Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Сары ишан және оның заманы

Сары ишан және оның заманы

Қазақтың қатпарлы тарихы рухы биік тұлғаларға бай. Өкінішке қарай, сол тұлғаларды кейінгі ұрпаққа үлгі етіп, аңыз қылып айтып отыратын көкірегі сыр сандық қариялардың қатары күннен-күнге азайып барады.

Есімдері мұрағатта қатталмаса да, ел жадынан өшпеген асылдарымыздың қатарында халықтың рухани кемелденуіне өлшеусіз үлес қосқан діни тұлғалар да бар. Адам сапасының жоғары болуының, қоғамның азғындық дертіне шалдықпауының түп негізі —  имандылық. Мұрағаттан табылған деректерге сүйенсек, патша билігі қазақтың ұлттық құндылықтарын жоюғабағытталған саясатты үздіксіз, табанды түрде жүргізгенімен, ұлттың ділі мен дінін толығымен әлсірете алмаған. Себебі қоғамда ұлт зиялыларының дәстүрі берік орныққан еді. Қазақтың зиялылары халыққа жақын болды. Тұлғалар институты күштеп жойылғанымен, оның ағартушылық өрісі өшпей, сақталып қалды. Соның нәтижесінде қазақ зиялыларының жаңа буыны қалыптасып, алаш зиялылары деген атаумен тарихта қалды.

Ал большевиктербилік басына келгеннен кейін қазақ қоғамындағы тұлғалар институтын түгелдей, түп-тамырымен жоюға кірісті. «Қызылдар» ұлт тұлғаларының мектебі сақталған жерде коммунистік идеологияның тамыр жая алмайтынын, төл мәдениетінен ажырамаған халықтыжат саясаттың құрығына іліктіру қиын болатынын білді. Сондықтан большевиктер ұлт қаймағын біржола жойып жіберуге барынша күш салды.

Дін өкілдерін қудалау 1920 жылданбасталды. Бастапқыда мешіттер мен медреселерді «тіркелмеген» деген сылтаумен қысымға алды.

Өткен ғасырдың басында, яғни кеңес өкіметі орныққан тұста біздің облыс аумағында жүзден астам мешіт-медреселер болған. Олардың барлығының жанында елді асырайтын үлкен шаруашылықтар жұмыс жасаған.Қазіргі күні анықталған кейбір мешіттің орындарына мән бере қарасақ, діни қайраткерлердің елдің тұрмыс қалпын сақтаған, шаруашылықтың шайқалмауына, жұрттың күйзелмеуіне қызмет еткен кісілер екенін көреміз.Солардың бірі, бірі ғана емес, бірегейі Сары ишан еді. Өткен ғасырдың 30-жылдарындаол да сталиндік саясаттың қудалауына ұшыраған. Ырғыз ауданындағы Ыскөл маңында Сары ишанныңмешітінің орны бар, бірақ әлі күнге дейін зерттелмеген.

Сары ишанХІХ ғасырдың аяғында Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи медресесінен білім алып, сол жақтан Ырғыз өңіріне арнайы жіберілгенекен. Бұхарадада болып, білім алған.Ал Ыскөлдегі мешіті 1880жылдары салынған. 1926 жылға дейін, яғнижарты ғасырға жуық уақыт сол жерде бала оқытқан, басқа да ағартушылық істермен айналысқан.

Ырғыз бен Торғай — Кенесары ханныңтұсында да халықтың күш біріктіріп, патша саясатына қарсы күрескен жері. Патша өкіметі бекіністер салып, армиясын күшейткеніне қарамастан, халықтың озбыр саясатқа деген қарсылығы сол кезден сақталып,ұлт-азаттық сипаттағы көтерілістер бірінен соң біріне ұласып отырды. Осындай аймақта елге сыйлыәулие кісілердің қазақ балаларына оқу-білім үйретуінің өзінің астарында үлкен ұлттық мұраттар тұрғанын түсіну қиын емес. Осы себептен болар, 1926 жылы Ырғыз, Торғай өңірлеріндегі мешіттерді жабуға қатысты қатаң тапсырмалар берілген. Мәселен,1926 жылдың 10сәуірінде әкімшілік бөлім бастығынан Торғайдағы жергілікті милиция бастығына құпия түрде мешіттер мен медреселерді жабуға қатысты хат жолданған.(Бұл құжат жөніндегі мәлімет облыстық мемлекеттік архивтің 4-қорында сақтаулы.)

Ал 1937жылы 22қаңтарда өткен Қазақ өлкелік БК(б)П комитетінің VІІ пленумының қаулысында партия жауларына қарсы күресті күшейту мәселесі қайта-қайта айтылған. Соның ішінде, әcіpece Қызылорда облысының Қазалы, Оңтүстік Қазақстан облысының Шаян аудандарын, Батыс Қазақстан облысының Орда, Жымпейті аудандарын, Шығыс Қазақстан облысының Бесқарағай, Жарма, Ұлан аудандары мен Ақтөбе облысының  Ырғыз ауданын қазақ ұлтшылдығының, ұлтшыл ұйымдардың ордасы ретінде көрсетіп, оларға қарсы күресті күшейту қажеттігі басаайтылған.Әрине, бұл тегіннен-тегін емес еді.

