Четверг, Май 2, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Азия чемпионатында жерлестеріміз үздік шықты

Азия чемпионатында жерлестеріміз үздік шықты

Кеше Ақтөбе қаласында тоғызқұмалақтан V Азия чемпионатының жабылу рәсімі өтті. 12 елдің спортшысы қатысқан дүбірлі дода біздің өңірде тұңғыш рет ұйымдастырылған болатын.

Зияткерлік ойын бойынша байрақты бәсеке ересектер, жастар және жасөспірімдер арасында өткізілді. Оған 12 елден, атап айтсақ, Қазақстан,Түркия, Өзбекстан, Ресей, Үндістан, Ауғанстан, Бангладеш, Қырғызстан, Қытай, Пәкістан, Моңғолия, Түрікменстанның тоғызқұмалақшылары қатысты. Соның ішінде жаһандық жарыстың классикалық түріне 40 спортшы, блицке 40 спортшы жолдама арқылы және рапид түріне жалпы саны 150-ге жуық спортшыбақ пен бабын ортаға салды. Олардың кейбіреулері онлайн режимде атсалысқанын айта кету керек.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғимаратында өткен жабылу салтанатында Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменов, облыстық тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Сабыржан Мұхтаров құттықтау сөз сөйлеп, жеңімпаздарды марапаттады.

— Ең алдымен, баршаңызды алғаш рет Ақтөбе төрінде өткен тоғызқұмалақтанАзия чемпионатының сәтті аяқталуымен құттықтағым келеді. 12 мемлекеттің 200-ден астам ойыншысының арасынан үздіктер іріктеліп, міне, соны қорытындылап тұрған жайымыз бар. Бір айтарым, мұнда жеңілген ешкім жоқ. Өйткені ұтатын — біздің ұлттық мұрамыз, мәдениетіміз, ұрпақтар сабақтастығы. Біздің ұлтымыздың, Орталық Азияның барлық ойшылдары тоғызқұмалақ ойнап, келер ұрпаққа оны аманаттаған. Бұның жастардың бойындағы тапқырлық, ыждаһаттылық, жүйелі ойлауды қалыптастыратын сайыс екенін ескеру керек. Ұлы Абайдың тоғызқұмалақ ойнап қана қоймай, соның мектебін қалыптастыруға атсалысқаны сондықтан.

Осылай ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, ұлықтай берейік. Ұлттық ойындарымыз дами берсін! Және осы чемпионаттың басы-қасында жүргендерге алғысымды білдіргім келеді, — деді Әлихан Байменов.

Сайыстың қорытындысы бойынша «Классика» номинациясында Азамат Қайдаров (Қазақстан) пен Құндыз Есіркеп (Қазақстан) алтын медальге ие болса, «Рапид» номинациясында Нұрбек Қабиев (Қазақстан) пен Диана Кенина (Қазақстан) үздік шықты. «Блиц» номинациясында да жерлестеріміз — Жарасхан Сағынбаев пен Аңсаған Қожанәсіп жеңімпаздардың сапынан көрінді. Сондай-ақ облыс әкімдігі атынан ерлер арасында «Ең үздік шетелдік ойыншы» номинациясына Розыгулы Маликулыев (Түрікменстан) лайық деп танылса, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы атынан әйелдер арасында «Ең үздік шетелдік ойыншы» номинациясын Бағила Нұржанова (Өзбекстан) иемденді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар, дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

Айта кетейік, чемпионатқа 24 ақтөбелік тоғызқұмалақшы қатысқан еді. Олардың арасынан Нұрбек Қабиев, Азамат Қайдаров, Диана Кенина, Мөлдір Серікқызы, Гүлжанат Алдабергенова, Алмас Тілегенов, Аманбек Өндірбаевтар жақсы нәтиже көрсетті.

 

Айбек СЕРІКҰЛЫ

/aqtobegazeti.kz/