жомарт Тоқаев осыған орай «Аймақтық тұтастығы­мыз­ға күмән келтіріп, тату көрші­лік қатынастарға сына қаққысы келетін кейбір шетел аза­мат­тары­ның арандатушылық іс-әрекет­теріне ресми және қоғамдық дең­гейде тойтарыс бере отырып, ағартушылық жұмыстарын ұс­там­дылықпен жүргізген жөн» деді.

Рас, біз әртүрлі арандатушы әрекет­тер­­дің алдын алдық. Ел халқының 40%-дан астамын ғана қазақтар құрайтын Қазақ­стан­ды одақ­тас республикалардың ал­ғаш­­қыларының бірі бо­лып тәуелсіз мемлекет деп жариялау, әрине, қоғам­да қар­сылық туғызуы мүмкін еді. Сон­дық­тан 1990-1991 жылдар Қазақ­­стан халқын тәуелсіз­дік­ке саяси және психология­лық жағынан бейімдеу жылдары болды. КСРО-да сол тұста 200-ге жуық этнотерриториялық жанжалдар ық­тимал еді. Соның біразы Қазақстанда бо­латын. Ұстамсыздық, қызбалық көңіл күй ормандағы өрттей лаулап, жағдайды билетпей кетуі мүмкін еді. Қазақстандықтарды күрделі өзгерістерге бірте-бірте икемдеп, Одақты сақтап қалу мүмкіндігі­нің жоқтығына еліміздегі, әсіресе диаспоралардың көзін жеткізу керек болды. Осындай байсалды саясатты қазақ мемлекеті ұлттық валюта – теңгемізді енгізу тұ­сында да ұстанды. Халықты жаңа саяси-психологиялық жағ­дайға бейімдеу, пайымдылық – қазақстандық ұлт саясатының маңызды тағылымы.

Марк Твен «тәуелсіздікке қол жет­кіз­г­ен ел саяси лотереяда піл ұтқан­мен бірдей, ал пілді асырау керек», дей­ді. Жазу­шы тәуелсіздіктің жүгі мен жауап­­кер­шілігіне, алға ұстаған нысанаға жету жолы­ның қауіп-қатерге, күмән мен күдік­ке толы екендігін меңзеп отырса керек.

Қазақстан тәуелсіздігі төңі­регінде күні бүгінге дейін әртүр­лі пікірлер ай­тылуда. Кей­бі­реу­лер барлық республи­ка Одақ­тан біржола кеткеннен кейін, Қазақстан амалсыздан тәуел­сіздік жа­рия­лады дегендей ой айтса, енді бі­реу­лер Қазақстан соңғы күнге дейін жаңа үлгідегі Одаққа сенді дейді. Шын мәнін­де ішкі және сыртқы жағдайлар ұс­там­дылықты қалады.

Президент мақалада тәуел­сіздіктің отыз жылын үш он жыл­дық белеске бөліп қарас­тыра­ды. Еліміз жоспарлы эко­­номикадан нарықтық эконо­микаға, то­талитарлық жүйеден демократиялық жүйеге аяқ басты. Ең бастысы, адамдар санасы да өзгере бастады: кеңестік аза­маттықтан қазақ­стандық азаматтыққа, жалтақ орысқол, партияшыл психо­логия­дан еркін ойлайтын тұлғаға, құдайсыз, атеистік көзқарастан имандылыққа бет алған жаңа ұрпақ өсіп келеді.

Отарлау саясаты тек отар­ланған елдің табиғи байлығына ғана емес, рухани байлығына, адамдар санасына да қол сұғып, ұлтсыздық дерті тарады.

Тоталитарлық кезеңде ұлт­тық құн­ды­лықтарымыздың, «тілі­­міз­ден, діліміз­ бен діні­міз­ден айырылып қалажаз­да­дық», деп жазады Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Отарлау туралы мынадай бір тәмсіл бар. Қасқыр мен ешкі экономикалық не­гіз­де өмір сүруге келісіпті. Қасқыр ай­тып­ты ешкіге: «Мен сенің шөбіңді жемей­мін, ал сен өз еркіңмен мені етің­мен қамтамасыз етесің».

Отарлаушы ұлт кейін де бұ­рын­ғы отарланған ұлттарды өз мәдени, саяси, тілдік ықпалы­нан шығармауға тырысады. Ағылшын тілі 114 территория­да, испан тілі 27, француз тілі 24, португал тілі 12 территория­да үстем.

Экономикалық, саяси реформалар, тоталитаризмнен демократияға өту Қазақстандағы үлкен-кіші этностық қауымдас­тықтар арасында абыржу, мазасыздану, сепаратистік көңіл күй, кеңес заманын аңсау, бола­шаққа күдік­тену сезімдерін ту­ғыз­ды. Қазақтар болса тілі мен мәдениетінің жағдайына, таби­ғи байлықтың шетел қолына кет­кеніне көп алаңдайды.