Сары ишан — ел арасында үлкен беделге ие болған адам. Ол кісінің шын есімі Қожахмет болған. Жоғарыда айтқанымыздай, олЫскөлде халыққа білім берумен қатар, үлкен шаруашылықта ұстаған. Қариялардың айтуынша, ол кезде бұл жерлердің де табиғаты басқаша болған. Ыскөл, Пішенкөл, Мантай, Қалыбай секілді жерлерде қар қалың түсіп, жауынның мол болатыны сондай, көктем ғана емес, жазда да көлдердің айдыны ортаймайды екен. Айналасына қамыс, құрақ өскендіктен, бұл жерлерге үйрек, торыала қазмолынан ұялаған. Ашаршылықтан кейінгі жылдары, тіпті50-жылдарға дейін сол маңдағы ауылдардың балалары шілде, тамыз айларында ұша алмай, мамырлап жүрген үйректің балапанын ұстап, алауыл адамдары көлдің байлығын(малдан айырылған кездер ғой) азық қылған.

Сары ишанның өзі салдырған мешіті мен медресесі 20-жылдардың екінші жартысындакүштеп жабылған соң ол кісініңмал-мүлкі де тәркіленген. Осындай қысымнан кейін Сары ишан отбасымен бірге Қарақалпақстанға қоныс аударған екен. Алайда 1933 жылы отбасымен елге қайтып келіп, бір жылдан соң қайтыс болады. Қайтыс боларының алдында балаларына Қарабұтақтағы Шаңғытбай қажының қасына жерлеуді өсиет еткен. Ал Шаңғытбай қажы Сары ишаннан бір жыл бұрын қайтыс болған. Сары ишанның баласы Әбдіғани 1937 жылдың зұлматына ілікті. Ол да білімді кісі болыпты.

Мешітті тартып алғаннан кейін, жоғарыдан келген тапсырма бойынша, колхоз басшылары оның ішіне мал қаматқан. Сол кездің әңгімесін естіген кісілердің айтуынша, «кешкілік байланған мал таңертең сол байланған күйі ұйықтап қалғандай болып, өліп жатады екен». Осыдан кейін кеңес үкіметі мешітті бұздырып, материалдарын түгелдей құрылыс жұмыстарына беріп жіберген. Мешіттерді шаруашылыққа пайдалану немесе құрылыс материалы ретінде бұзып алу оқиғалары ол кезде қазақ ауылдарының бәрінде болған.

Барлық материалдары кезінде тасып әкетілгендіктен болар, Ыскөлдегі діни ғимараттардың орнында үйінді жоқ. Тек қаланған тастың ең бірінші қатары ғана топырақтың астында қалыпты.

Қазір мешіттің орнын құм басқан. Оның үстіне осымаңға кешеге дейін мал қамалып келген. Мешіттің орнын қарағанымызда ғимаратта үш бөлмеболғанын көрдік. Ұзындығы шамамен16 метр, ені — 12 метр. Екі үлкен бөлме қатар тұр және, азан шақыратын жерболуы керек, тағы бір шағын бөлменің орныбар. Мешіттің қабырғасытөрт қатар кірпіштен қаланған. Сырт көзге кірпіштеркөк түсті саз балшыққа ұсайды. Бірақ, әлі күнге дейін сақталғанына қарағанда, оның құрамында басқа заттардың қосындысы болуы да мүмкін.

Мешіттен 20-30 метрдей, көлге жақын жерде тағы бір ғимараттың орны байқалады. Көлемі мешітке қарағанда үлкен, біраз бөлігін құм басып кеткен. Бұл ғимаратта шағын-шағын бөлмелердің ізі бар. Одан бөлек мешіттен 300 метрдей жерде ескі қорым бар. Мұнда шамамен 7-8 адам жерленген. Бұл жерді де мал тұяғыныңбасқаны көрінеді. Бірақ бейіттердің орны сақталған. Сары ишанның 1893 жылы туған баласы Мұхамбетәлі осы қорымда жерленген екен.Қорымның жанына 1937 жылғы репрессия құрбаны Әбдіғани Қожахметұлына дабелгі қойылған. Екі белгіні де 1993 жылы Сары ишан ұрпақтары қойған.

Кезінде елге аянбай қызмет еткен тұлғаның ізі қалған бұл орынды сақтау, киелі жер ретінде дәріптеу — бүгінгі ұрпақтың борышы. Мешіт пен медресенің орны, сонымен қатар осы маңдағы қорым айналасы қоршалып, мемлекеттік қорғауға алынуға тиіс. Бұл маңның үлкен тарихи жер болғаны сезіледі. Өйткені құм астынан қыш құмыралардың сынықтары да шығып жатты. Сірә, ХХ ғасырдағы қысылтаяңдарда мұнда ата-бабалардың тұтынған бұйымдары, жан-жақтан әкелген кітаптары, т.б. жәдігерлер жасырылып, көмілсе керек.

Қуғын-сүргінде қудаланған азаматтардың арасында Сары ишансекілді тарихи тұлғалар бар. Біз сол тарихи тұлғаларды дәріптеп қана қоймай, оларға қатысты жерлерге, мысалы, мешіт-медреселердің, байлардың отырған қыстауларының орындарына, сондай-ақ аштық, репрессия кезінде құрбандар жерленген жерлерге де көңіл бөліп, белгілер қойып, қастерлеуге тиіспіз.

Үмбетқан СӘРСЕМБИН,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі,философия ғылымдарының кандидаты.

/aqtobegazeti.kz/