Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде зерттеулер жүргізіп келді

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде зерттеулер жүргізіп келді

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Президенттің тапсырмасы бойынша құрылған комиссия мүшелері нәтижелі жұмыстар атқаруда. Ақтөбе облысы бойынша құрылған комиссия мүшелерінің бірі Жұбанов университетінің Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасы меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Үмбетхан Сәрсембин  Ырғыз ауданына барып, бірқатар зерттеулер жүргізіп келді.

Үмбетхан Қуандықұлы зерттеуді Құмтоғай, Қызылжар ауылдық округтерінен, Ырғыз ауылындағы тарихи оқиғалар өткен жерлерден бастады. Зұлмат заман құрбандары жерленген орындарда болды. Сонымен бірге Үмбетхан Қуандықұлы аудандық орталық кітапханада аудандық музей және архив қызметкерлерімен, тарих пәнінің мұғалімдерімен кездесті. Кездесуде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтаудың маңыздылығы айтылып, оларды ортақ іске атсалысуға шақырды.

Бұдан кейін зерттеуші ғалым ауыл ақсақалдарымен жүздесіп, қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндап, бұл істегі аға ұрпақтың рөлі жайлы сөз қозғады. Ардагерлер де  тарихта болған жайттар, Ырғыз жеріндегі өздері білетін оқиғалар жөнінде  естеліктерін ортаға салды.