Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жастар саясаты > Белсенді жастар марапатталды

Белсенді жастар марапатталды

Бүгін Жұбанов университетінде Мемлекеттік рәміздер күні мен  Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында белсенді студенттерді  марапаттау салтанаты өтті.

Марапаттау шарасы спортта, оқуда, қоғамдық шараларда белсенділік танытып, университет намысын ту еткен үздік студенттерді марапаттау, облыстың саяси-қоғамдық, мәдени өміріне етене араласып, қол жеткізген жетістіктерін өзгелерге үлгі ету мақсатында ұйымдастырылды.

Жиынды құттықтау сөзімен ашқан университет ректорының міндетін атқарушы, профессор  Рахым Бекназаров  оқу орнында  оқимын деген жастарға қамқорлықтың жылма-жыл күшейтіліп жатқаны жөнінде пікірін білдіріп, үздік үлгерімі  көзге түскен, университеттің қоғамдық өміріне белсене араласқан жастарды марапаттады.

Студенттерді қолдау Жұбанов университеті стратегиясының маңызды бөлігі болып табылады. Айта кетейік, аталған білім ордасында жастарды әлеуметтік қорғау мақсатында бірқатар жобалар іске асырылуда.  Білім ордасында оқу ақысына жеңілдіктер беру ережесі де бекітілген. Атап айтқанда, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың оқу ақысына жүз пайыз,  көп балалы отбасынан шыққан үздік студенттерге елу пайыз жеңілдіктер беріледі.

Жұбанов университетінде атаулы стипендияларды беру дәстүрге айналған. Сол арқылы оқуда озат, талантты, сонымен бірге ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі, көпбалалы және аз қамтылған отбасынан шыққан жастарға қолдау шаралары әлі де жалғасуда. Бүгін де сол дәстүрдің жалғасы ретінде  университеттің 14 белсенді студенті бір айлық өсімсіз стипендия көлемінде бір реттік сыйақыға ие болды.

Сонымен қатар оқуда, спортта немесе шығармашылықта жетістіктері бар білім алушылар Қ.Жұбанов атындағы білім грантына немесе атаулы шәкіртақыларға  үміткер бола алады.  Мұнымен қоса, кәсіби-шығармашылық факультетінің  мұқтаж студенттеріне мәдениет және қоғам қайраткерлері, меценаттар мен ірі компаниялардың өкілдері үнемі қаржылай көмек көрсетеді.   Ал, аз қамтылған отбасылардың студенттеріне жыл сайын «Қолдау» стипендиясы тағайындалады.

Биылғы оқу жылында аталған факультеттің 15 студентіне осындай қаржылай көмек көрсетілді. Осы жылдың көктем айында спорт шебері, грек-рим күресінен Қазақстан чемпионатының жеңімпазы, «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының 1 курс студенті  Дәулет Жалғасов пен   спорт шебері, еркін күрестен Қазақстан Республикасы чемпионатының жеңімпазы, «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының 2 курс студенті Мейрамбек Қартбай оқу ақысына 100 пайыз  жеңілдікке ие болса, Қазақстан чемпионатында жауынгерлік самбодан 1 орын алған «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының 3 курс студенті Арман Тұрымбетов  оқу ақысын жартысын төлеуге мүмкіндік алды. Сондай-ақ, аталған факультеттің 6 студентіне 90 мың теңге көлемінде жеңілдіктер табысталды.

Марапат соңында басқарма төрағасы Р.Бекназаров  стипендияға ие болған жастарды бұл жеңістерімен тағы да құттықтап, алдағы өмір жолында сәтті сапарлар тіледі.

Жиынға студенттік парламенттің құрамындағы республикалық, қалалық, облыстық шараларға қатысып жүрген КВН лигасының,  «Zhubanov League» шағын футбол лигасының, «Midmar Community» студенттік клубының,  «Заман біздікі» интеллектуалды элиталар одағының,  АртХаус студенттік клубының, Бигфэм би клубының және «Zhubanov Cinema» кинозалының белсенді жастары қатысты.