Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жастар саясаты > Үздіктер марапатталды

Үздіктер марапатталды

Жұбанов университетінің тарихында алғаш рет ашылған «Zhubanov volleyball league» ойыны 2021 жылдың ақпан-сәуір айлары аралығында  ұйымдастырылған болатын.

Жаратылыстану факультетінің бастамасымен өткізілген шара салауатты өмір салтын насихаттап, жас волейболшылардың шеберлігін шыңдау және  бұқаралық спортты дамытуға бағытталды. Жарыс 11 команданың қатысуымен өткізілді.

«Zhubanov volleyball» лигасында бақ сынаған он бір  команданың арасындағы ойын өте тартысты, әрі қызықты өтті. Сондай-ақ командалар арасында жыл сайын республика, облыс көлеміндегі волейбол ойынына тұрақты қатысып жүрген тәжірбиелі ойыншылар бақ сынасты.

Лиганың әр турында шеберлігімен көзге түскен команда ойыншылары факультет декандары атынан «Үздік ойыншы» номинациясымен марапатталды.

Жастардың спортқа қызығушылығы мектеп қабырғасынан басталып, жоғары оқу орнында жалғасын табатыны шындық. Өңірдегі іргелі оқу орны Жұбанов университеті спорт саңлақтарын тәрбиелеуде үлкен рөл атқарады. Өз кезегінде басқарма төрағасы Рахым Бекназаров университетте студенттік спортты дамыту туралы ой қозғап, оқу орнында салауатты өмір салтын насихаттауға және спорт түрлерін дамытуға үлкен мән берілетіндігін ерекше атап өтті.

«Zhubanov volleyball league» ойынының нәтижесінде  жүлделі үшінші орынды экономика және құқық факультетінің  «Lеgion VK» командасы иеленсе, екінші орынға Жоғары колледждің «Alash» командасы орнықты. Ал, жеңіс тұғырынан көрінген кәсіби-шығармашылық факультетінің «PTF- EMPIRE» командасы жүлделі бірінші орынға ие болды.

Марапаттау рәсімінде лига ұйымдастырушыларына және қатысқан командаларға университет ректорының Алғыс хаттары табысталса,  жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен, дипломдармен, медальдармен марапатталды.

Сонымен қатар салтанатты шарада үздіктерге  «Үздік ойыншы», «Үздік үйлестіруші», «Үздік шабуылшы», «Үздік қорғаушы» номинациялары табысталды.

Салтанатты шара соңында  университеттің әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің директоры Қарылғаш Сатыбалдина мен «Дене шынықтыру және спорт» кафедрасының аға оқытушысы Әбілғазиз Құлмағамбетов  спортты дамытуға үлес қосқан ұйымдастырушыларға алғысын жеткізіп, қатысушыларға жеңіс пен сәттілік тіледі.