Суббота, Апрель 27, 2024
Басты > Жаңалықтар > Білім алушылармен кездесті

Білім алушылармен кездесті

Бүгін Жұбанов  университетінің әкімшілігі техникалық және филология факультетінің 1 курс студенттерімен кездесті. Кездесуге факультет декандары, декан орынбасарлары, кафедра меңгерушілері мен университет проректорлары қатысты.

Студенттерді ЖОО-дағы білім беру үрдісі, мамандықтары бойынша болашақта жұмыспен қамтамасыз етілуі, әртүрлі бағдарламалар бойынша шет елдерде оқу, тәжірибеден өту мүмкіндіктері сондай-ақ, тұрмыстық және әлеуметтік сипаттағы мәселелер қызықтырды.

Кездесудің алғы сөзінде университет ректорының міндетін атқарушы, тарих ғылымдарының докторы Рахым Бекназаров   оқу орнының тарихымен таныстырып,  соңғы   жылдағы жетістіктерін атап өтті.

85 жылдық тарихы бар Жұбанов университетінің миссиясы ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген білікті маман дайындаумен қатар, Абай ұсынған кемел адам  қалыптастыруға бағытталып, отандық және халықаралық рейтингтерде өз орнын айқындауда. АРТА (Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі) рейтингісінде Қазақстанның үздік жиырма университетінің ішінде төртінші орынға шықтық, — деп бастады сөзін.

Айта кетейік, бүгінгі таңда 85 жылдық тарихы бар Жұбанов университеті  елімізде және өңірде инновациялық өзгерістерді жүзеге асыратын адами капитал қалыптастыру мақсатында қарқынды дамып келеді. Қара шаңырақ тірлігін заман талабына сәйкестендіріп қайта құру мақсатында уни­верситет миссиясы қайта қаралды, стратегия­сы жаңғыртылып, кешенді жоспар жасалды. Осыған сәйкес университетіміз жоғары білім­ді интернационализациялауға, ғылыми жетіс­тіктерді коммерциялизациялауға және клас­сикалық университет моделінен Smart университет моделіне көшуге ұмтылу үстінде.  61 білім беру бағдарламасы бойынша университет «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы рейтингіндегі жоғары оқу орындарының алғашқы ондығына табан тіреді. Бүгінгі таң­да ұлттық рейтингте үздік төрттікке енген оқу орнымыз көздеген меже биік: ұжым халықаралық QS World University Rankings рейтингісінде үздік 500 университет қатарына ену үшін қарқынды жұмыс жүргізуде.

Ректордың міндетін атқарушы Рахым Бекназаров өз сөзінде студенттердің жан-жақты дамуына университетте барлық жағдай жасалғандығын атап өтіп, жаңадан ашылған және жаңғыртылған атаулы кабинеттер мен орталықтар, әлеуметтік нысандардың жұмысы жұмысы жөнінде баяндады.

— Сапалы білім алып, студенттік шақтарыңыз қызықты өтуі үшін 6 оқу ғимараты, кітапханалар, 2200 орындық 4 студенттер үйі, студенттік емхана, 3 спорт кешені, 5 спорт алаңы, 3 спорт залы, жаңа, жаңартылған мамандандырылған кабинеттер,атаулы аудиториялар, ІТ құрылым мен зертханалар, Темірқазық СҚКО, Студенттер сарайы, Жастар сарайы, аллеялар, қоғамдық тамақтану орындары, 2 жылыжай, «Зерек» балаларды дамыту орталығы, «Сенім» әлеуметтендіру орталығы, Инновациялар паркі,  Start up академиясы, түрлі көрмелерге ыңғайланған Атриум, Кинозал, «Әдемілік әлемі» салоны, Arsu store дүкені, хореография залы жаңа семестрде жаңа екпінмен жұмысқа кірісті, — деді Р.Бекназаров.

