Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Кешегі жеткіншек – бүгінгі студент

Кешегі жеткіншек – бүгінгі студент

Бүгін Жұбанов университетінің Студенттер сарайында университет және Жоғары колледж басшылығы бірінші курс студенттерімен кездесті.

Өмірлік мәні бар бейне роликпен басталған кездесуді құттықтау сөзімен университет ректорының м.а. Рахым  Бекназаров ашты.

Бұл кездесу өткен жылдың қыркүйек айында өтуі керек еді. Дегенмен, әлемде орын алған пандемияға байланысты Сіздермен жүздесудің сәті бүгін келіп тұр. Студент атануларыңызбен шын жүректен құттықтаймын, — деген университет басшысы студенттерге колледж қабырғасында алынған білімнің артықшылықтарын түсіндіре келе, Жұбанов университеті Жоғары колледжінің ерекшеліктеріне тоқталды.

«Колледж» ұғымының шығу тарихына қысқаша шолу жасаған университеттің  академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Бибігүл Абенова өзінің де колледж түлегі екенін алға тарта келе,  жас жеткіншектерге үлкен өмірге аттаған қадамдарына сәттілік тіледі.

Жұбанов университетінің Жоғары колледжі аз уақыт ішінде көптеген жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Оқу орнының материалды-техникалық базасы жыл сайын артып, сапалы білім алу үшін барлық жағдайлар жасалып келеді. Бұл туралы өз кезегінде колледж директоры Дәулет  Қантөреұлы сөз қозғады. Оқу орнының тыныс тіршілігне кеңінен тоқталған колледж басшысы   студенттерді уақытты дұрыс пайдаланып, сапалы білім алып, колледж беделін арттыру үшін бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.

Шара барысында колледж өміріне қыркүйек айынан бастап белсене араласып жүрген жас студенттер өз жетістіктерімен бөлісіп, өздерін толғандырып жүрген көкейкесті мәселелерін де ортаға салды. Сонымен қатар, кеш барысында олар университетішілік ұйымдар, үйірмелер және жобалар жұмысы туралы толыққанды ақпарат алды.

Тәрбие мен білім алудың маңыздылығын түсіндіру үшін ұйымдастырылған бұл салтанатты шара болашақ Жұбанов университеті студенттерінің қосыла шырқаған «Жұбанов маршы» әнімен аяқталды.