Четверг, Май 2, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жеңімпаздар анықталды

Жеңімпаздар анықталды

Бүгін «Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің үздік әдіскер-оқытушысы — 2021»   байқауының  ақтық кезеңі өз мәресіне жетті.

Байқау  университеттің профессорлық-оқытушылық құрамының білім беру қызметіндегі озық тәжірибелерін таратуға, білім алушыларға сапалы білім беруді қамтамасыз ету мақсатындағы оқытушылардың оқу-әдістемелік бағыттағы кәсіби шеберлілігі пен құзіреттілік деңгейін анықтап, академиялық жетістіктері мен табыстарын ынталандыруға бағытталған.

Байқау  ережелеріне сәйкес іріктеуден өткен үміткерлерге оқу-әдістемелік қызмет бағыттары бойынша оқу жылына арналған жеке жұмыс жоспары және күтілетін нәтижелер, университеттің оқу-әдістемелік жұмыстарын ұйымдастыруды жетілдіру жөніндегі ұсыныстары мен жаңа идеяларын қорғау, оқу үдерісінде қолданылатын оқу-әдістемелік, ақпараттық құжаттардың үлгілерін көрсету талаптары қойылды.

Байқаудың  бірінші  кезеңіне педагогикалық еңбек өтілі үш жылды құрайтын 31 оқытушы қатысып, комиссия шешімімен жиынтық балы отыз балдан кем емес 23 оқытушы екінші  кезеңге жіберілген болатын.  Ал, байқаудың  екінші  кезеңінде қатысушылар бағалау критерийлері мен  көрсеткіштерге сәйкес ең жоғары ұпай  алпыс балл, ал жалпы байқау қорытындысы бойынша жиынтық балл – жүз балмен бағаланды.

Университет ректорының бұйрығы негізінде құрылған комиссия байқау қорытындысын шығарды.  Байқау нәтижесінде кәсіби құзіреттіліктің жоғары деңгейін көрсеткен жеңімпаз,  «Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің үздік әдіскер-оқытушысы — 2021»   атағы  кәсіби-шығармашылық факультетінің оқытушысы Гүлжанат Кемаловаға бұйырды.  Ал, екінші орынға педагогика факультетінің оқытушысы Айгүл Рыстығұлова  және физика-математика факультетінің оқытушысы Нұршат Наурызова лайықталды. Жүлделі үшінші орынды филология факультетінің оқытушысы Айнұр Кушкимбаева, тарих факультетінің оқытушысы Асылбек Мәден және техникалық факультетінің оқытушысы Жадыра Шильмағамбетова иеленді. Бұл ретте үздік жеңімпаздар университет қаржысы есебінен жоспарланған  бір миллион теңгені құрайтын жүлде қорына ие болып,   Алғыс хаттармен марапатталады. Сондай-ақ, байқауға қатысқан оқытушыларға  университеттің бастауыш кәсіподақ ұйымы қаржылай демеушілік жасап,  сыйлықтар табыс етті.

Айта кетейік, оқу ордасында алғаш рет өткізілген байқауды  университеттің   Оқу-әдістемелік жұмыс және қашықтықтан білім беру орталығы ұйымдастырды.