Сондықтан Мемлекет басшысы мақалада патриотизм мәселесіне аса назар аударады. «Адам баласы дүниеге патриот болып келмейді. Ол білім мен тәр­бие алып, әлеуметтік ортамен ара­ласып, адамзаттық болмысын қалыптастыру кезінде патриотқа айналады», деп жазады Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Нарықтық қатынастар қа­лып­тасып келе жатқан елдерде патриотизмнің іргетасын эконо­ми­калық көзқарастар қалыптас­тырады. Осыған байланысты неміс патриотизмінің он өсиетіне назар аударалық:

  1. Тіпті ұсақ-түйек шығын шығар­ғанда да Отанның және ел азаматтарының мүдделерімен есептес.
  2. Шетелдің бір теңгеге тұра­тын тауарын сатып алғаныңда өз еліңе бір теңге зиян келтіретініңді ұмытпа.
  3. Сенің ақшаларың тек неміс сауда­герлері мен жұмыс­шы­ларына пайда әкелуі керек.
  4. Шетелден келген машина және құрал-саймандарды қол­данып, герман жерін, шаңы­рағын, герман шеберханасын қорлама.
  5. Өз дастарқаныңда шетел­дің еті, майы, тағы басқалары­на еркіндік берме, себебі ол неміс ет өндірісіне және отан­дық шаруашылығына зиян келтіреді.
  6. Әр уақытта неміс қағазына, неміс қаламымен, неміс сиясымен жаз да, неміс сорғыш қағазымен сорғыз.
  7. Неміс игілігіне тек немістің ұны, немістің жемісі, немістің еті жарайды.
  8. Тек қана неміс матасымен тігілген сырт киімдер мен неміс қолынан шыққан бас киім ки.
  9. Егер сен неміс кофесін ішкің келмесе, Германияның отар елдерінен әке­лінген кофені іш. Балаларың мен әйеліңе де отар елдің какаосын ішіп, шоколадын жеуге әмір ет.
  10. Ешуақытта шетелдің тауарына қызықпа және есіңде берік сақта, герман азаматының керегін тек Германия шығара алады.

Осы қағидалардың біразы қазақстан­дықтарға да тиімді. Кәсіпкерліктің патриоттар қол­дауынсыз алға басуы қиын.

Президент халықты жалған астам­шылықтан сақтандырады: «Тәуелсіз ел болу оны жариялау­мен немесе мем­лекеттің іргесін қалаумен шектелмейді».

Тәуелсіздік алған көптеген ел армандаған «алтын ғасыр­ға» қол жетпек түгілі отарлық өмір салты мен ойлаудың дөрекі түрлері етек алып, бұл ұлттық то­қы­рауға, ұрлыққа, жемқорлыққа соқ­тырды, тіпті оған еттері үйре­ніп кетті. Бөтен елдің үстем­дігінен құтылғанымен оның ақыл-санасы, мәдениеті, тілінен құтылу созылған індетке айналды. Бұл – бізді де ойландыратын проблема.

Ұлттық романтизмді біз де басымыздан кешіріп келе­міз. Бір кезде қой үстінде бозтор­ғай ұялаған, сүттей ұйып отыр­ған ел едік, отаршылар мен большевиктердің арам пиғыл­ды саясаты ұлтымызды аздыр­ды, енді өз билігіміз өз қолы­мыз­ға тиген тұста бақыт пен мол­шы­лыққа жол ашылды деп бөр­кімізді аспанға лақтырдық. Табиғи байлығымыз пат­рио­тизм­нің бөлек бір түрін – ресурс­­тық патриотизм туғызды. Қор­жынында ат басындай алтыны бар қайыршылар бар екенін, ол алтын бұйым, тауар болмайынша байлыққа айналмайтынын, оның кәсіби еңбекпен келетінін енді-енді түсініп келеміз. Ең бас­ты байлық – білім, ең қүшті жанармай тер екенін заман енді аңғартып келеді.

Отаршылдықта болған ұлт­­тарға тән, бір жағынан жылауық, екінші жағынан, дан­дайсу­шылық, бұрынғы ұлт­тық кемсітушіліктің орнын ұлт­тық абыройлы іс­пен емес, лепірме, желікпе мақтану­шы­лықпен толтыруды біз де бастан кешірген сияқтымыз. Тарих­ты саралағанда барлық пәлені тек сыртқы күштерден деп сөй­леу, ұлтымызды бірыңғай мақ­тап тек батыр, тек дана етіп көр­сету – ұлттық нигилизм сияқ­ты індеттің бірі. Тарихтан өт­кен ұлт өкіл­дерін иә періште, иә жексұрын етіп сипаттау да соның көрінісі.

Қасым-Жомарт Кемелұлы мақаласын: «Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнде­лікті еңбекпен, үздік әрі дәйекті елдік сая­саты­мен мәңгі жалғасады», деп қоры­тындылайды.

 

Амангелді АЙТАЛЫ,

философия ғылымдарының докторы, профессор

АҚТӨБЕ

https://egemen.kz/article/260879-ustamdy-bolghannan-utylghan-dgerimiz-dgoq