Четверг, Май 2, 2024
Басты > Жаңалықтар > Президент Жолдауын талқылады

Президент Жолдауын талқылады

Бүгін Жұбанов университетінде «Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік-саяси пәндер» кафедрасының ұйымдастыруымен Ақтөбе облысы әкімінің аппараты мен  «Қоғамдық келісім» КММ-нің қатысуымен «Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру мен нығайтудағы жаңа міндеттер»  атты дөңгелек үстел өткізілді.

Аталмыш жиын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауындағы қоғамға жүктеліп отырған міндеттерді зерделеу, насихаттау бағытында ұйымдастырылды.

Жиында сөз алған кафедра меңгерушісі Үмбетқан Сәрсембин:

— Бәрімізге белгілі ел тәуелсіздігін алған уақыттан бері қарай жүргізіліп келе жатқан мемлекет саясатының негізгі бағыты, әсіресе қоғам алдына жүктеліп отырған міндеттердің бірі — бұл қоғамның тұтастығы, ұлттық құндылықтарды зерттеу, жарыққа шығару, жалпы ұлттық бірлік пен бірегейлікті, соның ішінде азаматтық бірегейлікті сақтау, дәріптеу болып табылады. Осы бағытта мемлекет тарапынан бірқатар жұмыстардың атқарылып отырғандығы белгілі.

Президенттің биылғы Жолдауында осы уақытқа дейінгі мемлекет саясатының тәжірибелерін ескере отырып, қазіргі уақыт жағдайына байланысты жаңа міндеттер ұсынылған болатын. Соның негізгілерінің бірі бұл ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру. Яғни бәсекеге қабілетті, болашаққа парасат биігінен қарайтын ұрпақтың ұстанымын қалыптастыру. Қазіргі уақыт жағдайында орын алып отырған жаңа дүниелер қоғамнан алдыменен жаңа мүмкіндіктерге ие болуды қажет етеді. Мемлекет, қоғам үшін жаңа мүмкіндік қашанда өнер, білім, ғылымның дамуы, еңбектің өмірлік қағидаға айналуы болған» — деп түйіндеді сөзін.

Сондай-ақ, шараға философия ғылымдарының кандидаты Дмитрий  Мацюк, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкері Түлкібай Сапаров және  Жұбанов университетінің, Батыс Қазақстан медицина университетінің студенттері қатысып, ой-пікірлерін ортаға салды.