Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ұлттық ойынды бағалаушылар Ақтөбеге жиналды

Ұлттық ойынды бағалаушылар Ақтөбеге жиналды

Бүгін Жұбанов университетінде тоғызқұмалақтан Азия чемпионатының ашылу салтанаты өтті.

Мұндай деңгейдегі ойындар Ақтөбеде алғашқы рет ұйымдастырылып отыр. Ересектер, жастар және жасөспірімдер арасындағы жарысқа Қазақстан, Ресей, Түркия, Қытай, Моңғолия, Ауғанстан, Түркіменстан, Үндістан және т.б. қоса алғанда, 12 елден 180-нен астам адам қатысады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ойыншылардың бір бөлігі онлайн-режимде қатыса алады.

Қазақстан ұлттық құрамасының сапында ел намысын 24 ақтөбелік қорғайды. Оның ішінде Жұбанов университетінің кәсіби-шығармашылық факультетінің оқытушысы Азамат Қайдаров бар.

Чемпионаттың ашылу салтанатында Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова мен Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Асылхан Сәкей қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтады. Сонымен қатар, жуырда облыстық тоғызқұмалақ федерациясының президенті болып тағайындалған Жұбанов университеті Басқарма төрағасы-ректор Лаура Қарабасова спортшыларға қошемет көрсетті. Университет басшысы  интеллектуалды спорт түрін қолдау мен дамытудың маңыздылығын атап өтіп, ұлттық ойынды бағалаушыларға сәттілік тіледі.