Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Саяттың сыйы — Әлем кубогы

Саяттың сыйы — Әлем кубогы

Ақтөбелік жастар кикбокстен  Будапештте өткен Әлем кубогында топ жарды.  Спорттың бұл түрінен 71 келі салмақта өнер көрсеткен Саят Күншашов әлем кубогын алса, ауыр салмақта сынға түскен Әділет Алдабергенов 2-орынды жеңіп алды.

Әлемнің 46 елінен жиналған спортшылар арасында жеңіске жеткен жерлестеріміз бұған дейін де өз салмақтарының чемпиондары болып келген болатын. Екеуі де мектепті биыл бітіріп, Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университетінің денешынықтыру және спорт факултетіне түсті. Ұлттық құрамаға енген олар спорт шеберлері.  Әлем кубогын иеленген Саят 9 жасынан бастап боксқа қатысты. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ көзге түсіп, Ақтөбе қаласының 6 дүркін, облыстың 4 дүркін чемпионы болды. Одан кейін республикалық, халықаралық турнирлердің жүлделерін еншіледі.  2015 жылдан бастап кикбокске ауысқан Саят — Қазақстанның 3 дүркін чемпионы.  Жастайынан спортқа баулыған алғашқы бапкері Бауыржан Едігеновтің спортзалдағы сабағы мықты болды. Одан кейінгі жаттықтырушысы Болат Арынғазиев Саятты әбден шынықтырды. Қазіргі жаттықтырушылары Ғалымжан Мырзағалиев пен Серік Нұржан жастарға үміт артып, кикбокстың қыр-сырын үйретті.

— Жігіттер еңбекті ақтады. Екеуі де салмақты, ұстамды, еңбекқор. Бірге жаттықты. Спортзалдан шықпай, тыңғылықты дайындалды. Жеңіп келеміз деп айтқан сөздерінде тұрды. Бұл — облыс спорты үшін үлкен жетістік, — дейді жаттықтырушысы Серік Нұржан.

 

С.ЖҰБАНҒАЗИН

 

/aqtobegazeti.kz/