Сөз соңында  Елеусін Сағындықов,  Оңдасын Оразалин, Ерлан Қарин, Гүлзат Көбенова сынды  түлектерімен университет әркез мақтанатындығын тілге тиек етіп, залға жиналған жастардың да болашақтары алда екендігін, ол үшін ерінбей еңбек етіп, ізденулері керектігін айтты.

Бұдан соң сөз алған академиялық мәселелер жөніндегі проректор Бибігүл Абенова академиялық мәселелер мен білім беру қызметіндегі негізгі ерекшеліктерге жіті тоқталды.

Проректор Бибігүл Абенованың айтуынша университеттің білім беру процесінде ақпараттық жүйе ретінде «Univer» бағдарламасы қолданылады.  Студенттерге оқу процесіне қажетті барлық ресурстарды тегін пайдалануға мүмкіндік беріліп отыр. Олар тек «Zoom», «Univer» жүйесін ғана емес, сондай-ақ, офлайн режимінде оқытушылардың электрондық пошталарына да шығып, тапсырмаларды орындай алады. Әр пән бойынша қажетті материалдарға  байланысты нақты сілтемелер де көрсетілген. Мысалы, «Univer» жүйесінің бас мәзірінде әр пәнге сәйкес сілтемелер бар. Сондай-ақ, қажетті әдебиеттер топтастырылған көптеген электрондық базалар бар. Республикалық жоғары оқу орындары аралық электрондық кітапханасының базасы, «Қазақстанның ашық университеті» платформасы, университетіміздің электрондық кітапханасының базаларынан көптеген еңбектерді тегін пайдалануға болады.

Сонымен қатар Smart-технологияларды енгізу бағытында барлық білім алушылар, профессор-оқытушылар мен қызметкерлер, ата-аналарға арналған Smart ARSU мобильді қосымшасы жұмыс жасайды.  Бұл жүйе пайдаланушыларына оқу процесінің, кітапхана қорының, емхананың ақпараттық және интерактивтік сервистерінің ыңғайлы қызметімен қамтамасыз етеді.

Бүгінгі кездесуде  оқу-тәрбие процесі мен ғылыми-зерттеу жұмыстары, ғылыми жобаларды қорғау, шетелдік серіктестермен бірлескен қосдипломды білім беру бағдарламалары,  білім алушылардың академиялық ұтқырлығы және әлеуметтік мәселелер түгел қамылды.

Еске салсақ, Жұбанов университетінің студенттерінің саны биыл 14032 адамды құрады. Осы оқу жылына 1 курсқа 3 мыңға жуық студент қабылданды. Соның ішінде 207 «Алтын белгі» иегері, 200-ден аса оқу озаттары мен халықаралық дәрежедегі олимпиада жүлдегерлері, спортшылар мен қазақ еліне танымал жас өнерпаздар университеттің студенті атанды.   Қазіргі таңда  78 бакалавр мамандығы, 40 магистратура, 6 докторантура бойынша мамандар даярлайды.

Аталған білім ордасында жастарды әлеуметтік қорғау мақсатында біраз жобалар іске асырылуда. Университетте оқу ақысына жеңілдіктер беру ережесі бекітілген. Мысалы, жетім балалардың оқу ақысына 100%, көп балалы отбасынан шыққан үздік студенттерге 50% жеңілдік беріледі. Сонымен қатар оқуда, спортта немесе шығармашылықта жетістіктері бар талапкерлер мен білім алушылар Қ.Жұбанов атындағы білім грантына немесе стипендияға үміткер бола алады. Университет студенттеріне  өңір демеушілері мен кәсіпорындары қаржылай қолдау көрсетуде. Универсианттардың 50%-ы тегін білім алады. Олардың ішінде ҚР БҒМ білім грантының, университеттің атаулы гранттарының, облыс әкімі грантының және әртүрлі өндірістік кәсіпорындар гранттарының иегерлері бар. «Серпін» жобасы аясында Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Алматы қалаларынан келген студенттер оқиды.

Айта кетейік, университет  әкімшілігінің  1-курс студенттерімен кездесуі ертең кәсіби-шығармашылық және физика-математика факультеттерінде жалғасады.