Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > «Парасат жолы» орталығы ашылды

«Парасат жолы» орталығы ашылды

Бүгін Жұбанов университетінде «Парасат жолы» орталығы жұмысын бастады. Орталық облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің «Адалдық алаңы» жобасы аясында ашылды. Ашылу салтанатына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиева, «Парасат жолы» республикалық орталығының басшысы, жазушы, қоғам қайраткері Сәдібек Түгел, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет  және Жұбанов университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы мен ғылыми кеңес өкілдері қатысты.

Жиынды кіріспе сөзімен ашқан Жұбанов университетінің ректорының міндетін атқарушы Рахым Бекназаров жаңа жобаның ашылу салтанатымен құттықтады.

«Парасат жолының» кітапханалардан басталуы заңды деп білеміз, себебі парасаттың қайнар көзі – кітапта. Біз үшін студенттердің болашағы маңызды. Елге белгілі, ісімен өнегелі ағаларымыз жастарға жол көрсетсе дейміз. Бұл студенттер мен ғалымдарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда тиімді шешімдер әзірлеу жөніндегі жұмысқа тарту үшін бірегей алаң болмақ, — деді ол.

Естеріңізге сала кетсек, ақпан айының басында Агенттік пен Мәдениет және спорт министрлігінің бірінші басшыларымен меморандумға қол қойылып, зиялы қауым өкілдерінің басын қосқан «Парасат жолы» жобасының тұсауы кесілген болатын. Аталған жоба қоғам арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруға, халықтың әдеби, мәдени және шығармашылық құндылықтарын пайдалана отырып парасаттылық пен адалдық қағидаттарын ілгерілетуге бағытталған.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиеваның айтуынша, парасаттылықты, адалдықты насихаттап, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін өскелең ұрпаққа ең алдымен, парасатты тәрбие беру керек.

Мұндай тәрбиені зиялы қауым арқылы жүргіземіз. Бұл жалғыз мемлекеттік органның жұмысы емес.  Дәл осы адалдық, парасаттылық төңірегінде айтылатын әңгімелерді жазып алып қалуымыз керек. Кітапхана парасаттылықтың ордасы болғандықтан, осындай орталық ашуға бел будық. Орталықтың атауын дәл осылай қою да тегіннен емес. Парасат жолы деген сөзде үлкендер жастарға жол көрсетсін деген мән жатыр. Бұл жерде қоғамдық кездесулер, әрбір мемлекеттік органның қызметкерлерін шақырып, сұхбат жүргізілу керек, — деді ол.

Жазира Жақсылыққызы бұл орталық ғалымдар, ақындар, жазушылар жиналатын орталық болатынын айтады.

Әрбір жұмыстың өз орны болуы керек. Әр шараны әр жерде өткізгеннен жүйе болмайды. Жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін тек жазалау шарасын қолдануға болмайды. Түсіндіру жұмыстары да тұрақты жүргізіліп тұруы шарт. Біз әдетте, өткен ғасырлардағы бабалар еңбегіне Абайға, әл-Фараби сынды ғұламаларға жүгінеміз. Ол дұрыс. Алайда, көзі тірі жанымызда жүрген сөзі өтімді, өз еңбегімен, талантымен танылған азаматтар да баршылық. Тәрбиелі, парасатты адам қылмысқа бармайды. Оған ары жібермейді. Сол арқылы қылмыстың көрсеткішін төмендетіп, жалпы болдырмау керек, — дейді ол.

Ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтарды насихаттауды жұртшылықпен бірге жүргізу керектігін алға тарқан Жазира Жылқышиева:

Адам бойындағы парасаттылық арқылы жемқорлыққа қарсы мінез-құлықтың үлгісін қалыптастыру – агенттіктің басты ұстанымы. Ал мұндай игі іске елімізге белгілі тұлғалар, зиялы қауым, дін өкілдері, өз ортасына сыйлы азаматтарды тарту арқылы қол жеткіземіз. Көпшілікке ізгілік, адалдық пен адамгершілік сияқты ұлттық құндылықтарды насихаттау өз жемісін берері сөзсіз, — деді.

Жиын барысында «Парасат жолы» республикалық орталығының жетекшісі Сәдібек Түгел жастарға жемқорлықтың түбі жақсы болмайтынын айтып, пейілдің адалдығы мен  жүректің тазалығы жайында сөз өрбітті.

Жемқорлық — елді тонау, Отанды сату. Онымен күресу үшін жастардың рөлі зор. Әр жас жаман пиғылдан арылатын болса, болашағымыз баянды болмақ, — деді Сәдібек Түгел.

Өз кезегінде орталық жетекшісі Сәдібек Түгел жемқорлықпен күрес жолында атқарылып жатқан ауқымды іс-шаралар мен жобалар жайлы баяндап, қатысушыларды қоғамдық кеселмен бірге күресуге шақырды.

Жиында университет ғалымдары Абат Пангереев, Нұрбол Сәдуақас, Үмбетқан Сәрсембиндер сөз сөйлеп, өзекті мәселелерді ортаға салды.  Кездесуге қатысқан ғалымдар бүгінде ашық орталықтар ел игілігі үшін игі идеялар мен бастамалардың тартылыс нүктелеріне айналатынына зор үміт білдірді. Сондай-ақ, келелі басқосуда адалдық, парасаттылық, ізгілік, даналық, әділдік, қамқорлық, қайырымдылық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөнінде келелі мәселелер қозғалды. Сонымен қатар ағымдағы жылы «Парасат жолы» орталығының негізгі бағыт-бағдары айқындалып, нақты қадамдар баяндалды.

Жиынды қорытындылаған Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет сыбайлас жемқорлықтың қоғам үшін ең өзекті мәселе екенін атап өтіп, өңірде сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға жіті тоқталды.

Шара соңында қатысушылар қонақтарға  бірнеше сұрақтар қойып, тұшымды жауаптар алды.

Алдағы уақытта, аталған орталықта сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық-ағартушылық штаб, жазушылар, ақындар, ғылым мен білім қайраткерлерінің, белсенді қоғам мүшелерінің қатысуымен көптеген шаралар өткізілетін болады.