Суббота, Апрель 27, 2024
Басты > Жаңалықтар > Cпортты дамытудың заманауи мәселелері талқыланды

Cпортты дамытудың заманауи мәселелері талқыланды

Бүгін Жұбанов университетінде «Дене мәдениеті және спортты дамытудың заманауи мәселелері» VI халықаралық  ғылыми-практикалық конференциясы басталды.

Конференцияға жаттықтырушылар, оқытушылар,  магистранттар, докторанттар мен студенттер қатысты.  Сондай-ақ, жиында  Быдгощ қаласындағы (Польша) Экономика университетінің, Орынбор мемлекеттік педагогикалық университетінің, Челябі мемлекеттік университетінің, Сібір мемлекеттік дене шынықтыру және спорт университетінің, Алтай мемлекеттік университетінің, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау  мемлекеттік университетінің, Қазақ спорт және туризм академиясының, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің өкілдері бас қосты.

Конференция дене шынықтыру мен спорттың заманауи  мәселелері бойынша ғылыми зерттеулер саласындағы бірлескен бағыттарды іздестіру және тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазіргі кезеңде дене шынықтыру сабақтарында және спортшыларды дайындауда оқу-жаттығу процесінде инновациялық технологияларды белсенді енгізу қажет. Сондықтан мұндай шаралар мұғалімдер мен жаттықтырушылар үшін тәжірибе алмасу және ғылыми-зерттеулер саласындағы бірлескен бағыттармен жұмыс жасауда үлкен  маңызға ие.

Конференцияның екі күнге созылып, секциялық жұмыстармен жалғасады. Сонымен қатар дене шынықтыру және спорт мәселелері төңірегінде пікірталас клубы өткізіледі. Халықаралық жиын соңында  практиктер мен оқытушыларға арналған  әдістемелік нұсқаулар жасалады.

Айта кетейік, ғылыми шара  Орынбор мемлекеттік педагогикалық университетімен бірлесе, Ақтөбе облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының, Ақтөбе облыстық білім басқармасының қолдауымен жүзеге асып отыр.